Адамдар арасындағы қатынас құралынан өнер биігіне дейінгі аралықта сөздің алар орны әлмисақтан белгілі. Бірақ, оны кім қалай бағалап, қаншалықты қадірін біледі, ол — жеке дүние. Біздің айтпағымыз — тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміздің өміріндегі сөз өнерінің орны. Ақтаңгер ақын, халықаралық, республикалық, аймақтық ақындар айтысының неше дүркін жеңімпаз-жүлдегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақ мәдениетінің қайраткері Серік Құсанбаевтың бір қыры — сөз өнерін дамытушы тұлға.
Қысы-жазы өңін бермес шыршадай
Бала күніндегі батырлар жырына деген құштарлығы оны жігіт шағында өнер айдынына алып шығып, ғұмыр бойы қазақ руханиятына қызмет еттіріп келеді. Сонау 1990-шы жылдары айтыс көгіне жарық жұлдыздай көтеріліп, содан бері 20 жыл көлемінде неше мәрте аламанның алдында келіп жүрді. Айтыс – сөз барымтасы, сахна төрінде қарсыласыңды қапы қалдыру, өнеріңмен басым түсу үшін айтыскер ақын бойында сан қырлы талант болуы шарт. Оның бәрі Секеңнің бойында толықтай бар. Суырыпсалмалық, сөзді жүйелі қолдану, машықты мақам, әуезді үн, домбыра шерту шеберлігі секілді өлшемдерге ол өте мұқият әрі мүлтіксіз жүзеге асырады. Секеңнің сахнадағы сыртқы сыр-сипаты мен ішкі иірімдері бірін-бірі толықтырып, өнерпаздық тұлғасын өзгелерден даралап тұрады. Осындай қыры оны бірден көрермен көзайымына айналдырып жіберетіндей. Одан ары айтыскеріміз құйқылжыған домбыра үні мен құйылып түскен өлеңдерін төкпелете жөнелгенде жырсүйер қауым да дүрлігіп сала береді. Қарсыластар бір-біріне сай болса жыр сайысы қыза түсіп, қалың топтың қиқуына ұласпақ. Сөз өнерінің құдіретінен туындайтын мұндай көріністердің талайына куә болғанымыз бар. Серік Сәдуақасұлымен танысып, таныстығымыз достыққа ұштасып кеткеніне де ширек ғасырдан асып кетіпті. Сондықтан естігенімді емес, көргенім мен көңілге түйгенімді көпшілікке ұсынсам деймін. Біздерді өзара жақындастырып жіберген де — осы сөз өнерінің шапағаты. Секеңнің бойындағы өнерпаздық, адамгершілік, күрескерлік, шыншылдық ерекшеліктері бәрі табиғи және сол табиғатынан біткен қасиеттерді қандай жағдайда болсын бұзбай, таза қалпында сақтап келеді. Бір ғана айтыстағы жетістіктері үшін сан мәрте марапатталды, мақталды, түрлі атақтар алды. Атағы аспандап тұрған шақта да айтыскер інілерінің бірі айтқандай ол «қысы-жазы өңін бермес шыршадай» өзіндік ұстанымынан өзгерген емес. Жалпы, қоғам дамуындағы өткір мәселелерді айтыс сахнасында көтеру осы Серік Құсанбаевтар тұсында бастау алды. Қарсыласты іліп айту мен билікті тіліп айтуда да сол шақтарда Секеңнің алдына ешкім түсе қойған жоқ. Көрермен көкейіндегісін айтыс сахнасынан естіген кезде қалай желпінбесін, өзіне ұнаған айтыскердің әділ бағалануын талап етіп орындарынан тік тұрып, қазыларға шүйлігуге дейін барып жататын. Секеңе кейбір бас жүлдені қанжығалауға осындай нағыз айтысқұмар көрермендердің септігі тигені де айдай ақиқат. Айтыс сахнасына Серіктерді өкшелей жеткен буын мен кейінгі толқын үлкендер үрдісін жалғап, елдік мәселе мен ұлттық құндылықты жырлауды дамыта түсті. Өзі де білгенін өзгелермен бөлісуге әркез дайын тұрды. Аға тұтып, ақыл сұрап келгендерге айтыстан түйген тәжірибесін таратып айтудан тартынбады. Жатпай-тұрмай жыр додасының жұмбағына бойлай жүріп шәкірттер де тәрбиеледі. Кереку мен Өскеменнің жас айтыскерлерінің қанаттарының қатаюына бір кісідей ықпал етті. Алғашқы шәкіртінің бірі – Нұрлан Аққазин 1994 жылғы республикалық айтыстың бірінде Мұхаметжан Тазабековпен айтысып бас жүлде иеленді.
