«Barjok»: су мен жарықтың жайын біледі

Қаз 15, 2026

Кейде жарық жалп етіп өшіп, судың сағаттап болмайтын кездері кездеседі. Мұндайда әркім су мен жарықтың, жылудың қашан қосылатынын білуге жан-жаққа хабарласып, себебін анықтап абыр-сабыр болады. Құзырлы мекемеден жауап ала алмай да әбігерге түсетіні жасырын емес. Міне, осындай сәтті басынан өткізген павлодарлық тұрғынның көпшілікке коммуналдық қызметтердегі өзгерістерді бір жерге тоғыстыратын тың жоба жасауға түрткі болады.

Алты жылдан астам IT-саласында жүрген Артур Михейлис қоғамға аса қажет платформаны қалай жасағанын айтып берді.

– Бұл жобаның туындауына тұрмыстық бір оқиға себеп болды. Бірде әйеліммен бірге анамның бәлішінен дәм татуға арнайы бардық. Алайда, кенеттен жарық өшіп, электр пешіндегі бәліш жартылай піспей қалды.  Содан әйеліммен жарық қашан қосылатынын білмекке ақпарат іздеуге кірістік. Өкінішке қарай, таппадық. Содан әйелім «коммуналдық қызметтер туралы барлық ақпарат бір жерге жинақталған сервис болса, қалай жақсы болар еді» деген ой тастады, –
дейді Артур Михейлис.

Идеяны іске асыруға Артур кірісіп кетеді. IT-салада тәжірибесі мол азамат мұндай сервисті түзудің жолын жақсы біледі. Тыңғылықты жұмыс, ізденіс нәтижесінде ол небары 2-3 ай ішінде жаңа сервисті іске қосады. Биыл тамыз айында тың жобасы көпшілік қолданысына шығарылды. Жобаны іске асыруға әріптестері де қолдау білдіріп, көмектескен.

– Barjok деп атауын беріп, қолданысқа енгізілді. Бұл сервисті пайдаланушылар коммуналдық қызмет бойынша қажетті сұрақтарына жауап табады. Яғни, суды қашан өшіріп, қашан қосатынын біліп отырады. Қаладағы барлық өшірулерді, ажыратылатын тұстарды бір жүйеден алдын ала көріп отырады. Хабарландыру алып тұру тетігіне қосылып алса, жарық, су, жылудың жоспарлы өшірулерінің уақытын да біле алады. Мұндай хабарландыруды Telegram арқылы алуға қосылу мүмкіндігі бар. Онда өз мекенжайын тауып, соған басып, хабарландыруға жазылады. Ары қарай телеграмботқа жолдайды. Мұнда тұтынушы растағаннан кейін сол сәттен бастап өз мекенжайына қатысты хабарландырулар автоматты түрде келіп тұрады, – дейді сервистің авторы.

Платформаны құрастырған азаматтар ақпараттарды ресми ақпарат көздерден жинап, өңдеп, сайтта нақты мекенжайлар бойынша көрсетеді. Бүгінде бұл платформаға 7 мыңнан астам пайдаланушы қосылып, қызметтің пайдасын көруде. Павлодар, Ақсу, Екібастұз қаласының тұрғындары қосылып, пайдалануда. Тұтынушылардың басым бөлігі – облыс орталығының тұрғындары. Бес мыңға жуық азамат хабарландыруды тұрақты алып тұруға жазылған көрінеді. Осылайша, жоспарлы және апаттық өшірулер жайында алдын ала ақпараттанған азаматтар алдағы күнін жоспарлап, керек-жарағын жасақтайды. Мәселен, жарты күнге су болмайтынын білсе, үйдегі ыдыстарға суды толтырып алады.  Осылайша, тұрғындар «109» қызметіне, монополистердің апаттық қызметіне хабарласып әуре болмайды. Бір ғана сайтқа кіріп, мекенжайын теріп, бар ақпаратын алады.

Бірегей жобаны жуырда ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне таныс-тырған. Павлодарлық IT-маман сервис министрлік тарапынан қолдау тауып, еліміз бойынша өрісін кеңейтуге мүмкіндік болатынына сенеді.

– Қазіргі таңда сервис толыққанды жұмыс істеп тұр. Басында «адамдарға қажет пе?» деген күмән болғаны рас. Бүгінде қосымша ретінде әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Қауіпсіздік тұрғысынан қажетті тіркеулерден өту кезеңдері бар. Осы бағытта жұмыс жүргізудеміз, – дейді Артур Михейлис.

Платформаны жетілдіруге де мән беруде. Алдағы уақытта тұрғындар үйінде жылудың немесе жарықтың, судың өшірілгені туралы өздері жазып, хабарлама қалдыра алады. Яғни, цифрлық картада бұл туралы ақпарат болмаса, азаматтар үйіндегі мәселені жазады. Бірақ, бұл мәлімет картада бірден көрінбейді. Себебі, мұндай жарықтың немесе судың болмауы бір ғана пәтердегі жағдай болуы мүмкін. Ақпаратты алгоритм оқып, үй, сол шағын аудандағы деректерді жинап, бұл мәселе туралы айтқан адамдардың белгілі бір саны айқындалса, демек, картада өшірілгені туралы мәлімет пайда болады.

– Сервиске пәтер иелері кооперативтерін, мүлік иелері бірлестіктерін қоса бастадық. Бір апта ішінде үш ПИК қосылды. Алдағы уақытта көпқабатты үйлерді басқару ұйымдарын көптеп тартуды көздеп отырмын. Олардың жүйеде жеке кабинет-тері болады. Сонда олар өздері басқаратын нысандардағы жоспарлы немесе апаттық өшірулер туралы мәлімет береді. Сонымен қатар, тұрғындардың хабарламалары сервиске келіп түседі, – дейді жоба авторы.

Артур Михейлис басты екі жоспарымен бөлісті. Алғашқысы сервистің қосымшасын іске қосуды көздеп отыр. Екіншісі – тұрғындардың шағым, өтінім қалдыруына мүмкіндік туғызу. Яғни, тұрғындардың өтініш-шағымы басқарушы ұйымға бағыт-талып отырады. Сонымен қатар, жоба авторы бүгінде құзырлы органдармен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Бұл ретте, апаттық өшірулер туралы ақпаратты платформаға жолдап отыру жолы реттелуде.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.