Ардақты оқырман! Міне, бүгін, 2023 жылдың 31 қазан күні Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің 16 мыңыншы саны қолыңызға тиіп отыр! Бұл – газеттің тарихында атаулы сәт, ерекше мезет.

Бүгінде ақпарат айдынында газет көп. Бұдан 100 жыл бұрын қазақ қоғамы үшін баспасөз атаулы таңсық болып жаңадан есіктен енсе, қазіргі кезде аламанда бұқаралық небір ақпарат құралдары бар. Солардың қатарында өңірдің ақпарат саласында өзіндік орнын сақтап келе жатқан басылым қатарында біздің де еңсеміз биік. Әрине, бұл жерде Сіздердің, көзі ашық, көкірегі ояу оқырманның үлесі зор екенін айтуымыз керек. «Сарыарқа самалы» газеті 1929 жылы 15 ақпанда алғашқы редакторы Бейсембай Кенжебаевтың бастауымен желкенін керіп шықты. Содан бері осы газетпен талай буын сусындап жетілді. Әкесінен баласына қалып, ата дәстүрді бұзбай, үйге жаздырып алып келе жатқан отбасылар қаншама. Яғни, газет – шаңырақтың бір бөлшегіне, құндылығына айналған. Төрге қазақы дөңгелек үстелді жазып қойып оқитын ағаларымыз қаншама! Өткенді қадірлеп, ертеңді ойлаған қазақ қоғамында мұндай отбасылардың көп болуы, әрине, қуанышты. Газет – зор еңбектің нәтижесі, көз майын тауысқан ыждағаттың күші. Оның ақпарат айдынындағы орны әрқашан бөлек болып қала береді. Бүгінде электронды сайттардың пайда болуымен ақпарат тарату ісі жеңілдеген, жылдамдығын күшейткен. Бірақ олар газеттің, қазақ баспасөзінің орнын алмастыра алмайтыны анық. Бұл – жалаң сөз емес. Оқиғаларды жедел жазып көрсеткенмен, сол электронды құралдар ұлттық тәрбие, ата дәстүрі, ананың аманаты, болашақтың үлесі секілді дүниелерді насихаттап жазбайды. Оқырман іштегі сырын да, мұңын да газетке қалам тартып ақтара алады. Ендігі жерде осы асыл қасиетті жас ұрпақтың бойына сіңіре білуіміз керек. Газет оқытып, жан дүниесін байытпасқа болмайды. Тәрбиесіз берілген жалаң ақпарат ертең үлкенге сәлем бермейтін баланы өсіріп шығарады.  Бұған дейін «Saryarqa samaly» газетінің 15 мыңыншы нөмірі 2016 жылдың 25 қазанында шыққан екен. Арада жеті жыл өткенде тағы бір мың саны жарық көрді! Бұл аралықта газет ұжымы қаншама жол жүріп өтті. 2022 жылдың 28 қазанында Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газеті  журналистика саласындағы ұлттық «URKER» сыйлығының иегері атанды. Республика бойынша «Ең үздік өңірлік бұқаралық ақпарат құралы» атанды! Бұл да болса, редакцияның кәсіби ізденісінің нәтижесі. Қазіргі таңда газет редакциясы алға қойған биік мақсаттарға жету жолында еңбектенуде. Бұл ретте әрине, кешегі аға буынның үлесі ұмытылмақ емес. Айта кету керек, 2024 жылы 15 ақпанда болатын 95 жылдық мерейтойы қарсаңында  газет тарихын зерделеу жұмыстары жалғасын табады. Ең бастысы, бүгінде «Saryarqa samaly» газеті өзінің оқырмандарымен бірге жасап келеді. Басылым елмен бірге келешекке қадам басуда. Осылай әрдайым зор жетістіктермен газеттің атаулы даталарын қарсы ала беруді жазсын!

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

«Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы.