Бүгінде интернеттегі алаяқтық қоғамда өте қауіпті құбылысқа айналды. Цифрлық технологиялардың дамуымен қатар алаяқтар да қалыспай, алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Олардың құрбаны біліміне, жұмыс саласына, мәртебесіне қарамастан кез келген адам болуы мүмкін. Алайда көп жағдайда қаржы алаяқтарының айла-шарғысына заманауи цифрлар әлемінен бейхабар аға буын өкілдері түсіп жатады. Осыған орай жергілікті тәртіп сақшылары егде жастағы адамдарға алаяқтарға алданбау керектігін ескертті.

Интернет-алаяқтықтың түрлері де күн өткен сайын көбейіп барады. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді әрекеттерге барады. Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар халықаралық деңгейде таралған. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды арбайды. Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады. Павлодар қалалық полициясы алаяқтық қылмыстарды ашу тобының бастығы, полиция майоры Ренат Ахметзянов жиын барысында интернеттегі жиі кездесетін алаяқтық схемалары, олардың алдын алу шаралары және қылмыстық жауапкершілік туралы айтты.

— Алаяқтар зейнеткерлерге телефон соғып, өздерін банк қызметкерлеріміз деп таныс-тырып, олардың банк карталарынан бейтаныс біреулердің ақшаны шешіп алуға әрекет жасағандары жөнінде айтады. Алаяқтар қаражатты қауіпсіз шотқа ауыстыруы қажет деп, ізінше қарияның интернет немесе мобильді банкингті қолдана алу, алмауын нақтылайды. Одан кейін өзінің зейнетақы ақшасын қашықтан қалайша аудару болатыны жөнінде нұсқау береді не телефонына қосымшаны жүктеуді ұсынады немесе ақшаны дереу банкомат арқылы аударуға кеңес береді. Бұл жерде алаяқтардың қарттарды асықтырып, эмоционалдық қысым жасайтындарын атап өту керек, — деді ол. Ренат Ахметзянов бүгінде алаяқтардың арбауына егде жастағы адамдар жиі түсіп қалатынын алға тартты. Әлеуметтік желінің немесе банк картасының құпия сөзін немесе санын біліп алған алаяқ интернет арқылы жеке кабинетке кіріп, ақшаны басқа шотқа аударады.

— Кез келген затты сату үшін де арнайы сайттарды немесе инстаграм парақшаларын пайдаланады. Бір адам өзінің пәтерін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің пәтеріңіз ұнады. Сатып алайын деп едім» дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады» дейді бұл. Бірақ, ол: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен басқа қалада едім. Сізге барғанша 2-3 күн өтеді. Сондықтан сіздің төлем картаңызға ақшаны салып жіберейін» дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған бұл адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәлден кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы кодты маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі» дейді. Бұл кісі болса, келген кодты айта салып, алаяққа алданып қалады. Өйткені осы код арқылы әлгі адамның есепшоты бойынша кез келген операцияны жасай беруге болады. Құпия кодты ешқандай адамға беруге болмайтынын ескертіміз, — деді ол. Сөз соңында Павлодар қалалық полициясы алаяқтық қылмыстарды ашу тобының бастығы полиция майоры интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларына тоқталып, дербес деректерді, пластикалық карта-лардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексе-рілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырды. Жиын барысында тұрғындар тәртіп сақшыларына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, толыққанды жауап алды.  Айта кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіпті, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені, телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді. Мамандар  тұрғындарға алаяқтардың арбауынан сақтануды тапсырады. Ал егер де келеңсіз жағдайға тап болсаңыз, жергілікті полиция департаментінің кезекші бөліміне жүгініп, 102 нөміріне қоңырау шалуыңызға болады.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.