Павлодар қаласына қарасты Павлодар ауылының тұрғындары көптен бері таза ауызсудан тапшылық көріп отырғандарын айтып, редакциямызға хабарласқан еді. Олардың айтуларынша, осы мәселені шешу үшін 2 жыл бұрын елді мекенге су құбырлары тартылған. Сол кезде ауылдықтар «ауызсуға жаритын болдық» деп қос қолдарын шапалақтап қуанғанымен, бүгінде сол қуанышы су сепкендей басылып, үміттері үзілуге шақ қалған. Мәселенің мән-жайына үңіліп көргенедік. 

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, Павлодар ауылының тұрғындары таза ауызсуды күте-күте тағаттары таусылғанын айтады.

– Осыдан 2 жылдан астам уақыт бұрын ауылдағы көшелерге таза ауызсуға арналған құбырлар тартылды. «Су әне келеді, міне келеді» деп сарыла күтуден шаршадық. Көлігі бар адамдар күнделікті пайдаланатын ауызсуды облыс орталығынан тасып әкеп алады. Ал көлігі жоқ адамдар өздері қазып алған құдықтың суын ішеді. Құдық суының сапасы сын көтермейді, тұзды. Тіпті, шай қайнатып жүрген шайнектің ішін қақ басып, қатып қалады. Суды зерттеуге апарып көрген ауылдас- тар сапасының өте нашар екенін айтып келді. Соған қарамастан мұндағы халықтың көбі тұзды суды әлі тұтынуда. Басқа жол жоқ. Осы мәселені ауылда өткен талай жиналыстарда көтердік. Жауапты адамдар «жұмыс істеліп жатыр» деп құтылады. Егер солай болса, нәтижесі қайда? Қаланың іргесінде тұрып, таза ауызсуға жарымай отырғанымыз жанға батады, – дейді ауыл тұрғыны Ғарифолла Әділдабек. Сондай-ақ, ол қалаға қарасты Кенжекөл, Мойылды ауылдарында ауызсу баяғыда тартылғанын, тіпті, шалғайда жатқан көптеген ауылдар да орталықтан-дырылған су жүйесіне қосылғанын айтып, шаһарға тиіп тұрған өз ауылының өркениет көшінен қалып қойғанына қапалы екенін жеткізді. Амалдың жоқтығынан ащы су ішіп отырған ауыл тұрғындарының бірі – Аллаберген Шайзада:

–  Сусыз өмір жоқ. Үйіме құдық қазып алғанмын. Оның суының сапасы нашар, денсаулыққа зиян деп айтып жатыр. Шарасыздан сол сапасыз ауызсуды ішіп отырмыз. Бар тілегіміз – тезірек таза ауыз- су берілсе екен дейміз, – дейді. Осылайша, осыдан екі жыл бұрын ауыл ішіндегі көшелерге су құбыры тартылғанын көріп, таза ауызсуға қол жеткізуге асық болған тұрғындардың көбі жанталасып құбырды үйлеріне дейін өз күштерімен кіргізіп, қажетті сантехникалық заттарды да сатып алып қойғанын айтады. Енді олар ауызсудың қосылуын ғана тағатсыздана күтуде. Сонымен, павлодарлықтарды мазалаған мәселе қашан шешімін табады? Не кедергі болып тұр? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Павлодар ауылының әкімі
Сырым Рушановқа
хабарласқан едік. Оның айтуынша, қазіргі таңда құбыр салу жұмыстары аяқталған. Енді сорғы станциясын тазалау, қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу жұмыстары қолға алынуда.

– Бұл бағыттағы жұмыстар биыл мамыр айының соңына дейін бітеді. Ал маусым айынан бастап әр участок бойынша жұмыс жүргіземіз. Бәрі ойдағыдай болса, шілде айынан бастап су құбыры іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Әрине, бір уақытта ауылдағы барлық үйге ауызсу жіберілмейді. Құрылғының мүмкіндігіне, судың екпінінің қысымына қарап әр көшеге біртіндеп су жібереміз. Сөйтіп, осы жылдың күз айларының соңына дейін, яғни суық түспей елді мекендегі барлық отбасы 100 пайыз таза ауызсумен қамтылатын болады, –
дейді Сырым Төкенұлы. Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, елді мекенді таза ауызсумен қамтуға бағытталған жоба 2021 жылдың желтоқсан айында басталған. Жоспар бойынша 2023 жылдың  соңына дейін аяқталуы тиіс.

– Осы жұмыспен айналысып жатқан павлодарлық мердігер фирма – «Ай-Су Мелиорация» ЖШС жоспарға сай әрекет етуде. Әзірге ешқандай кедергі жоқ. Жоба екі жылға арналған. Белгіленген уақытында шаруа аяқталады деген үміттеміз. Сондықтан тұрғындардың алаңдамағаны жөн, – дейді ол. Оның айтуынша, екі жылдық жұмысқа республикалық бюджеттен 1,2 миллиардтан астам теңге бөлінген.

– Ауылымыз жылдан-жылға үлкейіп келеді. Бүгінгі күні мұнда 1800-ден астам отбасы, яғни 6490 адам тұрақты тіркеуде тұр. Ал ауылда тіркеуі жоқ, үй жалдап тұрып жатқан халық саны қаншама? Шамамен осындай 1 мыңдай адам бар деп ойлаймын. Үлкен ауылдың тұрғындарын орталықтандырылған таза ауызсумен толық қамту үшін де қомақты қаражат қажет екені айтпаса да түсінікті ғой. Онсыз ештеңе істей алмаймыз. Осы жобаға қажетті қаржы республика қазынасынан қалай бөлінді, бірден жұмысқа кірісіп кеттік, – дейді Сырым Рушанов. Сондай-ақ, ол 5 жыл бойы әкім болып келе жатқан Павлодар ауылы қалаға тиіп тұрса да, көптен бері ауызсу мәселесінің шешілмеуіне қомақты қаражатты қажет ететін қуатты жобаны қаржыландыру ісінің қолбайлау болғанын айтады. Ал ауылдықтар салыстыра айтып жүрген алыстағы шағын елді мекендердің ертеде-ақ ауыз-сумен қамтылып қоюы оларда жобаның құны арзан екендігімен байланысты, дейді әкім. «Ештен кеш жақсы» демекші, енді екі жылға белгіленген жоба ел сенімін ақтап, жылдар бойы тіршілік көзінен тапшылық көрген тұрғындар тілегі орындалатын күн алыс емес деп сенеміз! Көпті толғандырған мәселе біздің назарымызда болмақ.

 

Нұржайна ШОДЫР.