«Saryarqa samaly» газетінің ардагер журналисі Мұхамеджан Дәуренбеков туралы

Ол жайлы жазу оңай әрі қиын. Оңайлығы, онымен алпысыншы жылдардан мен – шәкірт, ол – газет қызметкері шағымыздан таныспыз. Өлең мен өнер бізді таныстырып еді. Мені қияметтей қиын ақындық соқпаққа түсуге осы азаматтың да белгілі мөлшерде себі тиген-ді. Мен әңгімелеп отырған адам — Мұхамеджан Дәуренбек.

Мұхамеджан Дәуренбек 1935 жылы қыркүйек айында Қостанай облысы, Әулиекөл ауданының Сұлукөл кеңшарындағы Қарағансай ауылында малшы отбасында дүниеге келген еді. Ауылында мектеп болмағандықтан, орталықта әркімнің үйінде қолбала болып жүріп оқып, кейінірек аудандық Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің интернатында тәрбие алып, түлеген еді. Өзінің әңгімесіне қарағанда, арғы атасы Бодақ батыр — атақты би, батыр Шақшақ Жәнібектің туған жиені. Бабасы Аяпберген — ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің замандасы. Кезінде Қостанай, Торғай, Қараөткел бойларында жыр додасына қатысқан ақын. Кешегі ызғарлы Желтоқсан қарсаңында Тәуелсіздік жолындағы балаң сезіммен Павлодардағы мектеп-интернат шәкірттерінің арасында «Жас Ұлан» ұйымын құрып, қазақ мектебінің азайып кетуі, қазақ тілінің мәртебесі төмендеп бара жатқаны жайлы жасырын хат таратып, ақыры тіміскілеушілердің әрекетімен әшкереленіп, «таяқ жеп», оқудан аластатылып, баспасөз орындарына «құбыжық» көрініп, «бүлікшілдер» атанған кезеңде де алғашқы өлеңдерімді жарыққа шығаруға демеу жасаған ағай еді бұл. Облыс аймағында отаршыл, қанішер Ермактың есімін өшіріп, тарихи Ақсу атауын қайтарып алу, «Қазақ тілі» қоғамын тұңғыш рет өмірге әкелуде тікелей де, газет арқылы да Мұқаңның ықпалы аз болған жоқ. Өзге кейбір облыста тарап кеткен бұл қоғам бізде әлі тарамай ұлт тілінің мәртебесін көтеруде әрекет етіп келе жатса, бұл күнде басқарма мүшесі журналист ағамыздың дауысы бәсендеген, қаламы суыған емес. Тоқсаныншы жылдары облысымыздың зиялы азаматтарының өнегесімен жұртшылықтың сана сезімі оянып, ұлттық салт-дәстүріміздің қайыра жандана бастаған сәттерінде рухани өмірімізде теңдесі жоқ ақындық айтыс өнерімізді өркендету, бір кездегі дүлдүл ақынымыз Иса Байзақұлының дәстүрін жалғасты-руда тікелей басшылық жасап, бұл істе айтыс өнерін насихаттауға өзі мәдениет және әдебиет бөлімін меңгерген «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly») газетін ебдейлі пайдаланғанын көпшілік біледі. Айтыс өнерін өмір айдынына қайыра әкелу талпынысы жеміссіз болған жоқ. «Төкпе айтыс Исаның өзімен бірге кеткен. Павлодардан, орыстанған аймақтан айтыс ақыны шықпайды» деген сарыуайымшыл сәуегейлердің кейінгі өмір шындықтары ауыздарына құм құйды. Сол кезде ақын атындағы әдебиет бірлестігінің 30-дан аса талапкер ақындары әуелі жазба айтыспен жаттығып, кейінірек төкпе айтыстың тізгінін ұстады. Республикалық, халықаралық жыр додасының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған Серік Құсанбаев, республикалық жыр сайыстарының дипломанттары Сабыржан Ахметов, Бейсенбі Мұқажанов, Жұмажан Сейітов, Асығат Тұрғанбеко, соңғы кезде әлі мектеп ұясынан түлеп ұша қоймаған Аспанбек Шұғатаев сынды таланттардан жасақталған ақындар тобы қазір еліміздің белгілі ақындарымен үзеңгі қағыса бастады. Осының нәтижесінде журналист, ақын ағамыз көп жылдық зерттеу жұмысының қорытындысы ретінде Ертіс-Баян өңіріндегі айтыс өнерінің қайыра жаңғыру тарихына арналған «Өнердің алтын тәжі» кітабын жергілікті баспадан шығарды. Облыстық газетіміз ежелден бері өлең-өнерге талпынғандарды шыңдаудың ордасы атанып келсе, өзінің осында қызмет еткен 38 жылдық өмірінде Мұхамеджан аға талай жас таланттардың бұлақ көздерін ашты. Көптеген ауданның газеттерін басқарған журналистер Шәкірат Шалбаев (Баянауыл ауданы), Сүлеймен Баязитов (Павлодар), Амангелді Қаңтарбаев, Жассерік Сәдуақасов (Екібастұз), жоғары оқу орындарында жазушылық-ақындық шығармашылықпен айналысатын ғалымдар Қырықбай Алдабергенов, Алтын Бақреденова, телерадио журналистері Социал Әйтенов, Ғалия Балтабай, Сәлімбай Ермұрат, әкімшілік қызметте жүрген ақын, бір топ қаламгерлер бұл кісіні өздерінің ақылшы ұстазы санайды. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейді. Халық еркесі, сөз серкесі төкпе ақын Серік Құсанбай Мұқаңның 60 жылдық мерейтойында бір кездегі бәріміздің ортақ ойымызды өлеңмен өріп беріп еді.

