Биыл Ақтоғай ауданында бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өткен жөн. Айталық, жыл басында 2 елді мекенде «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланған. Алайда олардың құрылысы белгіленген мерзімінен кешігіп жатыр.

Ақтоғай ауданының экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы Серік Байбосыновтың сөзінше, кешендер жоспар бойынша 2 ай ішінде салынуы тиіс болған. Алайда жауапты мердігерлердің бірнеше нысанға бірден жауапты болуы, қажетті материалдардың аздығы салдарынан әлі күнге дейін ел игілігіне берілмей отыр. Мәселен, Қараоба ауылын-
дағы құрылыс жұмысына «Алтын жаңбыр – Золотой дождь» ЖШС мердігер жауапты болды. Жобаның жалпы құны 175,9 млн теңгені құрайды. Бүгінге дейін 12*16 болатын әкімшілік ғима-раттар, ауданы 648 шаршы метр болатын ангар үлгісіндегі спортзалдың ішкі жұмыстары аяқталды.

— Ауданда салынып жатқан екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені тамыз айында тапсырылуы тиіс еді. Қараоба ауылындағы нысанға жауапты мердігер жұмысын жалғастыруда. Терезелер қойылып, еден төселді. Дегенмен, сыртқы жұмыс-тары кешігіп жатыр. Бір айда аяқтайды деп ойлаймыз. Кейін Ақжол ауылындағы құрылыс жұмыстарын жалғастырады. Ал бұл елді мекенде спорттық нысан салуға тиіс болған Шымкенттік «Таир» ЖШС мердігерін сотқа беру жұмыстары жалғасуда. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 177,9 млн теңге бөлінген еді, — дейді С.Байбосынов. Онда жоспар бойынша жаттықтырушы залы, киім-кешек бөлмесі, жуыну бөлмелері қарастырылған. Айта кетейік, биыл Шұға ауылының орта мектебінде де спорт залы салынып жатыр. Осы мақсатта «ЖанЕрке и К» ЖШС мердігерлік ұйымымен 40,8 млн теңге сомасына шарт жасалды. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.

Айдана БОРАНБАЕВА.