Айтыс деген — мың сиқыр…
Ұмыт болған ұлы өнер 1988 жылдары ғана қайта жаңғыра бастағаны бәрімізге белгілі. Сол кездерде Серік Павлодар облысының құрылғанына 50 жыл толу құрметіне арналған аймақтық ақындар айтысына Екібастұздың атынан алғаш рет терме орындауға барады. Ақтамберді жыраудың термесін тебірене шырқап тыңдарман айызын қандырғанмен сол жолы оның өз көңілі байыз таппай қайтады. Айтыскерлердің табанастында сөз құрап, бірін-бірі өлеңмен сынап, бетпе-бет бәсекелесуі, төгілтіп айту, көсіліп шырқау секілді сұлу өнер сиқыры өзіне бірден тартып әкеткен. Құштарлық деген сол, термеші болып келіп, тебіреніп қайтқан ол келесі жолы облысқа айтыс- кер болып оралған. Аз уақыттың ішінде айтыскер болып шыға келу айта салғанға оңай болғанымен, ол да — бір таңғаларлық жағдай. Оның өзінде тым қысқа мерзімде еліміздің алдыңғы қатарлы айтыскері атанды. Мұның бәрі — Секеңнің бойындағы ізденімпаздықтың жоғары көрсеткіші. Бағанадан айтып отырған мұқияттылық пен қырағылықтың нәтижесі. Ізденімпаздығының үлкен бір көрінісі — айтыс өнерінің айтулы өкіліне айналып, өзіне тән қолтаңбасын қалдырғандығы. Әуелден «Әги-га-айлап» шыққан мақамы өзінің ғана болмысын ашып берді. Ол әуенге осы уақытқа дейін ешкімнің жақындай алмай жүргені, ол әуен әркімнің ыңғайына көне бермейтіндігінен болса керек. Әуен демекші, Секең серік еткен он бір және сегіз буынды өлең жолдарына лайықталған екі мақам да айырықша. Айырықша болатындығы бұл екі мақамға да екпіндеп, төкпелеп жырлайтын мінезді ақындық әлеует керек. Көптеген айтыскерлер көпшілікке ортақ болып кеткен белгілі мақамдарды қолданып келе жатса, бұл мәселеде де Секең тыңнан жол салды. Оның еншісіндегі он бір буындық «Әги-га-гай» айтыс сахнасындағы жаңа мақам болса, сегіз буындық мақамы да жаңалыққа жатады. 1996 жылы Тараз қаласында Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойы аясында республикалық ақындар айтысы мен қатар жыршы-термешілер сайысы да өтті. Бұл өнер майданында небір майталман жыршылар терме, дастандардың түр-түрін төгілтті. Осы республикалық айтыс- тан Серік тек жүлделі ғана оралған жоқ, сахнада серік болатын сегіз буындық мақам олжалап қайтты. Келесі айтыстарында осы сегіз буынды мақамға салған кезде оның құлашы бұрынғыдан да кеңи түсті. Кең тынысты, еркін көсілетін айтыскер үшін бұл өте оңтайлы мақам болып қалыптасты. Бұл мақамды да әлі күнге дейін айтыста Секеңнен басқа ешкім пайдалана алмағанына қарағанда, ол әуенге де әркімнің тісі бата қоймаса керек. Осындай күрделі мақамды еркін меңгеруі оның жастайынан термешілікті серік еткенінен болар.
Ақиқатқа айналған аңыз
Секеңнің домбырада орындайтын әндері мен термелері де баршылық. Репертуарындағы қай туынды болсын терең талғаммен іріктелген. Оның бұл бағыттағы ізденісі де дәстүрлі ән орындау-шылардан кем түспейді. Әндер мен термелердің табиғатына бойламай бояуын келтіру мүмкін емес екенін берік ұстанғаны байқалады. Айтулы әншілерге арнайы сәлем бере барып тәжірибесін толықтыратыны өз алдына, әуе толқынында шырқалған туындылар арасынан да теріп алатын әдеті бар. Репертуарындағы «Жан аға», «Құлындарым» әндері — сондай талпыныстың мысалы. Бұл екі әнге ерекше тоқталып отырғаным — екі ән де, әндердің авторы да тағдырлы. Әлгі туындылардың авторы Райымбек Құрманов радиоға берген сұхбатында шығармаларының шығу тарихын айта келе, 1962 жылы, туған ағасы арғы бетте қалып қойып, өзі бергі бетке өтіп кетіп, содан қалыптасқан сартап сағынышын өлеңге, одан әнге ұластырғанын баяндай отырып туындысын орындап берген. Адамдар басындағы түрлі тағдырлар жас жігіттің көңілін қатты толқытса керек, әнді бірден өзіне сіңіріп алған. Ынтызарлығы қатты ауғаннан болса керек, Секең бұл әндерді шырқағанда автордың өзінен асыра орындайтын секілді әсерде боламын. Олай дейтінім, Райымбек ағаны Секең көрмегенімен мен сан мәрте көріп әндерін тыңдағанмын. 