Таяуда Баянауыл ауданына Түркістаннан арнайы делегация келіп қайтты. Айтулы сапар барысында түркістандық ағайын бауырластық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде аты аңызға айналған Тайқазанның түпнұсқа макетін ауданға сыйға тартып, оның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Қасиетті Түркістаннан жеткен бұл тарихи жәдігер – ұлттық бірлік пен берекенің, екі өңір арасындағы рухани сабақтастық пен достықтың символы, дейді мамандар.
Тайқазанның Баянауыл төрінен орын алуы ауданның көркіне көрік қосып қана қоймай, ел тарихы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет етпек.
Айта кетерлігі, бұған дейін Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында қоғам қайраткері, кәсіпкер, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Марат Ізбастиннің ұйытқы болуымен Баянауылдан Түркістанға
50 түп қарағай көшеті жеткізіліп, саябаққа отырғызылған болатын.
Осылайша, қасиет қонған қос өлкенің арасындағы достық пен бауырластық өзара сыйластыққа негізделген игі істермен жалғасын табуда.
Н.АҚЫТЕГІ.
Баянауыл ауданы
