Тұтас ғұмырын мәдениет саласына арнаған, елімізге танымал тұлғалардың жұртшылық арасында кеңінен таралуына септігін тигізген Қуандық Қалиевтің есімін былайғы жұрт көп біле бермейді.
Ұзақ жылдар Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қызмет атқарған, әнші, өнертанушы Қалиев Қуандық Әбілқайырұлының туғанына биыл 70 жыл толып отыр. Осыған орай музейде «Өмірі өнерімен өрнектелген» атты әдеби-музыкалы кеш өтті. Әншінің өмірі мен шығармашылығына арналған кеште «Беу, жігіттер» халық ансамблінің іргетасын қалаған Тезекбай Болат пен Бабиев Дәулет сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Кеште дәстүрлі әнші Мағжан Ысқақ «Баянауыл», Замандас ардагерлер клубының, вокал тобының мүшесі Винера Жапарова «Ләйлім-Шырақ», Алмаз Мұқатай Абайдың әндерінен поппури орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.Қуандық Әбілқайырұлы 1953 жылдың 24 қазанында Баянауыл ауданының Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауылда дүниеге келді. Атасы Қали мен нағашы атасы Уәли домбыра тартып, сырнайда ойнаған. Әкесі домбырамен ән салған. Кішкентай жасынан ән мен жырдың ортасында өскен ол, ес біле бастағаннан ән салуға өте құмар болады. Алғаш үйренген әндерінің бірі Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әні еді. Қуандық Әбілқайырұлының өнердегі еңбек жолы 1975 жылы Лебяжі аудандық халық театрынан басталды. Сол жылы ол Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры жанындағы опера студиясында, кейін П.Чайковский атындағы Алматы музыка училищесінде білім алады. Алматыдан оралғаннан кейін 1977 жылы Май ауданына шақырылып, аудандық мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындалады. Мәдениет үйінде «Сириус» атты вокалды-эстрадалық ансамбль ашады. Сонымен қатар, аудан орталығында кезінде белгілі болған «Жадыра» ән-би ансамблі мен драма үйірмесін қайта жаңғыртады. Кейін Шарбақты аудандық мәдениет үйінің директоры, Баянауыл аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Баянауылдық «Беу, жігіттер» халық ансамблін құрып, оның өнер жолында биік дәрежеге жетуіне де Қуандық Әбілқайырұлы ерекше үлес қосты. Ансамбльдің жетекшісі әрі әншісі ретінде түрлі өнер байқауларына қатысуға барынша мүмкіндік жасады. Облыстық, республикалық, бүкілодақтық өнер жарыстарына қатысып, талай-талай байқауларда көзге түсті, жүлделі орындар иеленді. 1978 жылы Павлодар қаласында өткен «Өмірді әнмен өрнектеп» атты республикалық телефес-тивальде Ахмет Жұбановтың «Ақкөгершін», Әсет Бейсеуовтің «Қызыл сұңқарлар» және Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау» әндерін орындап, бірінші орынды жеңіп алып, жеті жыл қатарынан облыстық жастар мен патриоттық әндерді орындаушылар конкурсының лауреаты болды. 1993 жылы Семейде Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойына орай өткен республикалық Абай әндері байқауының лауреаты атанды. Қуандық Әбілқайырұлы 1992 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қызмет етті. Ертіс-Баян өңірінен шыққан әнші, күйші, сазгерлер, өзге де танымал ұлы тұлғалар жайлы құжаттар жинап, зерттеп, насихаттау мақсатында зор үлесін қосты. Ұлттық өнерді дамытуға қосқан еселі еңбегі үшін 1994 жылы «Павлодар облысының үздік мәдениет қызметкері» белгісіне ие болып, өнерге жан-тәнімен берілген талантты азамат қай жерде қызмет етсе де ұлттық өнердің дамуына барынша атсалысты.
Сәуле Арынғазина,
Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі өнер бөлімінің меңгерушісі.