2007 жылдан бері Секең журналистика саласында да сүбелі дүниелер жасай білді. Бұл бағытта да Секең өз өрнегін қалыптастырып, публицистика айдынында арындай түсті. Газетте жарық көріп, оқырман ықыласын арттырған ең таңдаулы публистикалық топтамасы 2021 жылы екі томға жүк болды. Жиыны төрт мың тиражбен шыққан «Көкдауыл» және «Дүбірге толы дүние» атты қос томдықтың тез тарап кетуін оқырман сұранысын өтей білгендік деп бағалаған жөн. «Журналисті аяғы асырайды» деген әзіл-шыны аралас сөз бар. Серік те ел аралап, елеулі тақырыптар іздеуден кенже қалған жоқ. Бұрынғы ШҚО аумағындағы өңірлердің бәрінде болып, көңілге түйгендерін көпшілікпен бөлісті. Ана бір жылы Абай ауданын аралап қайтқан ақын-журналист 2018 жылдың көктемінде «Құнанбайды қашанғы таспен қоршап қоямыз?!» деген репортаж берді. Оқырманның бірі ретінде біз де: «Бұл да ойланатын нәрсе екен» дедік. «Абайдай ұл тәрбиелеген Құнанбайға да лайықты құрмет жасалуы керек!» деген қоғамдық пікірдің қалыптасуына осы жазбаның орасан ықпалы болғаны анық. Қоғамдық пікір билік басына жетіп, 2020 жылы Ақшоқыдағы қорым абаттандырылып, жанына Құнанбай Өскенбайұлына музей салынды.
Қос Дидары қос қанаты секілді
Жалпы, біздің кейіпкеріміздің айтыс сахнасындағы ұстанымы қалай болса, газет бетінде де солай жалғасты. Мақсаты — елдің кәдесіне жарайтын дүние тындыру. Суырыпсалмалық пен жазба өнер табиғаты ұқсас нәрсе болғанымен екеуін тең алып жүру оңай емес. Десе де, арасын ажыратпай алып келе жатыр. Айтыста айтылмай қалған ойлар қаншама мақалаға өзек болғаны анық. Өлең желісіне келе бермейтін түйткілді тақырыптар немесе ел ішіндегі есті әңгімелер прозалық нұсқаға айналды. Оған жоғарыда аталған кітаптары дәлел. Кітаптары демекші, ертеректе шыққан «Байғыз», «Жырлаумен өткен жиырма жыл» секілді жинақтарын да жұрт жылы қабылдаған. Айтпақшы, өзім әлі көре қойғам жоқ, жақында ғана ақынның бесінші кітабы «Абай әлемі» топтамасымен жарық көріпті. Кітаптың атауы «Байбура ашуы». Бұл жинаққа Секеңнің сонау 1989 жылдан бастап, осы күнге дейінгі аралықта түрлі тақырыпқа жазған өлең-жырлары, толғаулары мен арнаулары, сондай-ақ, табанастында тауып айтылған экспромт-шумақтары мен достық әзілдері енген. Қос өнерді тең алып жүрген Секеңнің өмірінде өзге де қос нәрселер жоқ емес. Оның бірі әлгінде аталған қос томдық болса, ең бастысы еншісінде екі бірдей Дидар бар. Бірі – өмірлік жары, балаларының анасы. Үйдегі Дидар мен түздегі «Дидар» (газет) екеуі де — Секең шығармаларының шынайы қамқоршысы. Құдды бір қос қанаты секілді. Дидар жеңгеміздің өнер жайындағы ойлары мен талдауы кәдімгі әдебиеттанушылардан кем емес. Тайбурылды баптаған Құртқадай Секеңдей жыр тұлпарының жал-құйрығын тарап, шабытын шыңдауда бір кісідей еңбегі бар. Кіндік қандары қасиетті Кереку топырағына тамған балалары Мөлдір мен Айбын бұл күнде бір-бір шаңырақтың тірегіне айналып, ата-аналарына немере сүйдіріп отыр. Түйіндей айтқанда, жоғарыда айтылған барлық жетістіктерінің басында сөз өнері тұр. Көкейдегі ойды, көңілдегі әсерді жүректен жүрекке жеткізу үшін ең алдымен сөз өнерін дұрыс меңгермек керек. Бұл тұрғыдан алғанда біздің Серік Құсанбаев жүйелі сөздің жүйрігі ғой, шіркін! Ақиқатынан айнымаған арқалы ақын 60-тың асуына шықса да, ауыздығын шайнаған арғымақтай әлі де арынды. Алпыс жас негізі шығармашылықтың кемелденетін кезі дейді. Сондықтан, ақжарқын көңілден адал досқа арының басылмасын, ырысың шашылмасын дей отырып, ғұмырының да, тұғырының да баянды болуын тілеймін!
Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ,
Семей қаласы.