Оқушы қауіпсіздігі қалай қадағалануда?

Қыр 3, 2026

Жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың қауіпсіздігіне қатысты бақылау күшейтілетіні сөзсіз. Осыған орай елімізде арнайы акция ұйымдастырылып, мектеп маңындағы жол қозғалысы, жаяу жүргіншілер өткелдері, жол белгілері мен бейнебақылау камералары жіті тексерілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар аймағымызда қалай жүргізілуде? Кеткен кемшіліктер бар ма және оны түзету мәселесі қалай шешілуде? Осы және өзге де сұрақтарымызға Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Арай Төлемісова жауап береді.

– Жаңа оқу жылының басталуына орай елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы басталды. Аталған шара аясында аймағымызда қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Иә, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән берілуде. Осы мақсатта ұйымдастырылып жатқан «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыс аумағында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соларға тоқталар болсақ, бірінші кезекте мектептерге іргелес аумақтардағы жол қозғалысы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр. Яғни, жаяу жүргіншілер өткелдері, жол белгілері мен жол таңбаларының жай-күйі тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, білім ордаларының маңында патрульдік бақылау күшейтіліп, балалардың қауіпсіз маршрутпен мектепке келіп-кетуіне мүмкіндік жасалуда. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері ата-аналармен, педагогтармен және оқушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу ісімен айналысып жатқанын да айта кеткен жөн.

– Шыны керек, қыркүйек айының басында балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілетінін байқаймыз. Негізі, бұл бағыттағы бақылау жұмыстары қанша уақытқа дейін жалғасады? 

– Балалардың қауіпсіздігі тек оқу жылының алғашқы күндерімен ғана шектелмейді. «Назар аударыңыз, балалар!» іс-шарасы барысында күшейтілген бақылау ұйымдастырылып, оның нәтижелері бойынша профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жалғасатын болады. Әрине, оқу жылының алғашқы кезеңінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, балалардың жолдағы қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға және жүргізушілердің мектеп маңындағы жол қозғалысы ережелерін сақтауына көбірек басымдық беріледі. Бұл бағыттағы жұмыстарды ешқашан ысырып қоймаймыз, яғни жеткіншектердің қауіпсіздігі мәселесін үнемі назарымызда ұстаймыз.

– Облыс полициялары тарапынан мектептердің маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдері, жол жүру белгілері мен таңбалары тексерілетінін айттыңыз. Биыл қандай бұзушылықтар тіркелді?

– Полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарының маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдері, жол белгілері мен жол таңбаларының жағдайын үнемі бақылап отырады. Тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жою мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен жауапты мекемелерге ұсыныстар жіберіледі. Мәселен, осы жылы облысқа қарасты қалалар мен аудандардағы мектептер маңындағы жол қауіпсіздігі бойынша
91 нұсқама берілді. Оның басым бөлігі бағдаршамдардың дұрыс жұмыс істемеуі, жол белгілерінің ескіруіне қатысты екенін атап өткен жөн. Жалпы, біздің тарапымыздан жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың мектепке баратын жолындағы барлық қауіп факторларын азайтуға бағытталған тиісті жұмыстар үздіксіз жалғасуда.

– Мектеп маңындағы камералар барлық қауіпті учаскелерді бақылауға жеткі-лікті ме? Камера бар, бірақ ол істемей тұрған жағдайлар қаншалықты жиі кездеседі?

– Бейнебақылау жүйелері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды құралдардың бірі болып табылады. Сондықтан білім беру ұйымдарына қойылған камералардың техникалық тұрғыдан жарамды әрі тұрақты жұмыс істеуі өте маңызды рөл атқарады. Сол үшін біз мектептер мен оларға іргелес аумақтардағы бейнебақылау камераларының қалыпты жұмыс істеп тұруын әрдайым бақылап отырамыз. Яғни, полиция қызметкерлері мектеп ішіндегі және сыртындағы камералардың дұрыс жұмыс істеуін жіті қадағалайды. Ал істен шыққан немесе техникалық ақауы бар камералардың мәселесі бойынша жауапты қызметкерлерге тиісті шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беріледі. Соған қарамастан облыс мектептерінде орын алған кемшіліктер баршылық. Айталық, аймаққа қарасты қалалар мен аудандардағы 30-ға жуық білім беру мекемесінде осындай олқылықтар тіркеліп, 1 қыркүйекке дейін барлық кемшілікті жоюға уақыт берілді. Бұл мәселе де біздің бақылауымызда болады.

– Балалар көбінесе таңертең және сабақтан кейін топ болып шығады. Осы уақытта мектеп маңында патрульдік бақылау шаралары ұйымдастырыла ма?

– Біздің басты мақсатымыз – баланың мектепке қауіпсіз барып, сабақтан кейін үйіне аман-есен оралуын қамтамасыз ету екенін атап өткім келеді. Сондықтан балалардың сабаққа келетін және үйлеріне қайтатын уақыттарында мектептің айналасын патрульдік бақылауға ерекше көңіл бөлінеді. Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін қадағалап, оқушылардың жолдан қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, көлік жүргізушілеріне жылдамдық режимін сақтау, ал жаяу жүргіншілерге жол беру және мектеп маңында абай болу қажеттігі түсіндіріледі.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.