Кеңестік заманда дүниеге келіп өскендіктен, біз жеті атаны қайыруды  білмедік. Ол түгілі өз атамыздың әлеуметтік тұрмысынан, бастан өткерген қиын күндерінен де ада екенбіз. Мен 4-сыныпта оқып жүргенімде әкем Шаймұрат атамыздың тұрған жерін көрсетті. Қазіргі Ақтоғай ауданы, Қараоба ауылында, кейін тың көтеру жылдары «Спартак» совхозына айналған елді мекеннен 30 шақырым жайлау кезінде «Қарағанды» аталған жер екен. Ол кезде қара топырақтың құнарлылығы сонша, тамырсыз ағашты жерге көміп қойса, сол тал болып өсетін көрінеді. Ағаш тұрған жер өзі үлкен ойпаң болғандықтан, қырқыншы жылдарға дейін онда жидектің түр-түрі өте көп болған деседі.

Атам отбасымен осы жерде тұрыпты. Сол ауылдан Кенжекей атам мен Бөпіш әжем 1928-1932 жылдарда Ертістің кең жайылатын тұсындағы Қараоба деген жерге көшеді. Голощекиннің үкімет басына келіп, өз саясатымен ауылдарда аша тұяқ малдарды тартып ала бастағанын сезіп, біраз малын ауыл маңындағы тоғайға жасырады. Өзі жасырынып жүріп, халық аузында «Қасқыр баласы Аюдың қорасы» деп сақталған жерді паналайды. Олардың тұқымынан Рахмет деген бала қалған. Атам оны 13-14 жасында көрген. Кейін мен ол кісіні ақсақал шағында іздеп тауып, атам туралы мынадай естелік жазып алдым: «Кенжекей мені түнде жұлдызға қарап атпен жүруді үйретті. Аштық басталған жылдарда Рахмет атаммен жылқы ұрлауға барады екен. Жылқыны 500-1000 шақырым жерге дейін барып әкеліп жүрді. Менің атам да аңшы әрі мерген, балықшы да болды». ХІХ ғасырда Ресейлік шаруалар Ертіс өзені жағалауына көшірілуіне байланысты қалалар тұрғызылып, шіркеулер салына бастаған. Краснояр – қазіргі Ертіс, Коряковка – қазақтар Кереку атаған Павлодар қалалары, Черноярка, Сычевка, Григорьевка, Чернорецк елді мекендерде орыстар, шешендер қоныстанған. Атамыз тұрақтаған мекен бүгінде тағы да орыс тілінде «Набережная» деп аталады. Сонда Сербин деген орыспен танысып, ол да балықшы болу керек, ауыл жанындағы үлкен көлден бірлесе балық аулап, үйрек атып, аштықтан әлсіреген отбасыларына тегін таратып отырған. Атама қиыншылықта дос болған ағаш аяқты Сербин деген досына қонаққа келгенінде әкемнің естіген бір әңгімесі мынандай: «Кенжекей бір оқпен бір қап үйрек атып алып, соны ауыл кісілеріне таратып тұрады екен. «Әкем қалай бір оқпен бір қап үйрек атқан?» деп әкем Шаймұрат сұрағанда, орыс тамыры: «Ол мылтықпен жоғары ататын. Үйректер шошып ұшқанда, судың бетінде тартылып тұрған ауға түседі екен. Сосын құрма құрып та балық аулағанбыз, соны да аштықта кісілерге тараттық», — деді. Кейін Чернорецкіден қалаға көшіп, Кенжекей атам өзен портында жүк тиеуші болып қызмет істепті. Бойы 2 метрге жақын, өте қарулы досының қалада телеграф бағанасын иығына салып келе жатқанын көріп Сербин: «Андағың не?»  