Аймақтың әр елді мекенінде биыл жыл басынан бері қоғамның әр саласына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Жақында осы дәстүрді Май ауданы жалғастырды. Ауданның орталығында осы елді мекеннен шыққан елімізге белгілі актер, Қазақстанның Халық әртісі әрі ақын Шахан Мусиннің 110 жылдық мерейтойы аталып өтілді.

Мерейтойлық шара Көктөбе ауылындағы мәдениет үйінде бастау алды. Онда аймағымызға белгілі тіл ғалымдары, мәдениеттанушылар және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Халық үшін туған өр тұлға» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция барысында қоғам қайраткері жайлы жазылған мақалалардан топтастырылған «Шахан сері» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Ол — аудандық кітапхана қызметкерлерінің бастамасымен жүзеге асқан жоба. Аудандық кітапхананың қызмет-кері Толқын Шоманова аталмыш еңбектің жарыққа шығуына Халық әртісінің қызы Мақпал Мусина да өз үлесін қосқан.

— Жыл басынан бері бұл мерейтойға білек сыбана кірістік. Кітапхана ұжымы Шахан Мусин туралы ақпарат жинай бастады. Кітапханамызда қоғам қайраткері туралы еңбектер саусақпен санарлық қана болды. Сол себепті, Ресей елінің Санкт-Петербург қаласында тұратын қызы Мақпал Мусинамен байланыс орнаттық. Осы уақыт аралығында ол кісімен электронды пошта арқылы хат алмасып тұрдық. Архивтерден фотоларын, толық өмірбаянын тауып алдық. Сондай-ақ, қазақ тілінде басылып шығатын жергілікті газет-журналдардан тұлға туралы жазылған мақалаларды теріп, кітап ретінде шығардық, — дейді Т.Шоманова. Сондай-ақ, қоғам қайраткерінің туысы Дариға Мусинаның ұлы Ермек Мусин нағашысы туралы естеліктерімен бөлісіп, анасы жинап жүрген отбасылық фотосуреттер мен құжаттарды аудандық кітапхана қорына тапсырды.

— Тапсырған заттардың арасында нағашымның маған арнап жазған хаттары бар. Онда менің жақсы жолға түскенімді қалап, маған сәттілік тілейді. Бала кезден ол кісіге жақын болдым. Алматы қаласына қыдырып барғанда театрда қойылымдарын үзбей тамашалап жүрдім. Өте байыпты, сабырлы адам болды. Тапсырған фотосуреттер арасында Ұлы Отан соғысына аттанып оралмаған екі ағасының суреттері бар. Мұны ел көрсін, танысың деген мақсатта табыстадым, — дейді Е.Мусин. Конференцияда алғаш болып сөз алған профессор, филология ғылымдарының докторы Айтмұхамет Тұрышев өз баяндамасында Шахан Мусиннің өмірі мен шығармашылығына шолу жасады.

— Шахан Мусин – өр тұлға. Сахнаның сал-серісі ашаршылық кезінде халықтың көрген қиыншылығына шыдамай, қағаз бетіне «Наркомға хат» атты 16 шумақты өлең түсірді. Алайда сол кездегі үкімет сол жазған өлеңі үшін халық жауы деп тауып, Колымаға 18 жылға айдауға жіберді. Адам баласы 1 күнде шыдай алмайтын айдауда 20 жылға жуық уақыт төтеп берді. Кейін қазақ өнеріне жан-тәнімен қызмет етті. Мұны келешек ұрпақ білуі тиіс, — дейді А.Тұрышев. Шара аталмыш елді мекеннің маңындағы ипподромда жалғасты. Онда облыстық Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері ән шырқап, өнерлерін көрсетті. Ипподром маңында 10-нан аса киіз үй тігіліп, жергілікті қолөнершілердің көрмесі өтті. Көрмеде шеберлер өз туындыларын аудан тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынды. Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин жиналған жұртшылықты құттықтап, қоғам қайраткерінің есімі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

— Құрметті жерлестер! Шахан Мусин аудан үшін ғана емес, еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне, кино өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Сол нәубәт жылдары жазған өлеңі үшін себепсіз жапа шекті. Дегенмен, жігері мұқалмады. Өнерге деген ықыласы өшпеді. Ертеңгі күнге сенімі мол болды. Елге оралған соң театр саласында қаншама жыл еңбек етті. Осындай азаматтарды ұлықтау — біздің азаматтық парызымыз, — деді аудан әкімі. Мерейтой шарасы көкпар, аламан бәйге, қазақ күресі, қошқар көтеру сынды спорттық ойындармен жалғасты. Жарыс жеңімпаздары ақшалай сертификаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Айта кетейік, осы жылдың желтоқсан айында Шахан Мусиннің туғанына 110 жыл толмақ. Осыған орай болашақта қоғам қайраткері дүниеге келген Май ауданы Ақжар ауылының орта мектебінде Шахан Мусиннің мұражайы ашылмақ. Сондай-ақ, сол мектепке актердің есімін беру көзделуде. Осы жылы сол мектептің маңында Шахан Мусиннің бюсті ашылған еді.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Көктөбе ауылы, Май ауданы.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.