Галкин ауылының балалары спортпен енді шындап шұғылданбақ. Өйткені, елді мекенде заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Ауылдағы ұл-қыз қазақ күресі, волейбол мен баскетболмен айналысады.
Арай Мұқышева 2017 жылдан бері күресіп жүр. Облыстық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Белбеу күресінен республикалық додаларға да қатысқан.
— Бұрын мектептің спорт залында, одан кейін ауылдағы мәдениет үйінде жаттығатынбыз. Кілем де дұрыс болмады. Енді міне, жеке кешен ашылды. Іші жайлы, жуынатын бөлмесі
де қарастырылған. Қуаныштымыз, — дейді Арай. Ауылдың азаматы Нұрсұлтан Серікбаев колледж, кейін жоғары оқу орнын да дене шынықтыру мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, бүгінде балаларды күреске баулып жүр. 14 баладан тұратын екі топпен жұмыс жасайды. Балалардың қызығушылығы зор, дейді. Мықты шәкірттерінің бірі Бекзат Нағымды ерекше атады. Ол ҚР чемпионатында белбеу күресінен қола жүлдегер атанған. Енді кешенде шынығатын жеткіншектер бұдан да жоғары жетістіктерге жететініне сенімді. Бұл спорт нысаны биыл тамыз айының соңында қолда-нысқа берілген. Аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Бақыт Смаковтың мәлімдеуінше, ангарлық типтегі кешен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған. Құрылысына 200 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Мұнда спорттың үш түрімен 60-қа жуық бала айналысады. Күндіз балалар шынықса, кешкі уақытта ауылдың жастары келіп, жаттыға алады. Аталмыш ауылда бір мыңға жуық тұрғын бар. Екі жылдық жобаның іске асуы — ауылдықтар үшін үлкен қуаныш. Нысан мәдениет үйінің қос қазандығымен жылытылады деп жоспарланған. Одан бөлек, жеке қазандық та қарасты-рылыпты. Айта кету керек, Шарбақтыдағы кешеннің бассейні бар. Мұндай мүмкіндік аймағымыздың ешбір ауданында жоқ.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.