Замана үнін, Ұлы дала сарынын, баба сырын көзінің қарашығындай қастерлеп, дәріптеп жүрген облыстық филармония жаңа маусымның шымылдығын ашты. Кезекті маусымның ашылуына арналған концерт облыстық филармонияның концерт залында өтті.
Аталмыш өнер ордасының бас редакторы Сәуле Мұқаеваның сөзінше, филармония ұжымы бұл маусымды ерекше күткен. Сондай-ақ, бөлісетін жаңалықтар да жоқ емес.
— Күз мезгілі шығармашылық ұжым үшін — әртістерге шығар-машылық энергия, жаңа тыныс беретін және таң қалдыруға ниеттендіретін, жаңа жобалар, концерттер, гастрольдік сапарлар, конкурстар мен фестивальдар, көрермендермен көптен күткен кездесулер уақыты. Солистердің, хордың, вокалдық топтардың, ансамбльдердің және оркестрлердің әсерлі шеруі — мұның барлығы көрермен-дерді жаңа маусымда күтеді. Жаңалықтарымыз көп, — дейді С.Мұқаева. Қыркүйек айында сүйікті көрермендерге арналған сыйлық-тардың бірі — жаңа есімдердің ашылуымен ерекшеленетін «Алтын күздің танымал әндері» атты концерті болды. Осы кеш үшін арнайы барлық музыкалық ұжым бағдарламаларының ішінен ең әсерлі нөмірлерді таңдап алды. Мәселен, А.Морозов пен Н.Рубцовтың «Лад» орыс халық аспаптар ансамблі мен әдемі сопрано иесі Сара Садығұлованың орындауындағы «В горнице» әні, Frank Sinatra-ның «Strangers in the night» әні Айбар Ашкеевтің әсерлі қоңыр баритонымен шырқалды. Гатто Панкери мен Валерио Зеллидің «Vivo per lei» әнін Анель Қанатова мен Алмаз Мұқатайдың әсем дуэті, ал М.Арапбаеваның «Арманыма асығым барамын» деген әнін Жібек Айтбаева өнерсүйер қауымға паш етті. Бағдарламаға камералық хор, «Ретро» вокалдық ансамблі, солситер Серік Рысбек, Наталья Процкая, Бауыржан Ахметов, Шолпан Ақылбек, джаз оркестрінің саксофоншылары, «Нұр» және «Шернияз» би ансамбльдері қатысты. Маусымның ашылуына арналған концерт өңіріміздің мәдени өміріндегі есте қаларлық оқиғасына айналады деген ниет білдірілуде.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.