Жөндеу нәтижесі – сенімділік

Қаз 15, 2026

Қысқа қамдану жан-жақты жүргізілуде. Жылу жеткізетін ұйымдар желілерін жөнге келтірсе, жылу өндіретін кәсіпорындар жабдықтарын сайлап, сенімді жұмыс істеуге бекініп отыр. Облыс орталығының оңтүстік бөлігін жылумен, бірқатар өндірісті технологиялық бумен, электрмен қамта-масыз ететін «Қазақстан алюминийі» АҚ қарасты электр станциясында осы мақсатта биыл ауқымды жөндеу науқаны іске асқан.

Нәтижесінде алдағы қысқы жылыту маусымын ойдағыдай атқаруға мүмкіндік туды.

Бұл туралы кәсіпорынға ұйым-дастырылған баспасөз туры барысында белгілі болды. Яғни,  облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілдерімен бірге жөндеу көрген жабдықтардың жайын, тұтынушыға берер түпкі нәтижесін біліп қайттық. Инвестициялық бағдарламала-
рының іске асырылу барысы айтылды. 1964 жылы іске қосылған жылу орталығы 295 мегаватт электр энергиясын және сағатына
182 гигакалорий жылу өндіреді. Кәсіпорында 8 энергетикалық қазандық, 6 турбиналық агрегат жұмыс істейді.

«Қазақстан алюминийі» АҚ Электростанция филиалының операциялық директоры Василий Новоселовтың мәлімдеуінше, биыл жазда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Электр энергиясының басым бөлігін кәсіпорындар тобына өндірсе, қалған бөлігін нарыққа шығарады.

– Ауқымды жөндеу науқанында №5 және №2 қазандықтарға күрделі жөндеу жүргізілді. №8 қазандықта кеңейтілген ағымдық жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ағымдағы айда станция толығымен жылыту маусымына еніп отыр. Қажетті көмір қоры қамтамасыз етілді. Жоспарлы 84 мың тоннаның орнына бүгінде қоймада 160 мың тонна көмір сақтаулы, – деді В.Новоселов.

№5 қазандыққа күрделі жөндеу барысында анықталған ақауларды да дереу ауыстыруға кәсіпорын қаржы бөлген. Жаңа түтін сорғылары орнатылған. №1 қазандыққа ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек, кәсіпорын өкілі биыл атқарылған маңызды жұмыстардың бірін атап өтті. Яғни, 240 метрлік түтін мұржасына жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар, станцияда №5 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілген. Қытай фирмасымен келісім жасалып, турбинаның реттеу жүйесі ауыстырылыпты. Василий Михайлович мұндай өзгеріс турбинаны сенімді басқаруды қамтамасыз ететінін атап өтті. Себебі, 2008 жылы орнатылған жүйеге орындаушы тарап қызмет көрсетуден бас тартқан. Сәйкесінше, іске қосуда қиындықтар туындауы мүмкін еді. Жөндеп, ауыстыру нәтижеснде мұндай олқылық орын алмайтын болған. Айта кетерлігі, аталмыш турбина – қаланың оңтүстік бөлігін жылумен қамтуға тікелей қатысатын маңызды жабдық. Ал №1 турбинада ауқымды күрделі жөндеу жүргізілген. Мұнда генераторы жөнделіп, 1964 жылғы турбинаның конденсаторы ауыстырылған.

Инвестициялық бағдарламада қазандық жабдықтарын жөндеу және тозығы жеткен тораптарды, соның ішінде ауа жылытқыштарын ауыстыру қарастырылған. Мұның бәрі станция жұмысының апат-
тылығын азайтып, сенімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Станцияда №2 және №5 қазандық агрегаттарында су экономайзерлері, №2 және №8 қазандықтардың ауа жылытқыштары ауыстырылған. Кәсіпо-рынның мәліметінше, күл құбырларын жөндеу жалғасуда.

Жылу орталығының техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарына жауапты жетекші Сәлім Макулов станцияда жүргізген күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстары сенімділікті арттырады.

– Жөндеу науқанындағы негізгі шаралар жабдықтардың сенімділігіне айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар, бастапқы техникалық-экономикалық көрсеткіштерге оралуға жетелейді. Яғни, тұтынушыларға, өндірістік секторға жылуды тұрақты жіберуге әсер береді. Қосымша шаралар да қарастырылады. Себебі, энергетикалық жабдықтардың тозуы жыл сайын артып келеді. Станцияның жағдайын тиісінше сенімді деңгейде ұстап тұру үшін негізгі жұмыстар тізімін түзіп, соған сай шаралар іске асырылады, – дейді Сәлім Макулов.

Ол атқарылған жөндеу жұмыс-тары станцияның қолжетімді қуаттылығының сенімділігін жақсартатынына сенімді.

– Станция жұмысы кезінде пайда болатын әртүрлі ақаулар қазандықтар қуаты қолжетімділігін шектеуді ұлғайтуға әсер етеді. Ал оның станцияның тұрақтылығына ықпалы болады. Барлық атқарылған шаралар осы шектеулерді алып тастауға, қолжетімді қуаттылық үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, станциямыз алдағы қысқа толық дайын, – дейді С.Макулов.

Сонымен қатар, кәсіпорын өкілі биыл станцияда №5 қазандықта жаңғыртылған басқару жүйесінің қандай нәтижеге жетелейтінін айтып берді.

– Бұл шара агрегат жұмысының сенімділігін арттыру шеңберінде жүргізілді. Жүйені жаңғырту нәтижесінде жабдықтың бір ғана өндірушісіне тәуелді болудан арылтты. Мұнда қолжетімді нарықтағы жабдықтарды қол-
дануға мүмкіндік береді. Яғни, апаттық немесе жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде қажетті жабдықты сатып алып, дереу ауыстыруға жол ашық. Нәтижесінде апаттық тоқтап қалу ұзақтығын айтарлықтай азайтады. Мұндай жағдай орын алса, жабдықты ішінара жаңғырту жолын қарастыруға да болады. Жабдықты жеткізу мерзімі де аз. Бұған дейін тұрған жабдық өндіруші тарапынан баламалы бөлшектерін қолдану тұрғысынан шектеулі еді, – дейді кәсіпорын өкілі.

Осылайша, биыл жүргізілген ауқымды жөндеу жұмыстары жабдықтардың техникалық жағдайын қалпына келтіріп, апаттылықты азайтып, жоспардан тыс тоқтап қалудың алдын алады деп күтілуде. Нәтижесінде электр станцияның сенімді жұмысын және  жылыту маусымының тұрақты, еш қиындықсыз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.