Техниканың дайындығы тексерілді

Қар 12, 2026

Екібастұз қаласының қысқы уақытқа дайындығы тексерілді. Шаһар ішін ақ ұлпадан жылдам арылтып, дер кезінде тұрғындардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасаудың қамын жасауда. Нақтысы, коммуналдық техникалардың әзірлігі пысықталды.          

Қала әкімі Аян Бейсекин әлуметтік желідегі парақшасында жолдарды қысқы кезеңде күтіп-ұстау жұмысы әрдайым жеке бақылауында екенін атап өтті. Кеншілер шаһарында қысқы қар тазалау жұмыстарына 120-дан астам техника дайын. Шаһар басшысы мердігерлерге бекітілген алгоритмдерге сай жолдарды, тротуарларды қардан тазартуды және қауіпті учаскелерге көкnайғаққа қарсы материалды уақытылы себуді тапсырды.

Жолдар қардан тазартылып, көлік қозғалысы қамтамасыз етілгеннен кейін жиналған қарды полигонға шығару мәселесі де биліктің үнемі бақылауында болмақ.

Г.МАҒЖАН.

Екібастұз қаласы

 

Сорғы станциясы жаңартылды

Павлодар ауданында ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамту бағытында жұмыстар жалғасуда. Мәселен, Новоямышев ауылында сорғы станциясын жаңғыртылып жатыр. 

Аудан әкімі Дидар Ибраев нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Жаңғыртылған соң су бірден бес сүзгіге түсіп тұрады. Ары қарай коллекторға шығып, механикалық түрде тазартылады. Мердігер ұйымның мәлімдеуінше, жаңғырту жұмыстары 80-85 пайызға аяқталған. Ағымдағы аптада ауылдықтарға таза су жіберіледі деп күтілуде. Мамандар жаңа мембрандар, заманауи жабдық барынша суды тазартатынын айтып отыр.

– Жаңа нысандар салумен қатар қолда бар инфрақұрылымға тиісінше қызмет көрсету және оларды уақытылы жөндеу өте маңызды. Өздеріңіз білетіндей, екі жылда Набережное, Новочерноярка, Жаңа қала ауылдарында сорғы станциялары жөнделді. Заря елді мекенінде жабдықтар ішінара ауыстырылды. Басталған жұмыстың жалғасы ретінде облыс әкімінің қолдауы әрі тапсырмасы негізінде қазіргі таңда Новоямышев ауылында сорғы станциясы жаңғыртылуда. Жұмыс барысымен таныстым. Жұмыс қарқыны жаман емес. Қабылданған шаралар суды тазарту көлемін секундына 18-ден 24 текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, орталықтандырылған су құбырының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді, – деп жазды аудан әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұдан бөлек, облыс әкімдігі тарапынан Достық ауылында су құбырларын салу жобасы қолдау тапқан. Сонымен қатар, болашақта Розовка, Маралды, Чернорецк елді мекендерінде осындай жобаларды қолға алу көзделген.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.

Павлодар ауданы

 

  Тәрбиенің бастауы — отбасында

Май ауданында «Саналы ата-ана – қауіпсіз бала – жарқын болашақ» тақырыбында IV аудандық ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Форумға облыстық өңірлік психологиялық қолдау орталығының мамандары мен ауданның барлық елді мекенінен 170-ке жуық ата-ана қатысты.         

Шара аясында «Даналық мектебі: ұрпаққа өнеге» көрмесі ұйымдастырылып, әжелер, аналар және әкелер мектептерінің жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ, отбасылық құндылықтар мен бала тәрбиесіне арналған кітап көрмелері ұсынылды.

