Нәтиженің кепілі — жауапкершілікті қатаңдату

Қаз 30, 2026

Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Өз сөзінде Премьер-Министр «құқықтық тәртіпті сақтамай, елдің экономикалық және әлеуметтік мақсаттарына қол жеткізу мүмкін емес» екенін атап өтті.

Нағыз патриот кім?

«Заң мен тәртіп» – қазіргі таңда ең жоғарғы конституциялық деңгейде бекітілген мемлекетіміздің негізгі қағидаттары. Президентіміз үнемі айтатындай, нағыз патриот ол — бірінші кезекте заңға бағынатын, тәртіпті сақтайтын, тазалықты бағалайтын, табиғатты аялайтын еңбекқор, білімді азамат. Сондықтан дәл осындай құндылықтарды бәріміз кеңінен насихаттауымыз, ілгерілетуіміз қажет. Тәртіп болмаса, елімізде экономикалық, әлеуметтік, саяси, басқа мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

«Заң мен тәртіп» қағидаты заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталғаны атап өтілді, ал ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдардың құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмысын үйлестірумен айналысады.

Жиында «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету жөніндегі тұжырымдамадағы іс-шаралардың орындалу барысы және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шаралар қаралды.

Қандай тапсырмалар берілді?

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алудың кешенді моделіне көшу, сондай-ақ қоғамдық және жол қауіпсіздігіне жоғары қауіп төндіретін адамдарды бақылаудың бірыңғай ведомствоаралық тетігін құру қажеттігін атап өтті. Қабылданатын шаралар қылмыстың алдын алуға бағытталуы тиіс.

Қаржы министрлігіне алкоголь нарығын, оның ішінде қашықтан сату және жеткізу тәртібін заңнамалық тұрғыдан реттеуді жетілдіру және мониторинг жүргізу жөнінде бірқатар тапсырма берілді. Премьер-министр алкогольді өнімдер сату ережелерін жүйелі түрде бұзатын субъектілерге қатысты жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігіне алкогольге тәуелділі адамдарды мәжбүрлеп емдеу мәселелерін жетілдіру, медициналық куәландыру қағидатын, оның ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі фельдшерлерді даярлау және оларға рұқсат беру, зертханалық жабдықтарды жаңарту және мамандар даярлауды жетілдіру жүктелді.

Қаржылық мониторинг агенттігіне Ішкі істер және Қаржы министрлігімен бірлесіп, қолдан жасалған алкогольді заңсыз өндіру мен айналымына қарсы қылмыстық-құқықтық тетіктерді күшейту тапсырылды. Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтеді. Әкімдіктерге уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары желісін дамыту міндеті жүктелді. Мәдениет және ақпарат министрлігіне салауатты өмір салтын насихаттаумен ғана шектелмей, алкогольді тұтыну мәдениетін қалыптастыруға, зорлық-зомбылық пен отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға, ЖКО және өзге де құқық бұзушылықтарға себеп болатын ішімдікті шамадан тыс тұтынуға төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Әзірлеген – Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.