Металлургтер шаһары атанып кеткен Ақсу қаласын алдағы жылдары жан-жақты дамыту көзделгенін бұған дейін де жаздық. Аймақ басшысы да өңіріміздің екі қаласынан кейін ендігі кезекте Ақсу шаһарына көбірек көңіл бөлінетінін атап өткен еді. Әсіресе, қаланың шырайын келтіріп, абаттандырумен қатар жылу және электр желілерін жаңғыртуға басымдық берілетіні де айтылды. Осылайша, қалада электр, жылу желілерін жаңғыртудың ауқымды жобалары жоспарланған. Қаланың ғана емес, ауылдық аймақтардың да желілерін жаңарту көзделген. Бұл ретте, нақты қандай жұмыстар жүзеге асатынын Ақсу қаласының әкімі Әнуарбек Амановпен тілдесіп білген едік.
– Әнуарбек Дүйсембайұлы, кез келген елді мекеннің тұрғындары үшін жылу мен жарықтың үздіксіз әрі сапалы жеткізілуі маңызды. Осы орайда металлургтер қаласында инфрақұрылымды жаңарту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ақсу қаласында электр және жылу инфрақұрылымын жаңғырту бағытында кешенді жұмыстар жалғасуда. 2026 жылы тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңарту, электр және жылумен жабдықтауда технологиялық ақаулардың алдын алу мақсатында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар қалада ғана емес, ауылдық елді мекендерде де коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – Ақсу қаласының электрмен жабдықтау жүйесін жаңарту. Аталмыш жоба аясында ескірген 10 трансформаторлық қосалқы станцияны заманауи блок-модульдік ғимараттарға ауыстыру қарастырылған. Трансформаторлық қосалқы станциялардан тұрғын үйлерге дейінгі кернеуі 0,4 кВ болатын үш кабель желісін ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл ауқымды жобаның құны – 291,1 млн теңге.
Сонымен қатар, шаһарда қалалық бюджет есебінен «Южная» қосалқы станциясынан Ақсу қаласының орталық тарату пунктіне дейін кернеуі 10 кВ электр жеткізудің жаңа әуе желісін тарту жобасы жүзеге асуда. Жаңа желінің ұзындығы – 2,5 шақырым. Жоба шеңберінде 26 темір бетонды тірек орнату, әуе желісін, қажетті арматура мен жабдықты монтаждау қарасты-
рылған. Сонымен қатар, жаңа желіні қолданыстағы электр желілеріне қосу көзделген.
2026 жылы ЖҚШ-0,4 кв су тазарту нысандарын жаңғырту бойныша жоба жүзеге асты. Мұнда токтан ажыратқыштар ауыстырылып, кабель тартылды. Резервті автоматты түрде іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталмыш жоба электрмен жабдықтау және электр жабдықтары жұмысының тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Мұндай жұмыстар шаһардағы тозығы жеткен инженерлік желілердің үлесін біршама төмендетеді деп күтілуде. Яғни, бұл жұмыстар қолданыстағы желілер мен жабдықтардың айтарлықтай тозуына байланысты қолға алынды. Өйткені, трансформаторлық қосалқы станциялар мен кабель желілері – қаланы электрмен жабдықтау жүйесінің маңызды бөлігі. Олардың жағдайы тұтынушыларға электр энергиясының тұрақты жеткізілуіне тікелей әсер етеді. Жабдықтарды жаңарту электрмен қамту сапасын арттыруға, технологиялық ақаулардың туындау қаупін азайтуға және электр желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Ақсу қаласы дегенде оның айналасындағы ауылдардың да жайы ойға оралатыны — заң-дылық. Ауылдық елді мекендерде де желілерді жаңарту жұмыстары назардан тыс қалмаған болар…
– Әлбетте, қаладағы электр желілерін жаңғыртумен қатар, Ақсудың ауылдық аймағында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Үштерек ауылының электрмен жабдықтау желілері қайта жаңғыртылуда. Мұнда ірі жоба іске асуда. Аталмыш ауылдағы электрмен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту жобасына 507,2 млн теңге бөлінген. Бұл жұмыстар облыстық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Жоба аясында ауылдың қолданыстағы электрмен жабдықтау жүйесін кешенді түрде жаңарту қарастырылған. Атап айтқанда, кернеуі 10 кВ болатын 4 384 метр кабель желісін және 0,4 кВ болатын
13 862 метр әуе желісін тарту жоспарланған. Сондай-ақ, 8 трансформаторлық қосалқы станция, 533 электр желісінің тірегі және көшелерді жарықтандыруға арналған 287 шам орнатылады.
