Илья ТЕРЕНЧЕНКО, ҚР Құрылтай депутаты:
— Құрылтай депутаты әрі Павлодар өңірінің тұрғыны ретінде мені Мемлекет басшысының ел алдына қойған міндеттерінің ауқымдылығы ерекше әсерлендірді. Президенттің бүкіл сөзінде еліміздің стратегиялық даму бағыттары айқын көрініс тапты. Бұл басымдықтар, әсіресе, біздің облыстың дамуына қуатты серпін беретіні сөзсіз.
Президент келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Бұл мәртебе ауқымды инфрақұрылымдық өзгерістерге отандық бизнесті барынша тартады. Индустриялық орталықтардың бірі саналатын Павлодар облысы үшін бұл үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Құрылыс қарқынының артуы құрылыс материалдарының ішкі өндірісіне тың серпін береді. Ал біздің өңір осы сұранысты металл конструкцияларынан бастап кірпіш пен құм блоктарына дейінгі өнімдерімен қамтамасыз етуге тиіс.
Біз үшін екінші маңызды бағыт – «электр энергиясы дәуірі» басталған кезеңде энергетикалық әлеуетті нығайту. Павлодар облысы тарихи тұрғыдан еліміздегі электр энергиясының негізгі жеткізушілерінің бірі болып саналады. Сондықтан Президенттің жаңа тапсырмалары өңіріміздің отын-энергетика кешенін дамытуға қосымша серпін береді.
Мемлекет басшысы логистикалық әлеуетті дамытуға да айрықша назар аударды. Павлодар облысының шекара маңындағы өңір екенін ескерсек, жолдарды ауқымды реконструкциялау жөніндегі тапсырмалардың біз үшін маңызы зор. Президент республикалық және жергілікті маңызы бар, логистикалық күретамыр саналатын жолдардың 26 пайызы жөндеуді қажет ететінін атап өтті. Бұл инфрақұрылымды және жол бойындағы сервисті дамыту тауарлар мен қызметтерді жеткізу ауқымын кеңейтіп, кәсіпкерлерге экспорт нарықтарына тікелей шығуға мүмкіндік береді.
Жолдауда мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын күшейту бағыты айқын көрініс тапты. Кәсіпкерлердің білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына қатысуы бүгінде нақты іске айналды. Бұған Павлодардың жарқын мысалы дәлел. Кеше республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланған жаңалық – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қысқа мерзімде салынған, 1200 орынға арналған заманауи мектепті атап өтуге болады. Бұл – Президент саясатының жергілікті деңгейде тиімді жүзеге асырылып жатқанының айқын дәлелі.
Мемлекеттік басқаруды түбегейлі жаңғырту және шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі тапсырмалар да ерекше назар аударуға тұрарлық. Мәселен, халықтық цифрлық экономикаға қатысты цифрландыру үдерісіне жан-жақты әрі қатаң талдау жүргізілді. Цифрландыру нақты нәтиже беруге тиіс. Ол тек оңтайландыру үшін оңтайландыруға айналмай, келісімдер мен рұқсат алу рәсімдеріне кететін уақытты қысқартып, бизнестің жұмысын жеңілдетуі керек.
Сондай-ақ Салық кодексі туралы да айтылды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін бұл құжат бизнестің мүддесін қорғауға тиіс. Әлем мен экономика тез өзгеріп жатқандықтан Салық кодексі де икемді болуы қажет. Өйткені шағын және орта бизнес жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың алға жылжуына ықпал етеді.
Президент сөзін билік жүйесін түбегейлі жаңғырту мәселесінен бастады. Бұл үдеріс Конституция мен Құрылтайдан бастап, «Халық Кеңесіне» және алдағы мәслихат сайлауларына дейінгі бүкіл билік жүйесін қамтиды. Мемлекеттік аппарат Жолдауда белгіленген барлық көрсеткіштер 2027 жылы жүзеге асатындай етіп жұмысын ұйымдастыруға міндетті.
Мемлекет басшысы бізге, Құрылтай депутаттарына, осы міндеттердің орындалуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді тікелей тапсырды. Біздің басты міндетіміз – қажетті нормативтік-құқықтық базаны жедел әзірлеу, Салық кодексін пысықтау, министрліктер мен Ұлттық банктің жұмысын үйлестіру. Қазақстандық бизнестің сенімді дамуына барынша қолайлы жағдай жасап, оның жолына ешкімнің кедергі келтірмеуін қамтамасыз етуіміз керек.
Президенттің бағытын толық қолдаймын және Жолдауда белгіленген міндеттерді өңірімізде жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істеуге дайынмын.
Сұхбаттасқан — Гүлжайна Түгелбай,
Астана қаласынан.
