Алдағы қыс айларында аймақтағы автомобиль жолдарын қардан тазалау, көктайғақ салдарынан көлік қозғалысына келетін қауіптің алдын алу жұмыстарына дайындық шаралары қалай? Бұл мақсатқа бағытталған қаражат қайда жұмсалмақ? Қазіргі таңда қалалар мен аудандарда қандай шаруа атқарылуда? Осы және өзге де сұрақтар кеше өткен аппараттық жиында жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібінде сондай-ақ, цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өңірімізде атқарылған жұмыстар жайлы да сөз болды.
Дайындық қалай?
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында алдымен автомобиль жолдарының қысқа дайындығы пысықталды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтың айтуынша, аймақта жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға айрықша назар аударылуда. Ағымдағы жылы осы мақсатқа қазынадан 2,3 млрд теңге қарастырылған. Аталған қаражат жалпы ұзындығы 3 852 шақырымды құрайтын жолдарға, соның ішінде облыстық маңызы бар жолдарға 1,6 млрд теңге, ал аудандық маңызы бар жолдарды күту үшін 752 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, қыс мезгілінде көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолдардың қар басуының алдын алу үшін басқарма мен қала–аудан әкімдіктері 36 мердігер ұйыммен келісімшарт жасасқан.
– Бүгінде мердігерлер 10 мың тоннаға жуық көктайғаққа қарсы материал дайындады. Оның 4 870 тоннасы — облыстық, 5 мың тоннасы аудандық маңызы бар жолдарға арналған. Сондай-ақ, 658 тонна жанар-жағармай қоры әзірленді және бұл қажеттілікті 100 пайыз қамтып отыр. Қыста жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына 334 арнайы техника жұмылдырылмақ. Оның 101-і — облыстық, 233-і аудандық маңызы бар жолдарға қызмет көрсетеді, – деді басқарма басшысы. Ол сондай-ақ, қар үйінділерінің пайда болуын азайту үшін автомобиль жолдарының бойына қорғаныш қалқандар орнатылатынын да жеткізді.
Басқарма басшысы жолдарды сапалы әрі тиімді күтіп ұстау үшін үш жылдық келісімшарттар жасасудың маңызын да атап өтті. Мұндай келісімдер мердігер ұйымдарға өндірістік жұмыстарды алдын ала жоспарлауға, қажетті арнайы техникалар мен материалдарды уақытылы сатып алуға және білікті мамандарды тартуға мүмкіндік бермек. Қазіргі таңда аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау бойынша бірқатар қала мен аудан әкімдігі үш жылдық келісімшарттар жасасқан. Ал Ақсу қаласы мен Аққулы және Шарбақты аудандарының әкімдіктері келісімшарттарды бір жыл мерзімге жасаған екен. Осы орайда басқарма басшысы аталған қала–аудан әкімдіктеріне қардан қорғайтын қалқандарды дайындау және аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау үшін үш жылдық келісімшарттарға көшу керектігін ұсынды. Облыс әкімі бұл мәселені назарға алу керектігін тапсырды.
Жиында қыс мезгілінде жолда қалған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыста 186 жылыту пункті дайындалғаны да айтылды. Олардың жалпы сыйымдылығы 15 873 адамды құрайды. Бұл пункттерді ауа райы қолайсыз болған кезде автомобиль жолдарында жүрген азаматтар паналайды деп жоспарлануда.
Атап өтерлігі, қыс мезгілінде ауа райы күрт нашарлаған жағдайда облыстық төтенше жағдайлар департаменті базасында тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылып, халыққа қызмет көрсетпек. Сонымен қатар, тұрғындарды ауа райының қолайсыздығы, жолдардың жабылуы мен қайта ашылуы туралы жедел хабардар ету үшін SMS-хабарламалар және Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми ақпараттық арналар пайдаланылатын болады.
– Жалпы, облыста қысқы маусымға дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Жолдарды күтіп ұстау, қар басу қаупі бар учаскелерді азайту, арнайы техникалар мен қажетті материалдардың қорын әзірлеу, сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары басқарма, қала және аудан әкімдіктерінің тұрақты бақылауында, – деді Қанат Қашкиров. Оның айтуынша, қазіргі уақытта су өткізу құбырларын қысқы кезеңге дайындау жұмыстары жалғасуда. Әзірге 693 құбыр дайындау жұмыстарының 518-і, яғни жоспарланған істің 75 пайызы орындалған. Бекітілген жоспарға сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстар 20 қазанға дейін аяқталмақ.
