Әр әйелдің басты міндеті – өмірге ұрпақ әкеліп, ана атану. Алайда мұндай бақытқа жете алмай жылап жүрген, қолын жайып Жаратқаннан нәресте сұрап жүрген жандар аз емес. Мамандардың айтуынша, оның себебі көп. Бірі сырқатының салдарынан бала сүйе алмаса, енді бірі бедеулігінен немесе ер азаматының белсіздігінен жапа шегуде. Бұдан басқа да түрлі жағдайларға тап болып, ата-ана атана алмай жүргендер аз емес. Оған не себеп? Кім кінәлі? Мамандар не дейді?
Кінәлі кім?
Елімізде ай-күні жақындаған әйелдердің құрсағындағы сәбидің аяқ астынан шетінеп кету оқиғасы тыйылмай тұр. Ең өкініштісі, олардың қатарында тоғыз ай бойы тағатсыздана күткен баласын жоғалтумен қатар, жатырынан айырылып қалған қамкөңіл жандар да баршылық. Осындай оқиға жақында ғана облысымызда орын алды. Қайғыдан қабырғасы қайысқан 26 жасар павлодарлық Гүзалия Жетпісова әлеуметтік желі арқылы басынан өткен оқиғасын ашық түрде баяндап, кінәлі мамандардың жазалануын сұраған болатын. Оның айтуынша, жүктіліктің 37-ші аптасында іші ауырып, Павлодар қаласындағы аурухананың біріне жүгінген. Ондағы ақ желеңділер тексеріп, ешқандай қауіп жоқ екенін айтып, үйіне қайтарып жіберген. Арада бірнеше күн өткен соң әлгі әйел мазасы кетіп, жедел жәрдем шақырған. Сол сәтте дәрігерлер құрсақтағы шақалақтың жүрек соғысын ести алмаған көрінеді.
— Іштегі баланы ультрадыбыстық монитордан көрген дәрігер оның жүрегі соқпай тұрғанын айтты. Сол мезетте менен қан кетіп, жағдайым күрт нашарлады. Қабырғаға сүйеніп әзер тұрдым. Жанымда болған маман осыны көре тұра ешқандай шара қолданбады. Сөйтіп, есімнен танып қалыппын. Көзімді ашсам, төсекте жатыр екенмін. Ішімнің төменгі бөлігі қатты ауырып тұрды. Кесарь тілігін жасауды өтініп сұрадым. Дәрігерлер оған ешқандай көрсеткіш жоқ екенін айтып, босандыру залына апарды. Арада 7 сағат өткен соң өлі баланы босандым. Бұл жағдайдан кейін дәрігер менде гемоглобин мөлшері 55-ке дейін түсіп кеткенін айтты. Қан қысымым көтерілді. Жағдайым нашарлай берді. Ақыр аяғында мені құтқару үшін жатырымды алып тастапты, — деген жапа шегуші көптен күткен сәбиінен айырылып қана қоймай, бұдан былай құрсақ көтере алмайтынына қапалы екенін жеткізді. Жаны жаралы келіншек болған оқиғаға дәрігерлер кінәлі деп отыр. Сондай-ақ, ол жүктілік кезінде ешқандай асқынулар болмағанын әрі дәрігердің қабылдауын да қалт жібермей, уақытылы барып тұрғанын айтады. Осылайша, жағдайын жасырмай айтып, әділдік сұраған келіншектің жанайқайы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл оқиғаға қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қызметтік тексеріс жүргізіп, павлодарлық бірнеше дәрігерге сөгіс жарияланған. Сонымен қатар, кешенді сот-медициналық сараптама тағайындалған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде екен. Сонымен, аталмыш мәселенің ақ-қарасын құзырлы мекемелер анықтайды. Жазықтылар жауапқа тартылады. Бірақ жатырынан айырылған әйел-
дің жан жарасын жазып, олқылықтың орнын толтыру мүмкін емес екені айдан анық. Міне, бұл – бір ғана оқиға. Ал елімізде дәл осындай жағдайға тап болған қанша жанның бар екені беймәлім. Себебі, мұндай ақпарат ашық жарияланбайтын көрінеді.
Кесарь тілігі «кесір» ме?
Жоғарыдағы оқиғаға байланысты әлеуметтік желіде пікір білдірушілердің көбі: «бәлкім, кесарь тілігін жасағанда келіншектің жатыры аман қалып, тағы да сәби сүю бақыты бұйырар ма еді?.. Бұл жағдайдан ақ желеңділер сабақ алса екен», — деген ойларын ортаға салуда. Ой саларлық жағдай, әрине.
