Қалпына келтіруде кемшілік көп

Қаз 15, 2026

Төселгеніне көп уақыт болмай асфальтті аумақты коммуналдық қызмет
кәсіпорындарының ақауды жою үшін аударып тастайтын жағдайлары аз емес. Әлбетте, желідегі кемшілікті жою керек. Алайда, қазылған жерді қайтадан қалпына келтіруге келгенде монополистердің сараңдық танытып, сапасы сын көтермейтін тас жол төсей салуға бейім болатыны көпшілікті қынжылтады.

Міне, осы мәселені Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков сынға алып, қала аралап, нақты қателік жіберілген тұстарды қысқа мерзімде тиісінше қалпына келті-руді талап етті. Мұндай олқылықтар қала жолдарында да, аулалардағы асфальттарда да кездескен. Биыл облыс орталығында жол жөн-деуге қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетон қолданылған. Бірақ, коммуналдық қызмет кәсіпорындары жер қазу жұмыстарын жүргізгеннен кейін зақымдалған аумақтарды қалпына келтіруде кәдімгі асфальтті қолданған, кей жерде, тіпті қиыршықтас қана төсеумен шектелген. Осындай қисынсыз әрекеттері қала әкімінің ашуына тиді. Бұлай қала инфрақұрылымына зақым келтіруге жол берілмейтінін қадап айтты.

– Қалада біз жолдарды жөндеп, аулаларды абаттандырып, жаңа технологиялар қолдануға ден қойып жатырмыз. Ал монополистер келеді де жерді қазады, асфальтті жабындыны қопарып алады, қалпына келтіруге келгенде қарапайым асфальт төсей сала ма? Дәл осы аумақта қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетон төселуі тиіс. Құрылыс нормалары барын білесіздер. Яғни, қандай жабынды бұзылса, сондай түрімен қалпына келтіруі керек. Сіздерде мұндай материалдың бар-жоғы біз үшін маңызды емес. Асфальт жоқ деп, қиыршықтас төсей салдыңыздар ма? Мұндайға жол бермейміз! Қайтадан тиісінше жасаңыздар, – деді Хасар Хабылбеков.

Шаһар басшысы қаланың жол инфрақұрылымын жөндеуге жыл сайын қыруар бюджет қар-жысы құйылатынын еске салды. Сәйкесінше, коммуналдық кәсіпорындар қазылған жерлерді қалпына келтіргенде бұған дейін жүргізілген абаттандыру жұмыстарын бүлдірмеуге міндетті. Қала әкімі жөндеу жүргізілген жолдардың бәрін бақылауында ұстайтынын да атап өтті. Сондықтан монополиске бүлдірген тұстарды қалпына келтіруді қатаң тапсырды.

– Биыл қаланың кіреберісінде қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетон қолдандық. Жұмыстар уақытылы аяқталды, тұрғындар да риза. Инженерлік желілерде ақаулар орын алатыны, оларды жою керектігін жақсы түсінеміз. Бірақ, қазылған соң оны бастапқы қалпындағыдай ретке келтіру қажет. Тиісті материалды сатып алып, талапқа сай қайта төсеңіздер, – деді қалпына келтірілген жерлердің біріне арнайы барған кезде.

Сондай-ақ, қала әкімі қалпына келтіру жұмыстарын айлап созып алатын монополистердің де салғырттығын сынға алды. Мәселен, қалада жерді қазып, ақауды жою жұмыс-тары бір жарым ай бұрын жүргізілгенімен, қалпына келтіру жұмыстары әлі жасалмаған. Мұндай кемшілікке «Павлодар водоканал» кәсіпорны жол берген. «Айлап созуды доғарыңыздар!» деп қатаң ескертті қала әкімі.

Қала әкімі осындай жұмыстар жүргізілген аумақтарға бақылауды күшейтіп, қалпына келтіру міндеттемелерін орындамаған кәсіпорындарға қатаң шара қолдануды жүктеді. Бюджет қаражатына абаттандырылып, тұрғындар игілігіне берілген аумақтарды қазып, қалпына келтірмей, тіпті, қиыршықтас төсеуге жарамайтындармен күрес басқаша жүреді. Шаһар басшысы мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау органдары мен полиция жол жабындыларын қалпына келтіру мерзімдері мен талаптарын бұзған коммуналдық кәсіпорындар мен мердігер ұйымдарға қатысты заң жүзінде шара қолдануды тапсырды. Ал коммуналдық қызмет мекемелері қысқа мерзімде жолдар мен аулаларда анықталған кемшіліктерді, атқарылатын жұмыстардың тиісті сапада жүргізілуін қамтамасыз етуі тиіс.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Павлодар қаласы.