десе: — Жай отыңдық ағаш қой» деп жауап беріпті. Бұл 1940 жылы орыс тамырының атамды соңғы көргені екен. Кенжекей Темірбаевтың тағдырына соғысқа қатысу бұйырғанмен, он ай өтісімен 1942 жылы 1 қаңтарда снайпердің оғынан қаза табады. «Көлденең оққа ұшырамағанда мергендігімен талай фашисті жер жастандырар еді» деп отыратын әжем. Қазір зираты Смоленск облысына қарасты Кармановский ауданының Леушино ауылынан 400 метр жерде. Соғыстан кейін әжем мен әкем басына барып қайтқан екен. Әжемнен атам туралы сұрағанымда, көбінесе туғандарына жасаған жақсылықтарын айтатын. Әжем Бөпіш Сүлейменқызының руы Найман, қазір Сарышығанақ аталатын бұрынғы Калинин совхозында туған. Әжемнің әкесі Сүлеймен бай болған. Оның 15 өгізі, 30-дай сиыры, 2-3 үйір жылқы және біраз түйелері болыпты. Ауыл сыйлаған және тыңдаған, ел тұрмысындағы барлық мәселені өзі шешіп отырған әжемнің анасы Жаңылдықты ауыл адамдары кеңес үкіметі орнап жатқан жылдары алдымен болыс, кейін ауыл совет бастығы қылып сайлайды. Ол кісі түйені жүк тасу үшін мініпті. Жаңылдық өте қатал адам болған дейді. Бөпіш әжем де анасына тартқан болуы керек, мінезі қатты болды. Көп сөйлемейтін, әрдайым ойға батып, анда-санда будақтатып темекі шегетін. Әкесі Сүлейменді өзінің түйесі аяғымен кеудесінен жаншып басып кеткенін, содан кейін қатты қиналып қайтыс болғанын әкемнен естідім. Бөпіш әжемнің апасы Биғайын (жездесі Бақриден), Чернорецкіде тұратын сіңлісі Жәзкен және інілері Сәрсен, Жұмаш, Ғазиз – менің нағашыларым. Кіші інісі Ғазиз соғыста хабарсыз кетіпті, ал Жұмаш нағашым аман-сау оралған. Әжемнің әдемі қоңыр дауысы болатын. Ол домбырамен өлең айтқанын бала кезімде талай көргем. Қаладағы үйіміз бұрынғы «улица Красноармейцов», Кривенко көшесінде болды. Ол жерде қазір Достық үйі тұр. Атам соғысқа аттанғанда әжем 3 баламен (Шаймұрат және Бақыт, Сақыш) қалып, соларды асырау қамымен жүріпті. Мен әжемнен неге темекі шегетінін сұраға-нымда: «Егер де аштық нәубетінде бір жазда 8 баладан айырылсам, одан атаң соғысқа кетіп қалғаны бар, 3 баланы жалғыз қалай асырап шығамын деген ой басымнан кетпесе, не істемейсің?» деген еді. Қазақстандағы Голощекин саясатының халық зықысын шығарғаны, ата-бабаларымыздың бастан өткергендерін қазір жиі естиміз. Атамыздың Ресей шекарасындағы жайылымдардан жылқыларды ұрлап әкелгені өзі үшін ғана емес, аштыққа батып жатқан Чернорецк халқын ойлап істегені ғой. Сондықтан болар, 1992 жылдары елімізде Тәуелсіздік орнығып, қайта құру белең алып, кейінірек совхоздар жеке меншікке шыға бастағанда Чернорецк ауылында жиналыс болады. Сонда жиналған ақсақалдар: «Жеке шаруашылық серіктестігін ашамыз, атын не деп қоямыз?» дегенде, «Аштық жылдары бізді кім аман алып қалды, Кенжекей деген азаматтың қанша көмек істегенін есте қалдыру үшін «Набережный» ауылына бірауыздан «Кенжекей» деген ат берілсін!» деп шешіпті. Кейін екі жыл ішінде көтеріліп келе жатқан ЖШС (жеке шаруашылық серіктестігі) белгісіз себептермен жабылып, атамыздың аты аталмай қалды. Жергілікті жұртшылық «Кенжекей көлі» деп атап келген көл «Набережный» мен «Жаңақала» ауылдарының ортасында. Қазақ халқының басына нәубет өткен жылдары өз балаларын бірінші орынға қоймай, қарашаға көмек жасаған атамыз  атаусыз қала бермек пе? Соңындағы ұрпағы – мені осы қатты қынжылтады. Ұлы Отан соғысының құрбаны болған, аңшылығымен, саяткерлігімен ел есінде қалған атамның аты өшпесе екен деймін.

Серікбай КЕНЖЕКЕЕВ,

зейнеткер.