Көлік жүргізушілері үшін қысқы маусымға дайындықтың маңызды кезеңі де келіп жетті. Бұл ретте жазғы дөңгелектерді ауыстырумен қатар, жол қауіпсіздігіне қатысты өзге де талаптарды ескерген жөн. Әсіресе, ауа райы құбылмалы келетін
Павлодар облысында көлікті қысқы жағдайға алдын ала бейімдеу аса маңызды. Осы және өзге де мәселелер жөнінде Павлодар қалалық полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонының рота командирі Рахым Ибраевпен сұхбаттастық.
– Рахым Шыңғысбайұлы, Қазақстанда, соның ішінде Павлодар облысында авто-көліктерге қысқы дөңгелек орнату қай мерзімнен бастап міндетті?
– Қазақстан бойынша бұл талап бірдей қолданылады. Жол жүрісі қағидаларына сәйкес, қысқы дөңгелектер 1 желтоқсаннан бастап 1 ақпанға дейінгі кезеңде пайдаланылуы тиіс. Бұл талапты орындамаған жүргізушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті нормаларына сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, әкімшілік кодекстің 590-бабы, 5-тармағы бойынша 5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар, хаттама толтырылып, мемлекеттік номері алынады және көлік жүргізуге тыйым салынады. Тек қысқы дөңгелекті салып келген кезде ғана көліктің мемлекеттік номері беріледі. Сондықтан көлік иелері дөңгелектерді уақытылы ауыстырып, қысқы жол жағдайына алдын ала дайындалуы қажет.
– Павлодар облысында қыс ерте түсіп, қазан-қараша айларында-ақ қар жауып, жол көктайғаққа айналуы мүмкін. Осындай қолайсыз ауа райы жағдайында полиция тарапынан қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Мұндай кезеңдерде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағыт-талған профилактикалық және түсіндіру жұмыстары күшейтіледі. Ең алдымен, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жүргізушілерге қажетті ақпарат жеткізіледі. Сонымен қатар, патрульдік поли-
ция қызметкерлері тұрғындар мен жолаушыларға түсіндіру жұмыс-тарын жүргізіп, ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын ескертеді. Қажет болған жағдайда, жолдың жағдайы мен көріну деңгейіне қарай алыс бағыттарға қатынайтын көліктердің қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін. Мұның барлығы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
— Қысқы дөңгелекке қойылатын негізгі талаптар қандай? Оның арнайы таңба-лары болуы міндетті ме?
— Қысқы дөңгелектерді таңдағанда олардың арнайы таңбаларына назар аудару қажет. Сондай-ақ, көлікті көбіне қандай жол жағдайында пайдаланатыныңызды ескерген жөн. Мәселен, жазық жерде немесе таулы аймақта жүруіне қарай дөңгелектің түрін дұрыс таңдаудың маңызы зор. Ал қысқы дөңгелектерді белгіленген мерзімде пайдалану талабы көлік түріне қарай бөлінбейді. Яғни, бұл талап жеңіл автокөліктерге де, жүк көліктеріне де бірдей қолданылады.
— Қыс мезгіліне орай жүргізушілерге қандай кеңес айтасыз?
— Желтоқсанды күтпей-ақ қысқы дөңгелекке көше беру қажет. Себебі, біздің аймақтың ауа райы құбылмалы. Кез келген уақытта қар жауып, тайғақ болуы мүмкін. Екінші, жалпы осы уақытта жылдамдық асырмау қажет. Тіпті, көлігіңізге сенімді болған жағдайдың өзінде сақтық шарасын ұмытпаңыз. Үшінші, қала ішінде арақашықтықты дұрыс сақтаңыз. Ал күн бұлттанып, ауа райы бұзылып тұрғанын көрсеңіз алыс жолға шықпаңыз.
— Ақпаратыңыз үшін рақмет.
Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.
