Облыс әкімі Асайын Байханов 2026 жылдың 9 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған жиналыс өткізді. Сонымен қатар, күн тәртібінде бюджеттің атқарылуы, халықты жұмыспен қамту және Республика күніне дайындық мәселелері де қаралды.
Өңір экономикасында оң динамика сақталып отыр. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,3 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен 4,5 пайызға асып түсті. Өнеркәсіп өндірісі 8 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 11,5 пайызға, ауыл шаруашылығы 6,8 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13,8 пайызға артып, 961,3 млрд теңгеге жетті. Құрылыс саласындағы өсім 18,8 пайызды құрап, 265,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ішкі сауда көлемі 18,2 пайызға ұлғайды.
1 қазандағы жағдай бойынша облыстық бюджет кірістері 372,3 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,5 млрд тең-геге артық. Бюджет шығыстары 99,8 пайызға орындалып, 458,9 млрд теңге игерілді. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада үшінші орында тұр.
Асайын Байханов жекелеген шығындарды 2027 жылға ауыстыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруды толық көлемде қамтамасыз етуді тапсырды.
Еңбек нарығында жыл басынан бері 16 382 адам жұмыспен қамтылды. Бұл жылдық жоспардың 91,4 пайызын құрайды. 10 мың адамға шаққанда 100 жұмыс орнын құру бастамасы аясында 5 722 жұмыс орны ашылды немесе бұл – жоспарлы көрсеткіштің 129,2 пайызы. Субсидияланатын жұмыс орындарына 4 067 адам орналастырылды. 2026 жылдың шілдесінен бастап өңірде «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» пилоттық режимде енгізілуде. SMS-хабарлама алған 22 877 азаматтың ішінен бірқатар азамат верификациядан өтіп, 275 адам 374 бос жұмыс орнына өтінім білдірді. Ал Enbek.kz порталымен интеграцияланған цифрлық сервис арқылы 135 адам өз бетінше тұрақты жұмыс тапты.
Өңір басшысы халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмысты күшейтуді, электрондық еңбек шарттарының рәсімделуін және зейнетақы жарналарының аударылуын бақылауды тапсырды. 2027 жылы жұмыс орындарын құруға арналған жобалар 5 желтоқсанға дейін келісіліп, бекітілуі қажет.
Республика күніне орай облыста 2 мыңнан астам мәдени, патриоттық, ағартушылық және спорттық іс-шара өткізу жоспарланған. Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігі 25 қазанда өтетін Мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсімі болмақ. Облыстық салтанатты жиын ертең Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді. Ал басты мерекелік концерт 25 қазан күні сағат 12:00-де ERTIS PROMENADE сахнасында ұйымдастырылады.
Облыс әкімі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, іс-шаралардың ұйымдасқан түрде өткізілуін және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының үздіксіз жұмыс істеуін тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.
