Өткен аптаның соңында облыс әкімі Асайын Байханов Тереңкөл ауданында болып, облыс орталығынан шалғай жатқан бірнеше ауылға барды. Аймақ басшысы жол, инженерліккоммуникациялық инфрақұрылым тарту мен елді мекендерді абаттандыру жұмыстарымен, сондайақәлеуметтік нысандардың құрылысы барысымен танысты.

 

Құрылыс жұмыстары қарқын алды

Алдымен Асайын Байханов Қызылтаң ауылында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан мәдени ойын-сауық орталығының құрылысын тексерді. Жобаның жүзеге асу мерзімі сәуір-қыркүйек айларына жоспарланған. Жобаның құны 152,9 млн теңгені құрайды. Құры-лысқа жауапты мердігер ұйым – «Мұнайқұрылыс» ЖШС. Аумағы 600 шаршы метрді құрайтын мәдени орталықтың қазандығы электрмен жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, биыл аталмыш елді мекенде 3,2 шақырымды құрайтын кентішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Мердігер «ИНЭК Қазақстан» ЖШС алдағы уақытта жұмысқа кірісуді жоспарлап отыр. Қос компания өкілдері өз салаларына қатысты жұмыстарды таныстырып, барлығы талапқа сай жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Аймақ басшысы барлық нысандардың уақытылы әрі сапалы аяқталуын қадағалауды баса тапсырды. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды аталған жобалардың құрылыс жұмыстарына тарту мәселесін де міндеттеді.

— Бастысы, құрылыс жұмыстары сапалы әрі белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Құрылысқа жауаптылар өз жұмыстарына жанашырлықпен қарау керек. Тапсыру мерзімі белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылуы қажет. Сондай-ақ, жылу мәселесіне ерекше мән беру керек. Себебі, ауылдардағы электр жүйелері тозған. Бұған қоса, жел болып, электр сымдары үзілуі мүмкін. Резерв көзін қарастыру керек. Талапты орындамағандарға шара қолданамыз. Сол себепті құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, барынша жылдамдатуды тапсырамын, — деді облыс әкімі. Сонымен қатар, аймақ басшысы Ресеймен шекаралас орналасқан Львовка, Калиновка ауылдарына барып, аталған елді мекендердегі дене шынықтыру кешені, мектеп, медицина орта-лықтарының жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, 2024 жылы Калиновка ауылындағы мәдениет үйі, мектеп және медициналық пункт күрделі жөндеуден өтеді. Асайын Байханов бұл жобаларды іске асыру ауылдардың дамуына тың серпін беріп, оқушылардың толыққанды білім алуына және жергілікті тұрғындарға медицина саласында сапалы қызмет көрсетумен қамтамасыз ететінін атап өтті. Сондай-ақ, ол өзінің «Instagram» парақшасында ауылды дамыту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше серпіліс беретінін жазды.

— Ауданды аралау барысында пошта және полиция бөлімшесі орналасқан ауылдық әкімшілік ғимаратты қарап шықтым. Ғимарат жөндеуді қажет етеді және ауылға қажетті мамандар үшін тұрғын үй ретінде пайдалануға болатын бос алаңдар бар. Әкім мен жергілікті қоғамдастық бос үй-жайларды қалай тиімді пайдалану керектігін бірлесіп шешуі керек, — деді Асайын Байханов. Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында аймақ басшысы ауданда жөндеуден өтіп жатқан тас жолдардың сапасын тексерді. Жалпы, соңғы жылдары өңірде асфальт жолдарды жөндеу жұмыстары қарқын ала бастағаны қуантады. Бүгінгі таңда Тереңкөл ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың бірі — облыстық маңызы бар «Ивановка-Трофимовка» жолының 27 шақырымы жөндеуден өтуде. Жұмыстарды 2023 жылдың шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, облыс әкімі биыл Фрументьевка және Жасқайрат, Федоровка, Байқоныс, Трофимовка, Воскресенка ауылдарының кіреберіс жолдарын жөндеуді тапсырды. Бұдан бөлек, облыс әкімі аудандағы көктемгі егіс жұмыс-тарының барысымен танысып, бірқатар шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Аймақ басшысы аудандағы аграрлық өндіріс саласындағы жағдайға тоқталып, суармалы егіс, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес салаларын дамыту, жергілікті өнімдерді экспорттау және қайта өңдеу қажеттігі туралы айтты. Жергілікті шаруаларға көктемгі дала жұмыстарын одан әрі жалғастырып, алқап көлемін арттыру қажет екенін жеткізді. Ол үшін жергілікті билік тарапынан барлық қолдау көрсетілетінін айтты.