Аймақ басшысы Ақсу қаласы, Аққулы және Шарбақты аудандарының әкімдеріне желтоқсан айына дейін аудандық жолдарды күтіп ұстайтын мердігерлерді анықтау үшін конкурс өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, Асайын Байханов облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның облыстық филиалына қыс мезгілінде барлық жолдағы қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету міндетін жүктеді.
Не атқарылды?
Алқалы жиында ағымдағы жыл басынан бері аймағымызда цифрландыру және жасанды интеллект саласында атқарылған жұмыстар сөз болды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ердос Жүсіпов цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өңірлік жоспар бекітіліп, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын атап өтті.
– Бүгінде жоспарға енгізілген 52 іс-шараның 37-сі орындалды және қалған 15-і бойынша жұмыс-
тар жалғасуда. Негізгі басымдық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және қолданыстағы ақпараттық жүйелерді оңтайландыруға бағытталып отыр. Өңірде цифрлық сауаттылықты арттыру мен адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта «Цифрлық Наурыз» жобасы аясында жасанды интеллект технологияларын қолдануға арналған іс-шараларға 10 мыңнан астам адам қатысты. Білім беру ұйымдарына да жасанды интеллект элементтері енгізіліп, STEM жобалары жүзеге асуда. Сонымен қатар, алдағы уақытта Qazaq Digital Mektebi пилоттық жобасын 215 шағын жинақты мектепке дейін кеңейту жоспарланған. Ал 24 сәуірде өңірлік Tomorrow School кампусы ашылды. Мұнда екі қарқынды оқу курсын 156 адам аяқтаса, үшінші курста 82 қатысушы білім алып жатыр, – деді басқарма басшысы.
Ол сондай-ақ, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және ақпараттық жүйелерді оңтайландыру бағытында да бірқатар жұмыс атқарылғанын жеткізді. Мәселен, «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында 342 мектепте тегін тамақтандыру жүйесіне цифрлық бақылау енгізіліп, 49 мыңнан астам оқушыны қамтыған. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтер мен қолдау шараларын «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынатын eGov Business платформасын дамыту жалғасуда.
Айта кетерлігі, облыстың ақпараттық жүйелерін оңтайландыруға ерекше назар аударылуда. Нәтижесінде, аймақтағы 22 ақпараттық жүйеге талдау жүргізіліп, оның төртеуін пайдалануды тоқтату туралы шешім қабылданған. Қалған жүйелерді одан әрі пайдалану, дамыту немесе орталықтандырылған шешімдермен алмастыру жолдары айқындалуда. Сонымен қатар, бірнеше ақпараттық жүйені QazTech платформасына көшіруге дайындық жүргізілуде. Бұдан бөлек, цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бойынша 207 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту көзделген. Оның ішінде 2026 жылы 137 елді мекенді қамту жоспарланып отыр. Ал автомобиль жолдарындағы байланысты жақсарту үшін 12 антенна-діңгек құрылысын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
– Өңірді цифрландырудың маңызды бағыттарының бірі – Smart Region тұжырымдамасын дамыту. Жаңартылған әдістемеге сәйкес, облысымызда 2030 жылға дейінгі Smart Region стратегиясы әзірленіп жатыр. Құжат Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларын және аудан орталықтарын қамтиды. Стратегияға нақты жобаларды енгізу үшін салалық басқармалар мен қала, аудан әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қажет, – деді Ердос Жанатұлы.
Басқарма басшысы, агроөнер-кәсіптік кешен, қоғамдық қауіпсіздік, көлік, денсаулық сақтау, электр энергиясы, басқа да салаларға жасанды интеллект пен цифрландыру жүйесі біртіндеп енгізіліп жатқанын атап өтті.
Облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асуын қадағалап, атқарылған шаралар өңірдің технологиялық әлеуетін арттыруға септігін тигізуі қажет екенін тілге тиек етті.
Нұржайна ШОДЫР.
Сурет газет мұрағатынан алынды.