Жалпы, акушер мамандардың айтуынша, перзентханаға толғатып келген жүкті әйелдердің басым бөлігі жаны қиналғанда кесарь тілігін жасауды сұрайтын көрінеді. Бұған рұқсат етілмеген соң өздігінен әзер босанған әйелдердің арасында кесарь тілігін жасауға келісім бермеген ақ желеңділерді айыптап, ренжіп жүргендер де аз емес. Солардың бірі — Павлодар қаласының тұрғыны Жанна (кейіпкердің өтініші бойынша тегі жазылмады):
— Мен перзентханаға ауырып барып, сонда 1 тәулік бойы толғаттым. Әлім әбден құрып кетті. Сол сәтте дәрігерлерге жалынып, кесарь тілігін жасауды өтіндім. Олар өтінішімді қабылдаған жоқ. Әйтеуір әзер жаным қалды. Өліп, қайта тірілдім десем де болады. Балам қысылып туып, жансақтау бөлімінде бірнеше күн жатты. Соның әсері болар, невропатолог дәрігерде есепте тұрдық. Себебі, баланың басындағы қан тамырларына зақым келген, жұлыны созылған. Қазір ол 4 жасқа жақындап қалды. Әлі тілі шыққан жоқ. Оның болашағы үшін қатты алаңдаймын. Егер баламды кесарь тілігімен алғанда, мұндай жағдай болмас еді деп ойлаймын, — дейді. Бір анығы, бұл оймен келісетін келіншектердің көп екенін байқадық. Біз сөзге тартқан әйелдердің жартысына жуығы ауыр босанғанын алға тартып, соның салдары балаларының денсаулығына да кері әсерін тигізгенін айтуда. Сондықтан аналардың көбі сәбиінің аман-есен өмірге келуі үшін кесарь тілігін жасауға шектеу қоймау керектігін, одан басқа оңай жол жоқ деген пікірде. Алайда гинеколог дәрігерлер кесарь тілігі кез келген жүкті әйелге жасала бермейтінін, тек медициналық көрсеткіштер бойынша ғана рұқсат етілетінін айтады.
— Кесарь тілігі ана мен баланың денсаулық жағдайына байланысты нақты медициналық көрсеткіштер бойынша ғана жасалады. Бұл ота кезінде әйелдің ауырсыну сезімін жеңілдету үшін наркоз берілетіндіктен, оның да тәуекелдері көп. Өкінішке қарай, қазіргі келіншектер толғақты көтере алмайды. Өте шыдамсыз болып барады. Босануға келетін әйел психологиялық тұрғыда өзін-өзі дайындауы тиіс. Көбі бұған мән бермейді. Содан кейін бір жағдай болса, бірден дәрігерлерді кінәлап шығады. Бұл дұрыс емес, — дейді Павлодар қалалық №1 емхананың әйелдер кеңесі бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнәр Омарова. Білікті мамандар кесарь тілігінің де кесірі көп екенін ескертеді. Айталық, мұндай отадан кейін әйелде бұған дейін болған қаназдық, бронхит, пиелонефрит секілді созылмалы аурулар асқынып кету ықтималдығы жоғары екен. Соған қарамастан, соңғы уақытта бұл ота түріне жүгінетіндер саны артқан. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде еліміздегі босанатын әрбір үшінші әйелге кесарь тілігі жасалатыны анықталған. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған ақпарат бойынша, биыл жыл басынан бері 8629 павлодарлық нәресте өмірге келсе, оның 2 мыңға жуығы кесарь тілігімен туылған. Бұл ретте, шетелдердегі көрсеткіш те жоғары екенін атап өткен жөн. Мәселен, АҚШ, Мексика, Бразилия сынды елдерде өмірге келетін сәбилердің 60-70 пайызы, ал Египет, Италия, Түркия мемлекеттерінде нәрестелердің 50 пайызы кесарь тілігімен туылатын көрінеді. Бұл әдіс арқылы жеңілденген әйелдердің 3-4 баладан артық босана алмайтынын айтқан демограф мамандар алаңдаушылық білдіруде. Яғни, олар жүкті келіншектердің табиғи жолмен босанғаны дұрыс деп санайды. Себебі, кесарь тілігінің көбеюі елдің демографиялық жағдайына кесірін тигізуі мүмкін екенін айтуда. Алайда көпшілік қандай жағдай болса да ана мен баланың амандығы бірінші орында тұруы тиіс деген пікірде. Ең дұрысы, ел сенім артқан ақ желеңділер адам өмірін сақтап қалу үшін ең тиімді әдіс-тәсілдерді қолданудан аянып қалмағаны жөн, дейді жұртшылық.
