Мектеп асханасы: тамақ талапқа сай ма?

Қыр 10, 2026

Жаңа оқу жылы басталған тұста ата-аналарды алаңдататын маңызды мәселелердің
бірі – оқушылардың ыстық тамақпен қам-тылуы.

Иә, баланың күнделікті тұтынатын асы оның денсаулығы мен оқу үлгеріміне тікелей әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Бұл ретте, аймақ мектептеріндегі ыстық тамақтың сапасы мен ас мәзірінің талапқа сәйкестігі қаншалықты қадағалануда? Сондай-ақ, тегін тамақпен қамту мәселесі қалай шешілуде? Осы және өзге де сұрақтарымызға жауап алу үшін облыстық білім беру басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Абаевамен сұхбаттасқан едік.

– Осы оқу жылында облыс оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесі қалай ұйымдастырылуда?

– Бүгінгі таңда облыс бойынша 362 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 356 мемлекеттік және 6 жекеменшік білім ошағы бар. Аталған білім ордаларында 114 мыңнан астам оқушы оқиды. Жалпы контингент саны 116 мың баланы құрайды.

Жаңа оқу жылы басталғалы өңірдегі барлық 356 мемлекеттік мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылды. Сонымен, осы жылы 49 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылатын болады. Олардың қатарында 43 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы бар. Яғни, 1–4-сынып аралығындағы шәкірттер әлеуметтік мәртебесіне қарамастан 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылады. Ал әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардағы 5–11-сынып аралығындағы 6 мыңға жуық оқушыға тегін ыстық тамақ үлестірілмек.

– Мектеп асханаларындағы тамақтың сапасы қалай қадағаланады? Сонымен қатар, ата-аналар білім беру мекемесіне тосыннан барып, балаларға беріліп жатқан тамақты тексеруге құқылы ма?

– Негізі, орта білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті және мектеп әкімшілігі өкілдерінен құралған арнайы комиссия бар. Олар білім беру ұйымындағы медициналық пунктінің медицина қызметкерінің қатысуымен тамақтану сапасына мониторинг жүргізе алады.

Айта кетерлігі, аталған комиссияның төрағасы орта білім беру ұйымының басшысы болып табылады. Сонымен қатар, тамақтануды ұйымдастыруға мониторингті 14 ведомствоаралық сараптамалық топ жүзеге асырады. Оның ішінде 1 облыстық, 13 аудандық немесе қалалық топ бар. Бұл топ тамақтану сапасына мониторинг жүргізу жөнін-дегі комиссиялардың қызметіне жүйелі түрде бақылап, оқушылардың тамақтануын тиімді ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдайды.

– Егер ата-аналар тарапынан «балаларға берілетін тамақтың сапасы төмен» деген шағымдар түссе, оны кім қарайды?

– «Сапа төмен» деген шағым түссе, оны ең алдымен мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия қарастырады. Мәселе шешілмеген жағдайда қалалық немесе аудандық білім беру бөлімдері санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарлама жіберіп, аталған мекемемен бірлесіп тексеру жүргізуді ұйымдастырады.

– Мектептегі ас мәзірін кім жасайды және кім бекітеді? Осы орайда баланың жас ерекшелі-
гіне қарай ақуыз, дәрумен, калория мөлшері нақты есептеле ме?

– Елімізде 2025 жылдан бастап орта білім беру ұйымдарында мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізілген болатын. Оны денсаулық сақтау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Қазақ тамақтану академиясы және ЮНИСЕФ бірлесіп әзірлеген. Сол стандартқа сәйкес облыстық денсаулық сақтау басқармасы перспективалық төрт апталық маусымдық мәзірді бекітеді. Жаңа стандартта балалардың жас ерекшелігіне қарай күнделікті қажетті қоректік заттардың нормасы қатаң белгіленгенін айта кеткім келеді. Сондықтан бұл мәселеге алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын.

– Облысымызда оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға қатысты қиындықтар бар ма?

– Әзірге оқушыларды ыстық тамақпен қамту бойынша қиындықтар жоқ. Оқушылардың дұрыс тамақтануын ұйымдастыру мәселесі білім беру басқармасының және санитарлық-эпидемиологилық бақылау департаментінің тұрақты бақылауында.

– Бұл бағытқа қазынадан қанша қаражат бөлінді және жеткілікті ме?

– Ағымдағы жылы мектеп оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастыру үшін қазынадан 7,2 миллиард теңге қарастырылды. Бөлінген қаражат балалардың толыққанды тамақтануына жеткілікті деп айтуға болады. Нақтырақ айта кетер болсақ, 2026-2027 оқу жылында күніне 1 оқушыға тамақтану құны – 726 теңге (1-4-сынып оқушылары үшін), ал 11-14 жас шамасындағыларға – 822 теңге, 15-18 жастағыларға – 892 теңге деп есептеліп отыр.

Салыстырмалы түрде айтар болсам, былтыр, яғни 2025-2026 оқу жылында бір оқушыға тамақтану құны
1-4- сынып үшін – 690 теңге, 11-14 жас аралығындағыларға – 784 теңге, 15-18 жастағы ересек балаларға 851 теңгеден келген екен.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.