Практикалық бөлімде ата-аналар алты бағыт бойынша пікір алмасып, бала болашағын жоспарлау, оқушыны ынталандыру, ұлттық тәрбие, отбасылық құндылықтар, мектеппен серіктестік және қауіп белгілерін ерте анықтау мәселелерін талқылады. Пленарлық отырыста балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі, психологиялық қолдау, ата-ананың жауапкершілігі және отба-сындағы қарым-қатынастың бала дамуына әсері сөз болды. Мектеп психологтары Н.Әлменова, Э.Бақасова және Ж.Аушахманова ата-аналарға арналған психологиялық тренингтер өткізді.

Форум соңында бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, мектеп өміріне белсенді араласып жүрген бірқатар ата-ана Май ауданы білім беру бөлімінің басшысы атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

А.БОРАНБАЕВА.

Май ауданы

 

Тарихи тұлғаларға тағзым етілді

Таяуда бір топ баянауылдық зиялы қауым өкілдері Түркістан қаласына рухани-танымдық сапармен барып, киелі мекендегі тарихи тұлғаларға тағзым етіп қайтты.    

Аудан әкімі Ардақ Кісентаев бастаған делегация алдымен Арыстан баб кесенесіне атбасын бұрып, баба рухына Құран бағыштады. Бұдан кейін олар әулиенің кесене музейімен танысты. Сонымен қатар, жерлестеріміз 1397 жылы іргесі қаланған, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне де барды.  Делегация мүшелері кіші Ақсарайда жерленген Шоң би, Торайғыр би, Мырзақұл батыр, Бекше мерген, Азынабай Ақмырзаұлы сынды баянауылдық танымал тұлғаларға да тағзым етті.

Рухани сапар 7 мыңға жуық экспонаты бар «Ұлы дала елі» орталығында жалғасын тапты. Онда баянауылдықтар 9 тарихи-заманауи зал мен «Түркі әлемінің пайда болу тарихы» 7D голографиялық шоуын тамашалады.

Шара соңында жерлестеріміз Баянауылдың қарағайлары отырғызылған «Заң мен тәртіп» саябағын аралады. Сондай-ақ, ауданның Құрметті азаматы Мұқан Қадырбеков жиналған қауымға ақ батасын беріп, екі өңір арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас ары қарай да жалғасын таба беруіне тілектес екенін жеткізді.

Н.АҚЫТЕГІ.

Баянауыл ауданы

 

Көшелер қоқыстан тазартылды 

Ақтоғай ауданында елді мекендердің тазалығын сақтау және қоршаған ортаны абаттандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Ақтоғай ауылдық округінің аумағында тұрмыстық қалдықтарды жинау, арнайы орындарға шығару және көшелердің санитарлық жағдайын жақсарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.      

Атап айтқанда, қоғамдық жұмыстарға тартылған қызметкерлер ауыл аумағындағы шашылған қоқыстарды жинап, арнайы қаптарға салуда. Кейін жиналған қалдықтар арнайы техниканың көмегімен тиеліп, қоқыс полигонына тасымалданады.

Аталған жұмыстардың басты мақсаты – елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету, қоршаған ортаның санитарлық жағдайын жақсарту және ауылдың көркін арттыру.

Тазалық сақтау – тек тиісті мекемелердің емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Сондықтан аудан тұрғындарына тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастамай, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қажеттігі ескертіледі.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

Ақтоғай ауданы

 

Әлемдік аренадағы жеңіс

Успен ауданының спортшысы Ержан Смағұлов Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен армрестлингтен 47-ші әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, екі жүлделі орынға ие болды.      

2026 жылғы 29 қазанда грандмастерлер арасында ұйымдастырылған әлемдік додаға дүниежүзінің үздік спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады. Осындай беделді халықаралық жарыста аудан намысын қорғаған Ержан екі бірдей жүлделі орынға қол жеткізді. Атап айтқанда, жерлесіміз сол қолмен армрестлингтен II орын иеленсе, оң қолмен сынға түсуде III орынға табан тіреді. Осылайша, Смағұлов Ержан әлем чемпионатының қос жүлдесін иеленді.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

Успен ауданы