«Saryarqa samaly» газетінің Абай облысы Бесқарағай ауданына өлкетану экспедициялық сапары Бесқарағай ауданының 95 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Әр нәрсені ырымдағыш халқымыз үшін бұл — жақсылықтың, өзара сыйластықтың белгісі.

Бесқарағай ауданының 95 жылдық мерейтойына орай аудан көлемінде үлкен Өнер және спорт фестивалі ұйымдастырылған екен. Іс-шаралар екі күнге арналған. Біз әуелі Мәдениет үйінде өткен «Ғасырлар тоғысындағы Бесқарағай» атты ғылыми-тәжіри-белік конференцияға қатыстық. Конференцияға жиналған Құрметті азаматтарды, еңбек ардагерлері мен ауданның игі жақсыларын Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы құттықтады:

— Құрметті жерлестер, бүгінгі мерейлі тойға жиналған қауым! Бүгін ауданымыз үшін атаулы күн. Бірлігі жарасқан Бесқарағай ауданының 95 жылдық мерейтойы баршамызға құтты болсын! Бір ғасырға жуық тарихы бар өңірдің экономикасы дамыған. Табиғаты көркем, алқабы астыққа бай өлке. Бұл өңір ата-бабамызға арғы заманнан бері құтты мекен болып келеді, 28-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдеріне жайлы қоныс болған шежірелі өлке. Ауданымызда 18 мыңға жуық тұрғын бар. Кең-байтақ жеріміз, алтын бесігіміз Бесқарағай ауданы жылдан-жылға дамып, көркею үстінде. Осы жылдар аралығында жүзеге асырылған игілікті істер, қол жеткізген жетістіктер — барша бесқарағайлықтардың абыройы. Жыл басынан бері ауданымыздың 95 жылдық мерейтойы аясында әртүрлі ауқымды шаралар өткізілуде, — деп мерейтойдың маңыздылығын атап өтті.

Конференция барысында «Құрмет» орденінің иегері, осы өңірдің басшысы болған еңбек ардагері, әйгілі қайраткері Маймұрат Серікқанұлы Уәлиев Бесқарағай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму кезеңдеріне тоқталды. Журналистер одағының мүшесі Қожахметов Асылбек Қожахметұлы ағамыз «Аудан тарихы — баспа беттерінде» атты баяндамасын арнады. Тарих ғылымдарының докторы Каримов Мұхтарбек Қарпықұлы аудан шежіресі — тарихтан сыр шертсе, танымал археолог ғалым, Павлодардың Торайғыров университетінің ғалымы Виктор Мерц Ежелгі Бесқарағайдың мәдени даму кезеңдері туралы таным-білімімен бөлісті. Әрине, конференцияда Назар Мәлекбаев секілді белсенді жастар да сөз алып, Бесқарағайдың болашағы зор екеніне сенімін танытты. «Біздің Бесқарағай» аудандық газетінің бас редакторы Ербол Еренұлы Рахметуллиннің айтқанындай, бұл өңір бір ғасырға жуық уақыт дересінде төрт облыстың құрамында болған. Әуелде Семей облысы, бір уақытта Павлодар өңіріне қараған, бертін Шығыс Қазақстан облысына жатса, бүгінде қайта шаңырақ алған Абай облысының ішінде. Мұның өзі Бесқарағай тарихының бедерін танытады. «Бірлігі жарасқан Бесқарағай» атты мерейтойлық Өнер және спорт фестивалінің бағдарлама-сына сәйкес, осы күндері ат спорты, қазақ күресі жарысы, Қазақстанға белгілі эстрада жұлдыздарының қатысуымен думанды кеш өткізілді. Қонақтарға ерекше ой салған шара ретінде «Нұрлыбек ақын» атты жергілікті өнерпаз-дардың күшімен қойылған театрландырылған әдеби сазды спектакльді айтуға болады. Бас-аяғы бір жарым сағат уақытты алатын қойылымда Баймұраттың шаңырағында Нұрлыбек есімді баланың дүниеге келуі, азан шақырылып аты қойылуы, тұсауы кесіліп, әулие аян беріп, домбыраны серік етуі, ақындыққа бойлауы, ақын Исамен айтысуы, ел ішінде өнер көрсету – барлығы толық қамтылған. Бұл зор ізденістен туған дүние екені сөзсіз. Жүректен шыққан дүние көптің жүрегінен орын алып, ұмытылмас әсерге бөлендік. Жалпы, Бесқарағай жұртшы-лығы Халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтай тұлғасын соншалық әспеттеп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Болар елдің баласы ақынын, батырын құрметтер болар. Бүгінде Баймұратұлы Нұрлыбектің есімі  Бесқарағайдың тілі шыққан баласынан бастап еңкейген қариясына дейін қасқая мақтан тұтып айтатын Брендіне айналған екен! Ақынын брендке айнал-дырған өңірді бұрын-соңды көріп пе екенбіз?! Ежелден біздің облыспен ауылы аралас, қойы қоралас, сыйластығы бөлек Абай облысы Бесқарағай ауданының халқына өсіп-өркендеуді тілейміз.

 

Н.Қанатбекұлы,

Бесқарағай ауданы, Абай облысы.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.