Шағын кәсібін бастауға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан гранттар берілетіні белгілі. Тың идеяны іске асырып, сол арқылы табыс табуды ғана емес, қосымша жұмыс орындарын ашуды да ойластыратын кез келген адам өз жобасын ұсынып, конкурсқа қатысып, қайтарымсыз қаржы ала алады. Тек ол үшін жобасы жоғары бағаланып, қоғамға да пайдасын әкелетін іс болуы керек.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сағыныш Нұркимбаев 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аталған жобаның бір бағыты – кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік гранттар беру. Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 82 млн теңге бөлінген. Бұл соманы қайтарымсыз түрде алып, жеке кәсібін бастауды қалаған облыстың 132 тұрғыны онлайн түрде өтініш берді. Кейін арнайы құрылған комиссия бизнес-жобаларды електен өткізді. Нәтижесінде 17 жобаға барлығы 81,2 млн теңге қарастырылды. Соның нәтижесінде аймақта 53 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

— Салыстырмалы түрде қарасақ, өткен жылы 21 жоба қаржыландырылып, барлығы 85 жұмыс орны құрылған болатын. Ал гранттар беру ісі басталғалы 188 жобаны жүзеге асыруға қайтарымсыз қаржы берілді. Оның жалпы сомасы – 659,8 млн теңге. Яғни, әр жобаға орта есеппен 3,5 млн теңге үлестірілді, — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы. Ұлттық жобаның тағы бір оң тұсы – инфрақұрылымдық жобаларға қаржылай қолдау көрсету. Яғни, кәсіпкер өзінің өндірістік аймағына инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту барысында мемлекеттің көмегіне иек арта алады. Сол арқылы су, электр, жылумен қамту желілерін тартуда, кәріз жүйесін жүргізуде қомақты қаржы іздеп, шарқ ұрмайды. Ол үшін бизнес-жоспар, сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттама, жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттар болуы керек. Ал жобаға салынатын инвестиция көлемі коммуникацияларға бөлінетін сомадан екі есе артық болуы тиіс. Мәселен, инвестор жобаның іске асуы үшін барлығы 100 млн теңге қаржы жұмсауды көздесе, онда кәсіпорынға тартылатын инфрақұрылымның сомасы 50 млн теңгеден аспауы қажет. Биыл өңірдегі алты кәсіпорын осындай мемлекеттік қолдауды алды. Олардың инженерлік желілерді пайдалануы үшін 2,4 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде 178 жұмыс орны ашылып, шамамен 551,9 млн теңге салық түспек. Сағыныш Маратұлы туризмге қатысты көрсеткіштерге де тоқталды. Айтуынша, осы жылдың алғашқы тоқсанында облысымызға 246 мың ішкі турист келеді деп жоспарланған. Іс жүзінде үш айда небары 32,2 мың демалушы келген. Сол сияқты осы уақытта сырттан 18,6 мың шетелдік турист өңірімізге аяқ басады деген болжам жасалғанымен, бар-жоғы 2,9 мың адам аймақтың көрікті жерлерін тамашалап, демалып қайтқан. Басқарма басшылығы бұл көрсеткіштерді арттыру үшін әрі мәдени-тарихи жерлерді танымал ету, ішкі және келуші туристер санын арттыру мақсатында 8 имидждік шара, ақпараттық тур ұйымдастырды. Жыл соңына дейін осындай тағы төрт шара өтпек. Осылайша, облыста шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында ауқымды қаржылай қолдау көрсетіліп жатқанымен, туристер қатары көбеймей тұр. Ұлттық жобаға кіретін осы бір бағытты жақсарту маңызды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.