Қазақстанда 35 жасқа дейінгі жастар өңірлік жеңілдетілген ипотека бағдарламаларына қатыса алады. «Отбасы банкі» АҚ жастарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасына қатысушылардың портретін құрастырды.

Жасы отыздағы, 260 мың теңгеге жуық жалақы алатын қазақстандықтарға баспана алуға мүмкіндік бар. Әдетте ол мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның – мектеп, емхана немесе мәдениет саласының қызметкері. Баспана мәселесін шешу үшін Отбасы банкінен 15 млн теңге көлемінде несие алған. Бүгінде Астана мен Алматы жастары жиі қоныс той жасайды. Екі қаланың әкімдігі жастардың баспаналы болуы үшін тұрғын үй бағдарламаларына қаржы бөледі. Өзге аймақтар да жастарды белсенді қолдап жатыр. Екі жылдан бері жастарға арналған бағдарламалар еліміздің барлық дерлік аймағын қамтыды. Жуырда ғана «Отбасы банкі» екі облыс пен бір моноқала әкімдіктерімен жастарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасын бастау жөнінде келісімге келді. Енді Қостанай және Павлодар облыстарының жастары қолжетімді шарттармен баспана сатып ала алады. Бұл өңірлерде бағдарламаға 2,9 млрд теңге бөлініп отыр. «Ертіс жастары» бағдарламасын жүзеге асыруға Павлодар қаласының әкімдігі мен Отбасы банкі 345,5 млн теңгеден бөлді. Бағдарлама Ақсу қаласында да іске қосылады, бюджеті – 109 млн теңге. Осылайша, бұл өңірлерде 160-180 жас баспаналы болмақ.

– Қазір «Отбасы банкінде» 2,6 млн салымшы болашақ баспаналарына ақша жинап жатыр. Орташа жасы – 35. Жастардың сеніміне қол жеткізе алдық деген сөз. Біз өз өнімдеріміз бен бағдарламаларымыз арқылы баспаналы болсам деген арман-дарына жетуге көмектесеміз. Оған қоса мұндай бағдарламалар өңірлерде қажет мамандарды: дәрігерлерді, мұғалім-дерді, журналистерді, спортшыларды, мәдениет қызметкерлерін, құтқарушыларды, өрт сөндірушілерді ұстап тұруға, оларға қолдау көрсетуге көмектеседі. Қазір жастарға арналған бағдарламалар барлық аймақта бар. Жалпы сомасы 98 млрд теңгеден асады, – деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. Қазір жастар бағдарламалары Астана, Алматы, Шымкент, Жетісу, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Абай, Ұлытау облыстарын қамтиды. Бағдарламаға жұбайлардың біреуі ғана қатыса алады. Банк сатып алынатын баспананың құнын шектемейді, тек берілетін қарыз сомасы аймаққа қарай 20 млн теңгеге дейін шектеледі. Пәтердің құны қымбат болса, қарыздың үстіндегі соманы бағдарламаға қатысушы өзі төлейді. Кейбір аймақтарда жастардың жұмыс орындарына қатысты шектеулер бар. Жалпы, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасына қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда) болуы керек. Ресми жұмыс өтілі – өтініш берген кезде 6-12 ай (аймаққа байланысты), жылжымайтын мүлік – аймаққа байланысты соңғы 5 жыл ішінде болмауы қажет, несиенің максималды сомасы – аймаққа байланысты 10-20 млн теңге аралығында, алғашқы жарна – 10 пайыз, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5 пайыздан, мерзімі – 19 жылға дейін. Статистикаға сәйкес, Қазақ-станда әрбір үшінші тұрғын жастар санатына жатады. Отбасы банк облыс әкімдіктерімен бірлесіп осы санаттағы азаматтардың баспаналы болуына қолдау көрсете береді. Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары олардың өзге өңірлерге көшпей, туған жерінде жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды.

 

Өз тілшіміз.