Ауыл тұрғындарының кейінгі кезде жеке басының қамы емес, көпшілікті толғандыратын мәселелерді көтеретіні қуантады. Биліктен жайлы өмір үшін қажетті жағдай жасауды талап етеді. Ауызсу, жол, жарықтандыру мәселелерінің шешіліп, спорттық-мәдени нысандардың салынуын сұрайды. Шарбақтылық тұрғындар да әкімдіктен осындай ауқымды істердің атқарылуына өтініш білдіреді. Мұндағы билік халықтың талап-тілегіне құлақ асып, қажеттілікті өтеуге күш салуда.
Жолдың жайы
Бүгінде аудандағы 234 шақырым жолдың 86 пайызы қанағаттанарлық жағдайда саналады. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Сержан Иманқұловтың айтуынша, Сынтас елді мекеніне дейінгі жол өте нашар. Алдағы жылы аталмыш ауылға апаратын жолды асфальттау қолға алынады. Шегіренге кіретін жол да жөндеуін күтіп тұр. Сахновкаға баратын 15 шақырым жолдың былтыр 8,8 шақырымы, биыл 4,4 шақырымы жөнделген. Келесі жылы толық аяқтау көзделген. Александровка мен Алексеевка ауылдарының ортасындағы 24 шақырым жолды да тұрғындар жөндеуді сұрап отыр. Дегенмен, аталмыш ауылдардың қатынауына альтернативті жолдар да бар. Мәселен, Жаңаауыл жағынан биыл Александровкаға жеткізетін 11 шақырым жол салынған. Алайда, тұрғындар төте жолға асфальт төселгенін қалайды. Сонымен қатар, әкімдік ауылішілік жолдарды ретке келтіруді де қолға алуда. Биыл аудан орталығында 16 шақырым, Жаңа ауылда 4,7 километр, Хмельницкийде 2,7 шақырым жол жөнделген. Келесі жылы аудан орталығының оң жақ бөлігі, яғни, теміржолдың арғы бетіндегі екі шағын ауданының көшелеріне тас жол төсеу жоспарланып отыр. 19 шақырым жолдың құжаты дайын көрінеді. Бұл көшелерде ешқашан асфальт болмаған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шегірен ауылының жолын, мектебін, мәдениет үйін жөндеу жоспар-ланған. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен көшелер жарықтандырылады. Осылайша, ауыл толық ажарланады. Аудан басшылығы ауылауылды аралауда. Сонда айтылған өтініштердің бірі — ауылда шағын футбол алаңдарын салу. Мұндай спорт алаңдары Ар-
биген, Александровка, Маралды, Есілбай елді мекендеріне келесі жылға жоспарланып отыр.
Толық қамтылады
Ағымдағы жылы Малиновка, Сахновка, Сынтаста су құбыры тартылып жатыр. Сержан Ерғалымұлының мәлімдеуінше, осы үш жоба аяқталса, аудан тұрғындары толық таза ауызсумен қамтылады. Ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған-дарды баспанамен қамтуға мән беріледі. Бүгінде тізімде – 223 азамат. Екі жыл бұрын 27 пәтерлі үй сатып алынып, көпбалалы аналарға берілді. Алдағы айдың басында 18 отбасыға пәтер кілті табысталмақ. Көші-қон мәселесіне келетін болсақ, биыл 36 отбасы, яғни, 164 адам қоныс аударыпты. Яғни, қандастар мен оңтүстік өңірлерден келген отбасылар болашағы жоқ деген елді мекендерге жаңа үміт сыйлапты. Мәселен, Малиновкада 2 түтіғана қалған екен. Биыл оңтүстіктен келген азаматтар мал шаруашылығымен айналысып, аталмыш ауылға жан бітіріпті. Ауданда мамандар тапшылығы байқалады. Сержан Иманқұлов кейде пеш жағатын жан табылмай қалатынын жасырмады. Шалдайдағы медициналық мекемеге ақ желеңділер жетіспейді. Сонымен қатар, «В» санатты көлік жүргізушілері де тапшы. Әсіресе, мектеп автобустарын жүргізетін адам іздеп қалатын кездер көп болады, дейді. Жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға мән беріледі. Жастар тәжірибесімен биыл 31 жас еңбекке араласқан.
Қысқа әзірлік
Қысқа әзірлік те пысықталып жатыр. Ауданда 47 қазандық бар. Биыл 6 қазандықтың 9 пеші ауыстырылған.
— Барлық бюджеттік ұйымдарда көмір жеткізу бойынша шарт жасалды. 18 мың 390 тонна қажет. 75 пайызы әкелінді. Тұрғындардың қажеттілігі – 30 мың тонна. Қатты отын жет-
кізуде мәселе жоқ. Екі теміржол тұйығы бар. Тоннасының құны 12-21 мың теңге шамасында. Малдың жем-шөбі 85 пайызға дайын, деді. Ауданда егін ору жұмысы да қызу. Қуаңшылық аталмыш өңірге де өз салқынын тигізген. Аудан басшылығының мәліметінше, 14 шаруашылыққа зардап келген. Әрқайсысымен жұмыс жүргізілуде. Күйіп кеткен гектарларды есептен шығару үшін жұмыс комиссиясы құрылып, акт та жасалған. Әсіресе, бидай, арпа дақылдары зардап шеккен. Ал тары, қарақұмық, күнбағыстың шығымы Шарбақтыда жақсы, дейді Сержан Иманқұлов. Мәселен, тары гектарынан кем дегенде 10 центнерден алынуда. Ал орташа көрсеткіші — 15 центнер.
Ірі жобалар
Кәсіпкерлерді қолдауға көңіл бөлінген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 9 жас азамат 2,5 пайыздық несие алып, кәсіппен айналысуда. Нәтижесінде 16 жұмыс орны ашылған. Ауданның дамуын ілгері бастайтын іргелі жобалар да қолға алынған. Биыл ауданға тартылған жеке инвестиция көлемі – 8,4 млрд теңге. Шарбақты бидай терминалы ашылды. Өзге өңірден келген инвестор егіншілікпен айналысуда. Сондай-ақ, ол өзге шаруалардың астығын экспортқа, Қазақстан нарығына шығаруға жәрдемдесуде. Бір ауысымда бұл терминал 2400 тонна өнім тиеп жөнелтуге қауқарлы. Күнбағысты өңдейтін тағы бір ірі жобаның іргесі қалануда. Инвестор қазіргі таңда теміржол желісін тартып, қосалқы электр станциясының жабдығын жеткізген. Құны 19 млрд теңге тұратын кәсіпорынның құрылысы 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Бұл жоба сәтті іске асса, 200 жұмыс орны құрылады.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.