Қазіргі уақытта жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Өздігінен оқшауланған сымды тарту үшін ілмек-
тері бар 348 тірек орнатылды. 10 кВ кабель желісін төсеуге арналған траншея қазылды. Сонымен қатар үш жинақтық трансформаторлық қосалқы станцияны монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Электр желілері өтетін аумақтарда ағаштарды бұтау жұмыстары да қатар атқарылуда. Жоба аяқталғаннан кейін Үштерек ауылының электрмен жабдықтау жүйесі толық жаңартылады. Жаңа қосалқы станциялар, электр желілері мен тіректер электр энергиясын тұрақты әрі үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа шамдардың орнатылуы ауыл көшелерінің жарықтандырылуын жақсартады.
Тағы бір маңызды жоба Достық ауылында жүзеге асырылуда. Ауылдың электр желілерін ретке келтіріп, жаңартуға 353 млн теңге бағытталып отыр. Жоба аясында кернеуі 0,4 кВ болатын 8 453 метр әуе электр желісін тарту және 350 көше шамын орнату қарастырылған. Бүгінгі күні өздігінен оқшауланған сымды тартуға арналған 310 тірек орнатылды. Сондай-ақ көшелерді жарықтандыруға арналған 310 шам орнатылды. Қазіргі уақытта жинақтық трансформаторлық қосалқы станцияларды монтаждау және орнату жұмыстары жалғасуда. Бұл ауқымды жұмыстар аяқталғаннан кейін ауылдың электр инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарады. Тұрғындарды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге жағдай жасалады.
Осылайша, электр желілерін жаңғырту жұмыстары бірнеше бағытта қатар жүргізілуде. Ақсу қаласының да, ауылдық елді мекендердің де электр инфрақұрылымы қарқынды жаңартылуда.
– Қара күз де келді. Жылыту маусымы басталып кетті. Аязды күндері ақсулықтарды тоңдырмау үшін жылу құбырларының да ақаусыз қызмет ету аса маңызды. Бұл бағытта биыл қандай жұмыстар атқарылды?
– Ол рас, инфрақұрылымдық желілерді сөз еткенде, жылу құбырларының ахуалы көпшілікті алаңдатады. Сондықтан жыл сайын ең осал тұстарды ауыстыруға мән беріледі. Биыл Ақсу қаласында Ленин және Астана көшелеріндегі магистральді жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша екі ірі жоба жүзеге асырылуда.
Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы жылу желілерінің тозған учаскелерін ауыстыру, жылу энергиясының шығынын азайту және тұтынушыларды жылумен жабдықтаудың тұрақтылығын арттыру мақсат етілді. Екі жоба бойынша
1,9 шақырым желі қайта жаңғыртылады. Енді осы жобаға толығырақ тоқталсам, Ленин көшесіндегі жылу желісін қайта жаңғырту жобасының жалпы құны – 2,33 млрд теңге. Мұнда жалпы ұзындығы 1 543,51 метр болатын жылу желісін қайта жаңғырту қарастырылған. Диаметрі 720/8 мм, заманауи пенополиуретанды оқшаулағышы бар құбырлар пайдаланылуда. Құбырлар жер астымен жүргізіледі. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары толығымен орындалды. Нысан 100 пайыз дайын.
Ал Астана көшесіндегі жылу желісін қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтауға жақын қалды. Бұл жобаға 602,2 млн теңге бағытталған. Жоба аясында ұзындығы 365,32 метр жылу желісі қайта жаңғыртылып, диаметрі 630/8 мм, пенополиуретанды оқшаулағышы бар құбырлар тартылады. Нысандағы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Жалпы дайындық деңгейі – 100 пайыз. Қазіргі уақытта нысанды пайдалануға беру актісін тіркеу рәсімі жүргізілуде.
