Жақсылық жасау – жүректің таңдауы

Қыр 3, 2026

Қайырымдылық — адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Ол тек мұқтаж жанға көмек көрсету емес, айналаңа жылулық сыйлап, өзіңнен кейін жақсы із қалдыру. Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі адамға зор демеу болады. Ал шын жүректен жасалған кішкентай жақсылық біреудің өмірінде ұмытылмас сәтке айналуы мүмкін. Осындай ізгілік жолын таңдаған жастардың бірі –
Павлодар қаласындағы Жоғары Инновациялық Еуразия коллед-жінің студенті Інжу Әлібекқызы.

Інжу волонтерлікпен 2024 жылдан бастап айналысып келеді. Оның бұл бағытқа қызығушылығы колледждегі белсенді жастардың игі істерін көруден басталған. Олардың адамдарға көмектесуге деген шынайы ықыласы мен белсенділігі Інжуге ерекше әсер қалдырған. Өзгелерге пайдасын тигізіп жүрген жастарды көріп, ол да қоғамға өз үлесін қосуға шешім қабылдаған. Осылайша волонтерлік оның өміріндегі маңызды бағыттардың біріне айналды.

Волонтерлік жолында Інжудің жүрегінде ерекше сақталған сәттер аз емес. Соның бірі — Жаңа жыл мерекесі кезінде балалар үйіне барған кезі. Еріктілер балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, бірге ән айтып, түрлі ойын ұйымдастырып, олардың қуанышына ортақтасқан.

— Мен үшін біреуге көмектесу — жылулықпен тең сезім. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Әр адам бұл сезімді әртүрлі қабылдайды. Ал менің жағдайымда бұл эмоциялар мені шабыттандырады, — дейді ол.

Волонтерлік Інжуге көптеген өмірлік тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Түрлі ортада әртүрлі адаммен қарым-қатынас жасау арқылы ол адамның жағдайын түсінуді, өзгелердің мәселесіне бейжай қарамауды және кез келген жағдайда сабыр сақтауды үйренген. Оның айтуынша, волонтерлік адамға өмірге басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Кейде біз өзіміздің күнделікті мәселелерімізге алаңдап жүргенде, жанымызда көмекке мұқтаж адамдардың бар екенін байқамай қалуымыз мүмкін. Ал волонтерлік сол адамдарды көріп, олардың жағдайын түсінуге және қолымыздан келгенше көмек көрсетуге үйретеді.

Інжу волонтерлікті таңдаған жастардың алдында зор мүмкіндіктер ашылатынына сенеді. Адамдарға көмектесу арқылы олар өз ортасын кеңейтіп қана қоймай, жаңа білім алып, тәжірибе жинақтап, болашақтарына қажетті маңызды дағдыларды қалыптастыра алады. Бірақ волонтерліктің  басты құнды-лығы — қандай да бір жетістікке жету емес, өзіңнен басқа адамның өміріне аз да болса жылулық сыйлау.

Айдана БОРАНБАЕВА.