Мәселе бар…
Гинеколог мамандар жүкті әйелдердің басынан кешіп жатқан түрлі сәтсіздіктерге көп жағдайда олардың өз денсаулығына атүсті қарайтыны себеп екенін айтуда.
— Соның бірі — әйелдердің көбі жүктілікті жоспарламайды. Яғни, аяқ астынан бала көтеріп қалғанын айтып, есепке тұруға жетіп келеді. Алдымен ана болғысы келетін адам дәрігер қабылдауына келіп, тексеріліп, денсаулығында қандайда бір кінарат болса, соны әбден емдеуі керек. Бұдан кейін ғана сәбилі болуды жоспарлау қажет. Тағы бір мәселе — қазіргі келіншектердің басым бөлігі дұрыс тамақтанбайды, жаяу жүрмейді, көп қимылдамайды. Соның салдарынан да жүктілік кезінде түрлі асқынулар орын алуы ықтимал, — дейді павлодарлық гинеколог дәрігер Гүлнәр Омарова. Сондай-ақ, ол облысымызда да, республика бойынша да гинеколог мамандардың тапшы екенін айтып, осы жағдай да ана мен бала денсаулығына қатысты жұмыстарға кедергі келтіретінін алға тартуда. Бұл пікірге медицина саласында 30 жылдам астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман, Павлодар қаласындағы №5 емхананың гинеколог дәрігері Меңдіғайым Таукебаева үн қосуда.
— Иә, гинекологтар жетіспейді. Тіпті, кейбір участоктарда мұндай маман мүлдем жоқ. Сол себепті әйелдерді басқа участоктарға бөліп, қосып тастайды. Мәселен, менің қарамағымда 60-тан астам жүкті ана бар. Олардың әрқайсысын жіті тексеріп, түрлі сала мамандарына, зерттеулерге жолдама жазып береміз. Электронды түрде жұмыс істейтіндіктен, кейде компьютер қатып тұрып алады. Осындай кедергілер уақытымызды алып, әйелдердің сағаттап кезекте отыруына себепкер болады. Сөйтіп, түсінбеушіліктер туындайтын сәттер де кездеседі, — дейді ол. Бұл жағдай түсінбеушілік тудырып қана қоймай, ана атануды армандап жүрген жандарға да кесірін тигізетіні сөзсіз. Себебі, ат төбеліндей аз ғана гинеколог маман жүкті әйелдерге қызмет көрсетуден аса алмайтындықтан, балалы бола алмай жүргендердің толыққанды тексеріліп, ем-дом алуына мүмкіндік аз екені айтпаса да түсінікті. Өкінішке қарай, бұл жағдай әсіресе, елдегі бедеулік дертіне шалдыққан келіншектердің сағын сындырғандай. Статистикаға жүгінсек, осыдан 20 жыл бұрын еліміздегі бедеуліктің көрсеткіші 8-10 пайыз аралығында болса, бүгінде 16-17 пайызға жеткен. Дәрігерлердің айтуынша, бедеуліктің пайда болуына жыныстық жолмен берілетін инфекциялық аурулар, жатырдың дұрыс жетілмеуі, түтікшелердің бітеліп қалуы сынды себептер әсер етеді екен. Осындай ауруларға тап болған жандарды асқындырмай емдеп, дер кезінде көмек көрсету үшін білікті мамандар ауадай қажет. Алайда дәрігерлер ешқашан үміт үзбеу керектігін айтады. Өйткені, жаңа технология қарыштап дамыған қазіргі заманда сәби иісіне зар болған отбасылар экстракорпоралды ұрықтандыру әдісіне жүгіне алады. Жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы елімізде 22 мыңнан астам бала жарық дүниеге келген. Десе де, әр әйел үшін табиғи жолмен бала көтеріп, оны өмірге аман-сау алып келуден асқан бақыт жоқ екенін білген абзал.
«Жүкті әйелдің бір аяғы — жерде, бір аяғы — көрде» деген қанатты сөз бар қазақта. Бұған қарап-ақ, құрсақ көтерген ананың өмірі қыл үстінде екенін аңғару қиын емес. Осындай жандардың тоғыз ай бойы тар құрсағын тарылтқан сәбиімен қауышып, аман-есен қол-аяғын бауырына алуы көп жағдайда ақ желеңділерге де тікелей байланысты екені анық. Сол үшін әр маман өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қараса екен дейміз. Ал ана болу бақыты маңдайына жазылмағандарға «сабыр» айтудан басқа амалымыз жоқ. Сіз не дейсіз, құрметті оқырман?
Нұржайна ШОДЫР.