Биыл Ақсуда жылыту маусымына жылу желілерін жөндеу және дайындау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жалпы ұзындығы 369 метр болатын жылу желілерінің төрт учаскесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Оған 41,4 млн теңге юағытталды. «Теплосервис Ақсу» кәсіпорны өз қаражаты есебінен 62,3 млн теңгеге 929 метр желіні жоспардан тыс күрделі жөндеуден өткізді. Жұмыстар толық аяқталды.
Жылумен қамту нысандарының жағдайына жеке көңіл бөлінді. Орталық жылу пункттерінің және басқа да өндірістік нысандардың төбесі мен қасбеті жөнделді, РОК-2 энергия көзінен қалаға дейінгі жылу магистралінің темір бетон конструкциялары сырланды. Тиекті арматураға ревизия жүргізілді әрі ауыстырылды. Қала бюджеті есебінен диаметрі 200 миллиметрден 600 мил-
лиметрге дейінгі 17 тиекті арматура сатып алып, орнатылды. Бұл жабдық жүйенің сенімді жұмыс істеуі үшін аса маңызды. Яғни, жөндеу жұмыстары кезінде желінің жекелеген бөлігін оқшаулау үшін қажет.
Әуезов көшесіндегі магистральдің ТК-150 жылу камерасының жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Мұнда тиекті арматуралар ауыстырылды. ТК-27А-дан ОЖП-4-ке дейінгі жылу желісінің учаскесіндегі жөндеу де толық аяқталды. Мұнда диаметрі 400 миллиметрлік 170 метр болатын жылу құбыры ауыстырылды.
Осылайша, биыл біз бірнеше бағытта жұмыс жасадық, нақтысы, жылу желілері жөнделді, тиекті арматуралар мен компенсаторлар ауыстырылды, жылу пункттері мен сорғы станциялары ретке келтірілді, элеткр жабдықтарға ревизия жүргізілді. Осы бүкіл жұмыстың негізгі міндеті – жылумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыру, оның жылыту маусымында тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.
– Бұл ауқымды жобалар Ақсу қаласының тұрғындарына қандай нәтиже бермек?
– Жалпы ұзындығы шамамен 1,9 шақырым болатын екі жылу магистралін қайта жаңғырту нәтиже-сінде 119 көппәтерлі және 491 жеке тұрғын үйді, сондай-ақ 24 әлеуметтік нысанды жылумен жабдықтаудың тұрақтылығы артады. Қазіргі уақытта екі нысанда да жұмыстар аяқталуға жақын.
Негізінен, Ақсу қаласында жүргі-зіліп жатқан жаңғырту жұмыстары жекелеген мәселелерді шешумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – коммуналдық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың басты міндеті – қала мен ауылдық аймақтың тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыру, инженерлік желілердің тозу деңгейін төмендету және тұрғындарды электр энергиясы мен жылумен қамтамасыз ету сапасын жақсарту.
– Инфрақұрылымды жаңарту бағытында алдағы жылдары да атқарылатын жұмыстар ауқымы айқындалған болар…
— Қазіргі таңда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында бірқатар инфрақұрылымдық жоба-
лар бойынша жұмыс жүргізілуде. Атап өтсек, «Теплосервис-Ақсу» кәсіпорны нысандарының диспетчерлік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі, мұнда жылумен қамту нысандарына бақылау мен басқаруды автоматтандыру көзделген. Тағы бір жоба Ақсу қаласында №14, 15 шағын аудандарының жылу желілерін және орталық жылу пункттерін жаңғырту бойынша қолға алынбақ. Бұл ретте, 7,1 жылу желісін жаңарту, орталық жылу пункттерінің жабдықтарын жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар, ұлттық жоба аясында Ақсу қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлерде жылу энергиясын есептеудің тораптарын орнату көзделіп отыр. Мұнда қаланың 265 көпқабатты тұрғын үйі жылу есептеуіш құралдарымен қамтылмақ. Қазіргі таңда бұл жобалар жоспарлау және пысықтау кезеңінде.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