«…Асқақтап бүгін тойда  ән асылы,

Сезімді тербетеді дала сыры.

Ардақты той иесі Мұқаң біздің,

Ішінде журналистің жаңашылы.

Өңіне өң кіргізген өлеңімнің,

Өзіңдей өнер сүйгіш аға сыны

Талпынып топқа түскен  талант көрсең,

Жар салып бола білдің жанашыры.

Жылыстап заман көші барады алға,

Тізгіндеп қалуға оны шара бар ма?

Ел жүгін арқалаған азаматты,

Баласаң артық болмас қара нарға.

Жол табар көз түрткісіз түнек түннен,

Әр сөзің шамшырақтай  балаларға.

Торықпас топқа түсер   талапкерлер,

Мұқаңдай арқа сүйер аға барда.

Адаспай ақыл құсың аспаныңда,

Жалындап жарқылдадың жас шағында

Жүйткіген желден жүйрік сері жылдар,

Асырды қанша белден қас қағымда.

Көрініп өзекті өртер өлеңдерің,

Жазылып жатыр шүкір дастаның да.

Тобыңнан күнде озған   жүйрік едің,

Алқынба алпыстың да асқарында.

Арғымақ аламанда алқынбаған,

Жанары шапқан сайын жарқылдаған.

Торғайдың топырағынан  нәр алғансың,

Белгілі сондықтан да нарқың маған.

Мұқалмай қолға алған қаламыңыз,

Ұрпаққа ұран болсын   алтын бағаң.

Арқадан қанат қаққан   ақиықсың,

Қарғамен қатар қонбас  қарқылдаған,

деп еді төкпе ақын кең толғап.

Соңғы кезде елімізде экология жайы басты мәселелердің бірі десек, облыста осы тақырыпты көптен үзбей жазып келе жатқан эколог-журналист те — Мұхаң. Ол облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly») газетінің беттерінде ширек ғасыр бойы «Бозторғай» айдарымен топтамаларын үзген жоқ. 70-80-жылдары бұл еңбегі республикалық Табиғат қорғау қоғамының назарына ілігіп, конкурс жүлдегері атанды. Журналистің газет беттерінде қамтымаған тақырыптары кемде-кем. Ұлы Отан соғысының алдында ғана дүниеге келген кейіпкеріміздің әкесі Құрманғали, үлкен баласы Жағыпармен майданға кеткенде отбасындағы он баланың бірі ауылда соқаға жеккен өгіздің мүйізімен алысып қаршадайынан жұмысқа араласып, аш-жалаңаш күн кешті. Шынашақтайынан майдандағыларға хат жазып беріп, сағынышты өлең, жоқтаулар жазды. Қазіргі 46 жылдық қызметінде ол — майдан ерлерін көп жазғандардың бірі. Ардагер журналист қазақтың Мемлекеттік университетін 1958 жылы оқып бітірген соң әуелі облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly»), «Тың өлкесі» өлкелік газеттерінде еңбек етіп, республикалық «Ара» журналының облыс бойынша штаттан тыс тілшісі болып, көптеген газет беттерін «шиырлаған». Шығармашылық, ақындық өнеріне де таласы бар. «Қиын бала», «Тілші» пьесалары аудандық халық театрларында қойылды. Әлі басылмай кезекті «сәт» күтіп тұрған рухани перзенттері бар.

— Биылғы басталған тауық жылындағы басты тақырыптарыңыз қандай? – деп сауал қойғанымызда ағай:

— Қазір еңбек етіп жүрген Павлодар аудандық «Нива» газетінде Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына ауданның майдангер-лері мен тылдағы жанкештілерін орынды сипаттау мақсатында озық шығармаларға бәйге жариялап отырмыз. «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасы, қазақ тілінің тағдыры, сол үшін әрекет, аудан экономикасын көтеру, 12 жылдық білім алуға көшуді терең жазу — басты борышымыз, — деп жауап берген еді. Өмірінің жетінші белесіне ұшқыр қаламы, жігерлі талабымен ел есінде қалған ағаға зиялы өнегесі үшін ризамыз. Кейіпкерімнің рухани жағдаяты, жоғарыда айтқанымдай, түгел сипаттауға тым ұзақ, қиын болса, енді бір өріс саласы өрбіткен ұрпағы турасында айтсам, үш перзенті жоғары білім алып, үйлі-баранды болды. Бағдат жеңгей екеуінің тәрбиелеген қыздары Сәуле – экономист, Жанар – журналист, Нұрлан — Алматының көркемсурет Академиясын бітірген суретші.

 

Арман ҚАНИ.