Күн суытып, жеке тұрғын үйлерде пеш жағыла бастаған уақытта өрт қауіпсіздігін сақтаудың маңызы зор. Себебі, осы кезеңде адамдардың түтіннен, газдан улануы және өрттің шығуы сынды оқыс оқиғалар жиі орын алып жатады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін тұрғындар нені білуі тиіс? Бұл мәселеге жауапты сала өкілдері тарапынан қандай жұмыстар жүргізілуде? Осы және өзге де сұрақтарымызға Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Оразбек Уәлиханов жауап береді.
– Оразбек Тоқболатұлы, жылыту маусымы басталған кезде тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Суық ауа райы басталғалы Павлодар облысының ТЖД жеке тұрғын үй секторында профи-лактикалық жұмысты күшейтті. Басты мақсат – өрттердің алдын алып, қайғылы жағдайлардың болуына жол бермеу.
Міне, осы бағытта жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, полиция қызметкерлері және волонтерлермен бірлесіп, тұрғын үйлер мен аулаларды аралау жұмыстары жүргізілуде. Мамандар пешпен жылыту жүйесінің, түтін мұржалары мен электр сымдарының жағдайына назар аударып, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруде. Жадынамалар да таратылуда. Мәселен, бүгінге дейін мамандар облыстағы 15 675 ауланы аралап шықты. Сондай-ақ, тұрғындармен 189 жиын өткізіліп, оған 4311 адам қатысты. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарында 196 ақпараттық оқыту материалы жарияланды. Бақылаудағы нысан-дарда 333 дәріс өткізіліп, 3428 адам қамтылды. Білім беру ұйымдарында 1504 оқушының қатысуымен өрт қауіпсіздігі бойынша 69 ашық сабақ және 43 оқу-жаттығу эвакуациясы ұйымдастырылды. Өрт сөндіру бөлімдеріне 38 экскурсия жүргізіліп, оған 811 адам қатысты. Сонымен қатар, көміртегі тотығы датчиктерін орнатудың маңыздылығы да ескертілуде.
– Түтін және көміртегі тотығы датчиктерін орнату бойынша қандай іс-шаралар қолға алынуда? Қазіргі таңда мұндай құрылғымен қанша тұрғын үй қамтылды?
– Көміртегі тотығы датчиктерін орнату – профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Бірінші кезекте мұндай құрылғылар әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне, сондай-ақ, балалар, қарт адамдар және мүгедектігі бар адамдар тұратын отбасыларға орнатылады.
Бүгінде облыста тұрғын үйлерге 411 көміртегі тотығы датчигі орнатылды. Бұл жұмыс ТЖД-ның жергілікті атқарушы органдар және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылы арқылы жүргізіледі. Әлеуметтік осал отбасыларға датчиктер атаулы профилактикалық көмек аясында орнатылуы мүмкін.
Ал жеке тұрғын үй иелеріне мұндай құрылғыларды өз қаражаты есебінен орнату ұсынылады.
Айта кетерлігі, датчик сатып алар кезде оның сертификатын тексеріп, дайындау сапасы, қызмет ету мерзімі мен өндірушінің пайдалану жөніндегі ұсынымдарына назар аудару қажет. Сонымен қатар, көміртегі тотығы датчигі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға жауап бермейді, тек қауіпті дер кезінде анықтап, дабыл сигналы арқылы ескерту жасайтынын түсінген жөн.
– Биыл облыс бойынша тұрғын үйлерде қанша өрт тіркелді және оның негізгі себептері қандай?
– Жыл басынан бері облыс аумағында 422 өрт тіркелді. Оның 163-і тұрғын үй секторында, соның ішінде 114 өрт жеке үйлерде болған.
Өкінішке қарай, тілсіз жаудың салдарынан 11 адам қаза тауып, 18 тұрғын түрлі дәрежедегі жарақат алды.
Өрттердің негізгі себептеріне пешпен жылыту жүйелері мен электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, электр сымдарының ақауы, от жаққан соң қараусыз қалдырып кету, басқа да жағдайлар әсер етуде. Сондай-ақ, жылыту кезеңінде ақаулы пештер мен түтін мұржаларын пайдалану, пеш жарықтарын елемеу, түтін мұржасын күйеден уақытылы тазаламау да үлкен қауіп төндіреді.
– Датчиктердің көмегімен адам өмірін сақтап қалған жағдайлар кездесті ме?
– Иә. Мәселен, биыл 12 қаңтарда түнгі сағат 01.35-те Екібастұз өңірінің Төрт құдық ауылындағы жеке тұрғын үйде көміртегі тотығы датчигі іске қосылған. Дабылдың арқасында үй иесі мен жұбайы оянып, қауіпті жағдайды анықтаған. Олар үйден шығып, өрт сөндірушілерді шақырған. Аталған датчик 2025 жылдың қазан айында орнатылған болатын.
Жалпы, ТЖД-ның профи-лактикалық тәжірибесінде автономды түтін өрт хабарлағыштарының түнгі уақытта іске қосылып, өртті ерте анықтаған жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай құрылғылар өрттің таралуына жол бермеуге және адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі.
– Жеке үй иелері жылыту маусымы алдында пеш пен мұржаны міндетті түрде тексертуі керек пе? Мұны кім жүргізеді?
– Жылыту маусымы басталғанға дейін әрбір үй иесі пештің, жылыту жабдықтарының және түтін мұржасының жарамдылығына көз жеткізуі қажет. Пеш пен мұржа жарықсыз және басқа да ақауларсыз болуы тиіс. Түтін мұржасын күйеден уақытылы тазалап отыру керек. Мұндай тексеру жұмыстарын тиісті бейіндегі мамандарды тарта отырып жүргізген жөн. Егер қандай да бір ақау анықталса, оны пешті пайдалануды бастамай тұрып жою қажет.
Ал өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандар заң бойынша жауапқа тартылады. Десе де, профи-лактикалық жұмыстың басты мақсаты – тұрғындарды жазалау емес, өрттің алдын алып, адам өмірі мен денсаулығын сақтау екенін ерекше атап өткім келеді.
– Жылыту маусымы алдында тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Үйді суық ауа райына дайындауды кейінге қалдырмау қажет. Пеш пен түтін мұржасының, электр сымдарының жағдайын тексеріп, ақаулар анықталса, оларды дер кезінде жою керек.
Жанып тұрған пеш пен жылыту құралдарын қараусыз қалдыруға болмайды. Пеш жағуды балаларға тапсырмаған дұрыс. От жағу кезінде тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдалануға және киім мен басқа да жанғыш заттарды пештің үстінде кептіруге болмайды.
Үйге автономды түтін өрт хабарлағышын орнатып, оның жарамдылығын тұрақты түрде тексеріп тұрған жөн.
Ең бастысы, түтін немесе өрт белгілері байқалса, қауіпті аймақтан дереу шығып, 112 нөміріне хабарлау керек.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.