Ауылдағы ағайынның қамы мен халі

Облыс әкімі Асайын Байханов Тереңкөл ауданының тұрғында-рымен кездесіп, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Еркін форматта өткен кездесуде негізінен халықтың ой-пікірлерін, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдауға маңыз берілді. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен кездесуде алдымен ауданда атқарылған игілікті істерді тілге тиек етіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

–  Тереңкөл ауданының экономикасы қарқынды дамуда. Аудан егін алқабы бойынша облыста екінші орын алады. Ауданда қазіргі уақытта жалпы сыйымдылығы 11,8 мың тоннаны құрайтын 6 көкөніс қоймасы бар. Соңғы үш жылда аудандағы суармалы егін алқабы 1,8 есеге өсіп, 11,7 мың гектарға жетті. Биыл мал азығы алқабын 18,8 мың гектарға ұлғайтып, егістік алқабын 307 мың гектарға жеткізу көзделген. Ауданда мал шаруашылығын дамытуда үлкен мүмкіндіктер бар. Аудан сүт пен құс басы бойынша облыста үздік үштікке кіреді, – деді Асайын Байханов.  Сондай-ақ, облыс әкімі ауданда кентішілік жолдар мен елді мекендерге ауызсу тарту сияқты ауқымды жұмыстар биыл да үлкен көлемде атқарылғалы отырғанын мәлім етті. Аймақ басшысы Тереңкөл ауданының әкіміне биыл Қызылтаң ауылындағы ауызсу мәселесін шешуді тапсырды.

–  Барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, алайда осы уақытқа дейін су құбыры әлі жұмыс істемейді. Өткен жылы қаражат бөлініп, толық көлемде игерілді. Екі айдың ішінде барлық ескертулер жойылып, су құбыры қолданысқа енгізілсін. Қажет болған жағдайда облыстық энергетика және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларын тарту қажет, – деді Асайын Байханов. Облыс әкімінің айтуынша, ауданда барлығы 30 елді мекен бар, оның 15-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген,
10 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. Бүгінгі таңда ауызсуға қол жеткізе алмай отырған ауылдардың саны – 5, оның ішінде үш ауыл тұрғындар санының аз болуына байланысты оңтайландыруға жатады. Жалпы аталған жобаларды іске асыру 400-ге жуық адамды таза ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, қалған елді мекендерді қоса алғанда, ауызсумен қамту көрсеткіші 97,8 пайызды құрайды

– Биылғы жылы Осьмерыжск ауылында су құбырын салу, Тереңкөл ауылында сорғы станциясы мен Ивановка ауылында су құбырын қайта жаңарту жоспарлануда. Бұл су құбырлары 50 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Биыл Песчаное ауылында 60-жылдардың соңында пайдалануға берілген су тазарту құрылыстары мен су құбыры желілерін ауқымды жаңғырту басталды. Осы жобаға биыл 1,5 млрд теңге бөлінді, – деді аймақ басшысы. Сонымен қатар, облыс әкімі жұртшылықпен кездесу барысында аудан басшысы Азамат Маңғұтов аудандағы оң өзгерістер мен алдағы атқарылар ауқымды бастамаларға тоқталып, ауылдың жағдайы және халықтың тұрмыстық әл-ауқатын көтеру мәселесі үнемі назарында екенін жеткізді. Бұдан соң билік пен бұқараның кездесуі сұрақ-жауап форматында жалғасын тапты. Халықтан түскен сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үймен қамту, жол, жарық, ауызсу, мектеп құрылысымен тағы да басқа әлеуметтік және жеке мәселелерге қатысты болды. Мәселен, Жасқайрат ауылының тұрғыны Әділ Дүйсенбеков ауылдастарын алаңдатып отырған бір мәселе мектепке жөндеу жұмыстары екендігін айтты.

– Біздің ауыл — 36 үйі бар кішкентай ғана ауыл. Кішігірім мектебімізде 26 бала оқиды. Шағын орталығы бар. Бірақ 1976 жылы салынған мектепке ірі жөндеу жұмыстары ешқашан жүргізілмеген. Сондықтан оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасалып, мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілсе дейміз, – деді ауыл тұрғыны. Өз кезегінде облыс әкімі аталмыш мектептегі бала санын көбейту қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай мәселелерді шешуде адам саны көп орындарға басымдық беріледі. Десе де, аймақ басшысы мектеп бойынша жөндеу жобасының құжаттары дайын болса, қаражатпен көмектесуге дайын екендігін де жеткізді. Сондай-ақ, облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина аталған мектепте жылда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Биыл бұл білім беру орнының еденін ауыстыруға және қабырғаларын жөндеуге 2 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, кездесу барысында Песчаное және Береговое ауылдарының тұрғындары аталмыш елді мекендердегі әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеуге көңіл бөлуді өтінді. Мысалы, Береговое ауылында 2021 жылы өрт болған жергілікті мәдениет үйіне әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Сондай-ақ, Песчаное ауылында 1976 жылы салынған балабақша да жөндеуді қажет етеді. Бүгінде мектепке дейінгі мекемеге 109 бала барады. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалған, алайда құжаттама мерзімі күзде аяқталады. Өңір басшысы жобалау-сметалық құжаттамаға қазіргі бағаларды ескере отырып түзетулер енгізуді және 2024 жылғы бюджетке өтінім беруді тапсырды. Тұрғындардың барлық талап-тілектерін тыңдай келе, облыс әкімі тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Кездесу соңында Асайын Байханов тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, айтылған мәселелердің алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға толық жауап берілген соң, аймақ басшысы мен мекеме басшылары азаматтарға жеке қабылдау өткізді.

Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ,

Тереңкөл ауданы.

Суретті түсірген – Валерий Бугаев.