Мемлекеттік қазынаның жекелеген адамдар, түрлі кәсіпорындар мен алпауыт компаниялар төлейтін салықтан құралатыны белгілі. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің де үлесі мол. Егін егіп, төрт түліктің басын көбейтіп, шикізатты өңдейтін кәсіпкерлер бюджетке міндетті төлем аударады. Бұл ретте осы сала өкілдерінің шығыны көп екенін де ескерген жөн. Әсіресе, соңғы уақытта тұқым, минералды тыңайтқыштар, мал азығының бағасы еселеп өсуде. Сондықтан шаруаларды салықтан босату керек деген ұсыныс айтылды. Бәріне ортақ міндетті төлемді аударуда оларға жеңілдік жасау қаншалықты қисынды? Оның соңы кәсіпкерлік жауапкершіліктің төмендеуіне әсер етпей ме? Осы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

 

Николай АРСЮТИН,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Конституцияға сәйкес, заң жүзінде белгіленген салықтарды, алымдарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу – әркімнің борышы әрі міндеті. Салық төлеу қаржылық тәртіпті тәрбиелейтінін түсінеміз. Оның үстіне, салықтың барлық түрінің жойылуы бюджеттің, мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларының қысқаруына әкеледі. Дегенмен, мына жайтты да ескеруіміз керек: соңғы бес жылда ауылдардан 200 мыңға жуық адам көшіп кетті. Себебі, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен қолдауға бағытталған жұмыстар атқарылып жатқанымен, айтарлықтай өсім байқалмайды. Ал агроөнеркәсіптік кешеннің өркендеуі үшін оларды салықтан босатқан жөн. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар шара. Оған қоса, біздің елде қосымша құн салығын есептеу, төлеу және қайтарудың қазіргі жүйесі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы көлеңкелі экономиканың өсуіне әкелді. Осы және басқа да әкімшілік шығындарды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін, шикізат пен азық-түлік тауарларын өндірушілері, бастапқы және терең өңдеу кәсіпорындары үшін салықтың барлық түрін (әлеуметтік аударымдардан басқа) толығымен жою салық түсімдеріне айтарлықтай әсер етпейді деп санаймыз. Себебі еліміздің тұтас ауылшаруашылық саласынан түсетін салық барлық түсімнің тек 0,5 пайызын құрайды.

Серік СӘДУАҚАСОВ,  Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтан босатуға қатысты ұсыныстың «жаны» бар. Бұл мәселе бұған дейін бірнеше рет кәсіпкерлер тарапынан көтерілген де болатын. Негізі, агроөнеркәсіптік кешеннен мемлекеттің қазынасына түсетін қаражаттың өзі біраз «жыртықты» жамауға жетеді. Әйтсе де, тұрғындар жаппай көшіп жатқан елді мекендерді, ондағы жұмыс орындарын сақтап қалу үшін шаруашылықтардың дамуына да жағдай жасаған дұрыс. Бірақ оларды салықтан босатсақ, міндетті түрде қайтарымы болуы тиіс. Яғни, белгілі бір шартпен ғана жеңілдік қарастырған жөн. Айталық, бұған дейін төлеп келген салықтың сомасын жұмысшылардың жалақсын көтеруге, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жас мамандарды даярлауға, ауыл ішіндегі күрмеулі мәселелерді шешуге бағыттайтын болса құба-құп. Ал салығын төлемесе, кәсібін одан әрі дамытпаса, қызметкерлері мен бизнесін дөңгелетіп отырған ауылға қаржылай қолдау көрсетпесе, мұндай жеңілдікті қолданудың да қажеті жоқ.

 

Раушан БАЙДҮЙСЕНОВА,  «Ереке» шаруа қожалығының басшысы, Аққулы ауданы:

– Меніңше, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің салықтың барлық түрінен босату дұрыс емес. Себебі, жердің игілігін көрген соң, оның есебін беру керек. Сондай-ақ, мұндай жеңілдік жасау масылдыққа әкеп соғуы бек мүмкін.

Қазіргі таңда шаруашылықтар төлейтін салық ол кәсібін дамытып отырған ауылдық округтің емес, одан жоғары тұрған бюджеттің «қалтасына» түседі. Осы жүйені өзгерту керек деп есептеймін. Кәсіпкер табыс тауып отырған елді мекенінің қазынасын толықтыруға үлес қосуы қажет. Әйтпегенде, бүгінде ауылдың бюджеті көлік, елді мекен жерін пайдалану салығынан түсетін тиын-тебенмен ғана толығып отыр. Ол ауылдағы мәселелерді шешуге жетпейді. Оған қоса, «Ауыл – ел бесігі» сынды мемлекеттік бағдарламалардың талаптарына сай келмейтін шалғайдағы шағын ауылдар бар. Егер шаруашылықтардың салығы жергілікті әкімдікке берілсе, сол арқылы біраз істің басын қайыруға болатын еді.

Ал тауар өндірушілерді қолдау тетіктері ретінде салықтан босату емес, керісінше субсидия төлеуді қарастырған абзал. Оған қоса, субсидия әдеттегідей ірі шаруашылықтарға емес, мал басы 50-ден асатын жеке аулаларға берілуі керек. Сонда ғана ауыл тұрғындары төрт түліктің басын көбейтіп, шаруа қожалығын ашып, ауылға нақты пайдасын тигізе алады.

«Алаңды» үйлестірген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.