Бүгінде өңірдегі кейбір шаруалар картоп жинаудың қамына кірісті. Солардың бірі — Ақсу қаласының тұрғыны Аслан Омаров басшылық ететін «АгроЛогистик» ЖШС. Суармалы шаруашылықпен айналысатын серіктестіктің биылғы өнімі көңіл көншітерлік. Серіктестік басшылығы биыл техника паркін жаңартып, жұмысты оңтайландыра түсті. Жергілікті тұрғындарды да тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Ақсу қаласына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Асайын Байханов «Черемушка» шағын ауданында орналасқан серіктестіктің тыныс-тіршілігімен танысты. 2020 жылы негізі қаланған шаруашылық бүгінде еліміздің бірқатар өңірін картоппен қамтамасыз етеді. Шаруасын өрге домалатып отырған кәсіпкер Аслан Омаровтың айтуынша, «АгроЛогистик» ЖШС шаруашылыққа қажетті техникамен толық жабдықталған. Биыл ол «Қазагроқаржы» АҚ арқылы лизингке «John Deere» тракторын, картоп жинауға арналған комбайнын және жеке қаражатына 6 қондырғы сатып алған. Биыл 354 гектарға картоп пен көкөністер егіп, мол өнім алған кәсіпкер қазір картоп жинау қамында. Заманауи қондырғылармен жабдықталған «АгроЛогистик» ЖШС-де 22 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласына сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Ауылдық аймақтағы суармалы егіншілікті дамыту бағдарламасының орындалу барысымен танысып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы жобасына қатысушылармен кездесті. Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт кешенінде ақсулық балалар бос уақыттарын өткізіп, спортпен айналысады. Аймақ басшысы кешеннің дзюдо, қазақ күресі залдарында жаттығып жүрген балалармен кездесіп, болашақ балуандарға үлкен спортта жетістіктер тіледі.
– Осы спорт кешеннің аума-ғында бассейн салу көзделіп отыр. Ақсу қаласында волейболшылар, футболшылар үшін бар жағдайлар жасалған. Спортта жақсы көрсеткіштерге жетіп жүрген жеңіл атлетшілерге де қолайлы жағдай жасау керек. Балаларға арналған бассейн салынғаннан кейін, қалада жеңіл атлетика манежін құруды да жоспарлап отырмыз, — деді Ақсу қаласының әкімі Н.Дүйсембинов. Ақсу қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Кирилл Ефремов жаңа құрылыстың жобасымен таныстырды
– Нысанның ені 16 метр, ал ұзындығы 25 метр болмақ. Олимпиада нормаларына сәйкес, бассейн алты жолақты болуы тиіс, алайда біз бес жолақты етіп жасаймыз. Қосымша тағы бір жолақты мүмкіндігі шектеулі жандар үшін істейміз. Яғни ғимаратқа кірген кезде барлық қолайлы жағдайлар қарастырылады: пандус пен жеделсаты орнатамыз, – деді бөлім басшысы. Аймақ басшысы Асайын Байханов бұл жобаның жақсы бастама екенін атап өтті.
– Өте жақсы, рационалды идея. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тобына қолжетімді болуын ескеріп, лифт пен пандус мәселесін ұмытпау қажет. Жобаға қолдау көрсетеміз, — деді А.Байханов. Ақсу қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі жобаның жобалық-сметалық құжат-тамасын жыл соңына дейін әзірлейді.
Т.ӘБІЛДА.