«… Тұсында Керекудің  Апай, Бөрі,

Жақсының күнде жиын жүрген жері.

Жол бермей азулыға қарсы тұрған,

Қазекең өткен екен кемеңгері».

Шөже ақын.

 

Қазанғап Сатыбалдыұлы (1771-1856 жж.) — қазақтың атақты батыры бәсентиін Малайсарының үзеңгілес досы Байдәулет батырдың немересі (кейбір деректер бойынша — шөбересі), Бәсентиін елінің төбе биі, руы — Бәсентиін ішінде Бөрі.

Бидің қыстауы Ертіс пен Ақсу өзені бойындағы жерлер, ал жаз жайлауы Екібастұз-Қалқаман алқабындағы қырда, «Ақкөл-Жайылмаға» жақын «Шұрық», «Сарықамыс» деген өзендерінің бойы екен. Қазанғап Сатыбалдыұлы 1843-1848 жылдар аралығында Баянауыл округінің аға сұлтаны болған. Алайда сонау 1820 жылдары Орта жүз қазақтарының жерінде алғашқы округтер құрыла бастағанда Қазанғап Сатыбалдыұлы дербес Баянауыл округін құру үшін көп еңбек сіңіреді және өзінің қарамағындағы бәсентиіндерді ғана емес, «көрші Бура-наймандарды да осы округке кіруге көндіреді». 1833 жылы Баянауыл округі ашылғаннан кейін «халыққа да, жоғарғы ұлықтарға да ықпалы күшті, шен-шекпен, сый-сыяпатқа басқалардан бұрын ие болған Қазанғап… аға сұлтан болып сайланбаса да, есесіне 5 болыс Бәсентиін елінің көңілін аулау үшін Қазанғаптың ұлы Бердәліні қазы қып сайлайды». Қазанғап «…дала билері атынан орыс үкіметімен келіссөз жүргізіп, халқының игілігіне қажетті міндеттерді өз мойнына алыпты». Мәселен, аға сұлтан қызметін атқарып жүргенінде оның жергілікті Омбы әкімшілігінің алдында қазақтардың қамын жеп мүддесін қорғағанын дәлелдейтін дерек келтірсек, «…бәсентиіндер казак (славян) әскерлерінің үлесіндегі жерге мал жіберіп, 29 мың сотық жердің шөбіне зиян…» — келтіргендіктен казак әскерінің Коряковский, Выдрин сияқты өкілдері қазақтардан айып шығынын толық төлеуін талап еткен екен. Аталған «…жерді ертеде қоныстанған қазақтар екендігі… анықталса да, бұл әрекеттерді қылмыс етіп көрсету үшін казак атамандары Ертіс бойына мал жайылдырған қазақтарды жоғары жаққа қаралап көрсетеді». Осындай «… жағдайда аға сұлтан Қазанғап Омбы қаласына барып, қазақтарды көп айып төлеуден құтқаруды ойлаған және Қазанғапты арқа тұтқан бәсентиіндер салық төлеуден мүлде… бас тартқан көрінеді». Сонымен қатар, патша үкіметіне де билік басында екі жаққа да жағымды, ымырашыл, қоғамдағы беделі жоғары адамның болғаны қолайлы болды. Орыс деректемелерінде Қазанғап Сатыбалдыұлының болмысын айқындайтын «парасатты, адал, шыншыл азамат» деген мәліметтер кездеседі. Қазанғап Сатыбалдыұлының бойындағы парасаттылық, шынайылық сияқты жағымды қасиеттерді, оны ымырашыл тұлға етіп көрсететін тағы бір мысал келтірейік. Есімі әлемге әйгілі Абай ақынның әкесі 1849-1852 жылдары Қарқаралы округін басқарған Құнанбай Өскенбайұлы Қазанғап Сатыбалдыұлының үйіне жиі тоқтап, сыйлы қонағы, сырлас жолдасы болған, оны ерекше құрметтеген. Мәселен, «Құнанбай Бөжеймен арыздасып, … Омбыға шақырылып, жолда Қазанғапқа сәлем бере кетейін деп келсе, палау бастырып шай береді». Құнанбай Қазанғапқа мұңын шағады, сонда Қазанғап:

«Тұман түбі — жұт,

Тұмау түбі — құрт,

Закон түбі — сот,

Соттың түбі — шорт, — деп, «Бөжеймен алыспа, араздаспа, жеңсең, өзіңді жеңесің, жеңілсең, бойыңа мін-қарғыс таңба болады», — деп ағалық ақылын айтқан екен». Қазанғап Сатыбалдыұлының саяси қайраткер ғана емес, сонымен бірге мал шаруашылығымен де, егін шаруашылығымен де айналысқан ірі кәсіпкер һәм халыққа жанашыр, демеуші болғанын тарихи деректер айғақтайды. Мысалы, Қазанғап Сатыбалдыұлы 1843 жылы дуанбасы болған соң қызметін дуанға мешіт салдырудан бастаған екен және молда ғып Қазанның татары Ғабдулғафар есімді азаматты тағайындаған. Осы молдамен бірге еріп келген Рамазан деген татар жігітін Қазанғап қолына ұстап, сауда-саттығын жүргізетін көмекші еткен. Рамазан өз қамқоршысының тапсырмасы бойынша бүкіл Сібірді, Ірбіт, басқа да ірі жәрмеңкелерді аралап, сауда-саттық жүргізген. Ақсу қаласының тұрғыны Жамбыл Қайырбеков пен Қызылжар ауылында тұратын Қаратай Жүкеновтің мәліметтері бойынша Қазанғап Сатыбалдыұлы қазіргі Павлодар облысының Ленин кентінде (7 ауыл) медресе салғызып, қазақ жастарының білім алуларына қолқабыс тигізген екен. «1856 жылы Қазанғап Сатыбалдыұлы қайтыс болғаннан кейін Рамазан Қызылжар, Омбы қалаларынан күйдірілген қызыл кірпіштер мен ақ мәрмәр тастар алғызып, басына ақ күмбезді кесене тұрғызған. Кесене ішінде Қазанғап бидің еңбектері жөнінде ақ мәрмәр тастан жазылған қабірүсті ескерткіш орнатқан. Кеңес үкіметі кезінде Қазанғап би кесенесі бұзылып, кірпіштері ауылдағы фермаларға жұмсалған. Кейіннен Рамазанның немересі Абдулфаттах Рамазанов Павлодар қаласындағы қазіргі Әлкей Марғұлан көшесінде Қазанғап биге арнап Ақ мешіт салғызған». Қазанғап Сатыбалдыұлының шешендігі де Арқа жұртының арасында кең тараған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының деректеріне жүгінсек, сырым Малайсары батыр Байдәулет сардарға айтқан екен: «Байеке, … бата-құтыңды кімге тастадың», — деп. Сонда Байдәулет батыр: «Менің құтым балам Сатыбалдының тұңғышында қалады, онда қалмаса, мылтығымның ұңғысында қалады», — деген екен. «Байдәулет батырдың айтқаны келіп, Сатыбалдының үлкені Қазанғапта қалған екен. Қазанғапты сұраған сол заманның адамдарынан: «Шоң (Едігеұлы ) сөйлегенде қара арғымақты су түбіне батырады, Қазанғап сөйлегенде ол арғымақты су бетіне шығарады», — деген мағлұматтар бар. Атақты Шөже ақын Ертіс бойындағы Бәсентиін елін аралап жүріп шығарған өлеңінде Қазанғап Сатыбалдыұлы туралы былай деген екен:

«… Тұсында Керекудің

                          Апай, Бөрі,

Жақсының күнде жиын

                          жүрген жері.

Жол бермей азулыға

                          қарсы тұрған,

Қазекең өткен екен кемеңгері».

Танымал ақын Біржан сал Сара ақынмен айтысында:

«Ұл тумас Қазанғаптай

                          ата ұлынан,

Тұқымы дегдар шыққан

                           жатынынан.

Полковник шен алады

                           туған бала,

Шырылдап түскеннен

           соң қатынынан»,
деп, оны бүкіл Орта жүз Арғын-
ның арысы ғып көрсетеді. М.Ж.Көпейұлы ел аузынан жазып алған аңыз-әңгімелерінің бірінде «Бөріден шыққан, атағы жер жарған Қазанғап» деп оны сол қиын кезеңнің бір ғажап құбылысы ретінде көрсетеді. Қазанғап Сатыбалдыұлының есімімен байланысты жер атауларына қатысты айтсақ, «Қазанғаптың асуы», «Қазанғаптың қоралары» деген жерлер Баянауылға Павлодардан келетін тас жолмен кіре берістегі Төлеу бұлағының бас жағында» орналасқан. Қазанғап би Сатыбалдыұлының ұрпақтары да еліне танымал адамдар болған. Атап айтқанда, оның баласы Бердәлі Қазанғапұлы (1802-1842 жж.) Бәсентиін болысының биі, Баянауыл округінің қазысы (1833-1837 жж.), 1840 жылы аға сұлтанға үміткер, «1841-1842 жылдары Баянауыл округінің аға сұлтаны қызметін атқарды». Қазанғап Сатыбалдыұлының немересі Иса Бердәліұлы (орыс деректемелерінде — Иса Бердалин, шамамен 1825-1899 жж.) ауылбасы, би болған, Алтыбай болысын басқарған. «Иса мырзаның қайтыс  болуына байланысты «Дала уәлаяты» газетінде 1899 жылғы, 14 қарашадағы №42 санында жарияланған мінақыпта мынадай жолдар бар: «Иса Бердәлі баласы қашан болса да халық пайдасын ойлаушы еді». Павлодарлық зерттеуші В.Д.Болтинаның мәліметтері бойынша бірінші бүкілресейлік санақ комиссиясының құрамына орыс шенділерімен қатар Алтыбай болысының басшысы, «құрметті қырғыз» деген атағы бар Иса Бердәліұлы сайланған. Қазанғап Сатыбалдыұлының шөбересі Қабыш Исаұлы Бердәлі (Бердалин) есімі күллі Кереку-Семей өңіріне әйгілі саяси және қоғам қайраткері, Павлодар уездік Алашорда кеңесінің төрағасы, Ахметолла Барлыбаевпен бірге Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ құрылтайына қатысқан, ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының белді өкілі, ақын. Мақаланы қорытындылай келе айтарымыз: Қазанғап бидің Кереку-Баянауыл өңірінің дамуына, көркеюіне еңбегі сіңгенін ескере отырып, халқына адал қызмет еткен азаматтың есімін халық жадында мәңгілікке сақтап қалу үшін, сондай-ақ ата қонысы Ертіс өзенінің сол жағындағы Павлодар облысының Ақсу ауданына қарасты жерлер (соның ішінде Павлодар қалалық әкімшілігіне бағынысты Ленин кенті) болғанын есепке ала отырып, Ленин кентіне Қазанғап би Сатыбалдыұлының есімін «Қазанғап би» ауылы деп беруді әлі де ұсынамыз.

Махмет Демесінов,

еңбек ардагері, Павлодар қаласы.