Жарқынбек АМАНТАЙ, ҚР Құрылтай депутаты:
— Президент Жолдауының ауқымы жоғары болды дер едім. Еліміздің ертеңі үшін маңызды мәселелер тұтас қамтылды. Мемлекет басшысы қозғаған тақырыптардың бір парасына тоқталсам, алдымен, келесі жылды «Жалпыхалықтық құрылыс жылы» деп жариялады. Елімізді ауқымды құрылыс алаңына айналдыру — халық-
тың әл-ауқатын арттыруға жасалған үлкен қадам.
Бұл — Ұлттық қор қаражатына салынатын инфрақұрылым жүйесі. Ұлттық қор қаражаты елге қызмет жасауы керек, соның айқын дәлелі. Бұл ретте, халыққа қажет ең маңызды нысандар құрылысына мән беріліп отыр. Мәселен, 8 перинаталдық орталық, мектептер, жол, балаларды оңалту орталықтары сияқты қажетті инфрақұрылым нысандары салынады. Мұндай өзгерісті әр өңір сезінеді. Себебі, құрылыс деген — жұмыс орны, құрылыс материалдарының саудасы. Елімізде құрылыста отандық өнімдердің үлесін арттыру талабы бар. Осылайша, бір ғана бастама үлкен экономикалық циклды қамтымақ. Түптеп келгенде, жалпыхалықтық құрылыс бүкіл азаматтардың өміріне оң әсер етеді.
Салық кодексіне өзгерістер енгізу жөнінде атап өтті. Сонымен қатар, шағын және орта бизнеске бұған дейін қолданылған әрі нәтиже берген үш жылдық мораторийді қайта қолға алуды ұсынды. Яғни, Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге ең бастысы кедергі келтірмеудің маңыздылығына тоқталды. Өйткені, шағын және орта кәсіпкерлік — ел экономикасының қозғаушы күшінің бірі. Бүгінде Қазақстан экономикасының
40 пайызын құрап отыр. Мораторий енгізу де кәсіпкерлердің кең етек жайып, дамуына мүмкіндік береді. Салық кодексіне де өзгерістер енгізу көзделген. Мұнда да кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырылған.
Логистика тақырыбына жан-жақты тоқталды. Әлемде логистика хабына айналуға талас күшейді. Әуеде де, жерде де талас бар. Кімде-кім жақсы жағдай туғызса, әлем елдері сол жаққа ойысады. Бүгінде Қытайдың Еуропаға шығаратын тауарларының 85 пайызға жуығы біздің жерімізбен өтеді дегеннің өзі елімізде қаншама қаражаттың қалатынын көрсетеді. Жол жайын жақсарту, жол бойы сервисін жақсарту арқылы осындай мүмкіндікті арттыра беру керек. Әлемдегі жағдайларды ел игілігіне жаратуымыз керектігін, мүмкіндік ретінде қарауды Мемлекет басшысы меңзеді дер едім.
Тағы бір атап өтерлік жаңалық жалпы тәжірибе дәрігерлеріне қатысты айтылды. Жалақыны 40 пайызға дейін арттыруды Мемлекет басшысы тапсырды. Мұнда 77 мың дәрігер қамтылады. Елімізде бейінді дәрігерлерден гөрі жалпы тәжірибе дәрігерлері көп. Олардың жалақысын көтерсе, бүкіл ауыл-аймаққа дейін өзгерістің оң әсері сезіледі. Президент Құрылтайға, яғни бізге де бірқатар тапсырма берді. Үкіметпен бірлесіп, Азаматтық кодексті қабылдауымыз, Салық кодексіне өзгерістер енгізуіміз керек.
Мемлекет басшысы қоғамдағы масылдық мәселесіне қатысты өткір ой айтты. Яғни мемлекет бюджеті есебінен ғана көмекті тарата беру — бұл болашақты ойламайтын, болашағы бұлыңғыр қоғамның ұстанымы. Олай болмауы тиіс дегенді айтты. Қазіргі уақытта Құрылтай қабырғасында Әлеуметтік кодекс талқыланып жатыр. Осы жұмыста ескерілетін тұстар да айтылды.
Биылғы Жолдау біржылдық емес, ұзақмерзімді негізгі бағдарымызды айқындап берді.
Сұхбаттасқан — Гүлжайна Түгелбай,
Астана қаласынан.
