Оңтүстік астана – Алматы төрінде қасиетті Тереңкөл жерінде туып—өскен атақты қаһарман, ұлағатты ұстаз, парасатты педагог, математик—ғалым, Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағанов есімі ұлықталып, рухына құрмет көрсетілді.
Батыр жерлесіміз қырық жылдан астам уақыт бойы кафедра меңгерушісі болып жемісті қызмет еткен еліміздігі байырғы жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қаһарман ғалым ұстазға арналған «Ұрпаққа үлгі болған ерлік» атты патриоттық кеш болып өтті. Университеттің Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының математика кафедрасы ұйымдастырған шараға оқу орнының оқытушы профессорлары, студенттер, тыл ардагерлері, батырдың әріптестері мен шәкірттері және туыстары қатысты. Мерекелік кешті салтанатты түрде университеттің Стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Ж.Қ.Рысбекова ашып, барлық қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Сахнадағы экраннан батырдың Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ерлік жолдарынан сыр шертетін бейнебаян көрсетіліп, рухты әскери әуендер кеш көрігін қыздырды. 1-курс студенті Аружан Жалғас соғыс кезінде кеңінен танымал болған «Катюша» әнін нақышына келтіріп орындаса, 1-курс студенті Гүлім Өтеген «Ерлік — елге мұра, ұрпаққа ұран» атты арнауын оқып берді. «Ұмытылмас кездер-ай» бағдарламасы бойынша батырдың көзін көрген кеш қонақтарының естеліктері тыңдалды. Универ-ситеттің ардагер ұстаздары, педагогика ғылымдарының кандидаттары, доценттер Советбай Елубаев пен Баян Ханжарова батыр ұстазбен бірге істеген күндерін еске алып, адамгершілік қасиеттерін сөз етсе, батыр шәкірті, доцент Қауана Қасенова ұстазы туралы тебіреністі естелік айтты, ал Қазақстан темір жолы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Кеңес Одағындағы әскери іс-қимылдардың, ауған соғысының ардагері Дуан Омаров батыр ағасының туыстары мен достарына жасаған қамқорлығын сөз етті. Белгілі ақын, жазушы, композитор, журналист, Әлем халықтары жазушылары одағының, Түркі әлемі жазушылар одағының мүшесі Болат Құрманғажыұлы Әкежан батыр рухына арнаған өлеңін оқып, жұртшылық қошеме-тіне бөленді. Кеште университеттің математика пәнінің студенттері Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағановтың сұрапыл соғыста ерлігімен көзге түскен сәттерінен сахналық қойылымдар көрсетіп, патриоттық әндер шырқады. Игілікті шара соңында сөз алған батырдың аталас туысы, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Рухани мәдени мұраны қорғау жөнін-дегі Ұлттық комитетінің мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор Серікқазы Қорабай Ертіс-Баян жұртшылығы атынан осындай әсерлі кеш ұйымдастырған университеттің профессор-оқытушылар құрамына ризашылығын білдіре келіп:
– Ерлік ешқашан ұмытыл-майды. Кешегі қан майданда бұрынғы Кеңес Одағы бойынша Кеңес Одағының Батыры жоғары атағына барлығы 105 қазақ азаматы ие болып, ұлттар арасында орыс, украин, белорустан кейін төртінші орынға шыққан екен. Сол батырлардың ішінде бірі де бірегейі Құдайберген ағамыз жас кезінен білім, ғылымға құштар болып, 1936 жылы 5-6- сыныптарды қатар оқып бітірген соң Павлодардағы педагогикалық училищеге түседі. Ол оқу орнын үздік бітіріп, ауылда мұғалім болады да, соғыс басталғанда бірден майданға аттанады. 21 жасында кіші лейтенант шенінде взвод басқарып, Сталинград шайқасында ауыр жараланға-нына қарамастан қайтадан сапқа тұрады. Жақын туысы, Ресейдің отарлық жүйесіне қаймықпай қарсы шыққан Қошман батыр сияқты асқан ерлігімен көзге түсіп, 25 жасында оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Соғыстан кейін ұстаздық қызметін қайта жалғастырып, Қазақтың қыздар педагогикалық институтында тапжылмастан қырық жыл бойы абыроймен қызмет етті. Біз осындай батыр ұстазды үнемі үлгі етуіміз керек. Осы кеште батыр туралы тамаша естеліктер айтылды. Алдағы уақытта басқа естеліктерді де жинастырып, батыр туып-өскен Тереңкөл аудандық әкімдігімен бірлесіп арнайы кітап шығарса дұрыс болар еді. Бұл ұрпаққа қажет, – деп үлкен ұсыныстар айтты. Батыр ұстаз тағылымын паш еткен кеш студенттерге үлкен әсер етіп, жұртшылық ризашылық сезіммен тарасты.
Н.ЖАНАҚОВА,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің қауымдастырылған профессоры,
Алматы қаласы.