Ерекше спартакиада

Қыр 24, 2026

Ертіс ауданында «QamqorPlus» жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған «ProStep» спорттық спартакиадасы өтті.

Бұл шараның басты мақсаты — мүмкін-дігі шектеулі азаматтардың қоғамдық өмірге, спортқа араласуына жағдай жасау. Өз күштеріне деген сенімділік пен топта бірлесе жұмыс жасау дағдыларын жақсарту.

Бұл сайысқа жеңіл мүгедектігі бар жастар қатысты. Мұнда олардың әрқайсысының жеке мүмкіндіктері мен дене ерекшеліктері ескерілді. «ProStep» сайысында ең маңыздысы — тек нәтиже емес, алға ұмтылу, өзіңе сену және команданың бір бөлігі болу.

— Әр адамның өз қабілетін көрсетуіне, өз күшіне сенімді болуына және белсенді өмірге қадам басуына мүмкіндік беру біз үшін маңызды. Осындай шаралар адамдарды біріктіріп, қолдау көрсетіп, алға ұмтылуға жігер береді, — дейді Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебінің директоры Айнагүл Әшенова.

Спартакиада қорытындысында барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.

С.ӘБДОЛ.

Ертіс ауданы