дейді профессор Еңлік Жұматаева

Жақында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған республикалық «Үздік ғылыми қызметкер-2023» байқауының қорытындысы жарияланды. Жеңімпаздардың әрқайсысына куәлік пен 7 млн теңге көлемінде сыйақы табысталды. Жүзден жүйрік атанғандардың қатарында бірнеше павлодарлық ғалым бар. Солардың бірі — педагогика ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық педагогика білім академиясының (МАНПО) академигі, Торайғыров университетіне қарасты Ж.Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің инновациялық технологияларының ғылыми-практикалық орталығының директоры Еңлік Өсербайқызы Жұматаева. Отандық білім-ғылым саласын дамытуға мол үлес қосқан ғалымды сөзге тартып, жеткен жетістіктері мен еңбегі жөнінде аз-кем әңгімелескен едік.

— Таяуда республикалық «Үздік ғылыми қызмет-кер — 2023» байқауының жеңімпазы атанып, сый-құрметке бөлендіңіз.  Жетістігіңіз   құтты болсын! Бұған қалай қол жеткіздіңіз?

— Иә, Алланың қолдауымен жеңімпаздардың қатарынан табылдым. Құттықтауыңа рақ-
мет! Мұндай жетістік кез келгенге бұйыра бермейді. Ол үшін ғылымға адал болып, көп жұмыс істеу керек. Менің бұл жетістігім — тынымсыз еңбегімнің нәтижесі деп білемін. Мәселен, бүгінгі күнге дейін 200-ден астам ғылыми еңбек, 20 монография мен оқулықтар, 2 электронды кітап жаздым. Бұдан бөлек 2 ғылыми жобаның авторы атанып, грант ұтып алғанмын. Қазіргі таңда Торайғыров университетіндегі «Психология және педагогика» мамандығы бойынша диссертациялық кеңестің төрайымымын. Мұнда докторантураға түсушілердің еңбегін тексеріп, сүзгіден өткізіп, қолдан келгенше көмектесеміз. Нәтижесінде, соңғы 3-4 жылдың ішінде 20-дан астам шәкіртім педагогика-психология саласында PhD докторлары атанып, құжаттарын алды. Тіпті, кейбірі профессор атанып үлгерді. Сондай-ақ, тек былтыр 4 монографиям жарыққа шықты. Атап айтар болсам, «Магистранттардың ойлау өнерін өркендетудің ғылыми негізі», «Дидактиканың тарихы және білім философиясы», «Қазақ тілін жаңа технология-                                        мен оқытудың тағылымы», «Білім алушыларға патриоттық тәрбие берудің педагогикалық негіздері» атты монография жаздым.

Міне, «Үздік ғылыми қызметкер-2023» байқауында осынау ғылыми еңбектерім ескеріліп, есепке алынды. Жетістікке жетуімнің сыры осында жатыр деп ойлаймын.

— Ғалым  ретінде біраз еңбек жазып, жарыққа шығарған екенсіз. Бұл жұмыстарыңыз бүгінгі жас ұрпақтың кәдесіне жарап жатыр ма? Яғни, оқулықтарыңыз білім беру бағдарламасына енді ме?

— Бұрын менің жазған оқулықтарым орта мектептің бағдарламасында қолданылды. Кейін өзім мектептерден алшақтап кеткендіктен қазіргі жағдайды білмейді екенмін. Бірақ жоғары оқу орындарында оқитындарға арнап жазған еңбектерім университетте кеңінен пайдаланылуда. Тіпті, өзге өңірлерге де таратылуда. Жалпы, мен 2005 жылы ғылыми атақ қорғап, ғылымға бет бұрдым. Содан бері осы бағытта тынымсыз еңбек етіп келе жатқан жайым бар.

— Сіз педагогика ғылымдарының докторысыз. Шыны керек, көпшілік педагогика саласында ғылыми жаңалық ашуға бола ма деген ойларды жиі айтып жатады. Осыған не дейсіз? Өзіңіз бұл салаға қандай жаңалық әкелдіңіз?

— Иә, қазіргі адамдардың көбі ғылым десе, машина жасап шығару, өндірісте бірдеңе өндіру немесе басқа да жаңаша жаңалық күтеді. Ал осының бәрін жасау үшін алдымен ой керек. Осы ойлау өнерін дамыту қажет. Ол ішкі пайымдардан тұрады. Біз оны ақтару үшін, яғни біреудің ішкі ойын біліп, түсіну үшін онымен диалогқа түсеміз. Сонда ғана арғы жағында не бар екенін көреміз. Ғылым мен білімді көтерудің негізі осыдан басталады. Адам алдымен ойланады, одан кейін соны іске асырады. Мұның бәрін негізге ала отырып, бар білімнің патшасы – педагогика дер едім. Өкінішке қарай, көп адам технологияны, логос ойлауды түсіне алмай жүр. Оны әбден зерттеп, халыққа пайдалы бір еңбек ұсынудың өзі түсінген адам үшін үлкен жетістік. Мысалы, мен осыдан біраз жыл бұрын екі ғылыми еңбек жазып, әрқайсысынан 3,5 миллион теңге көлемінде грант ұтып алдым. Оның бәрі адал адам тәрбиелеу, көпұлтты елдегі береке-бірлікті биік ұстау, жас буынның патриоттық сезімдерін оятып, сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталды. Бұл жобалар қазақстандық патриотизмді дамытудың құралына айналып, депутаттар мен білім-ғылым саласында жүрген азаматтарға қызмет етуде. Екі жобам да арнайы мамандардың талқылауынан, сараптамадан өтіп, тиімділігін көрсетті. Оларды жазу үшін әрқайсысына 3 жылдай уақыт жұмсадым, зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Сондықтан ғылымның оңайы жоқ. Бәрі үлкен еңбекпен, ізденумен келеді. Әр саланың өзіндік ерекшелігі мен құндылығы бар. Бірақ оны көпшілік түсіне бермейді.

— Қазіргі ғылыми жұмыс-тардың арасында плагиат көп деген әңгімені естіп жатамыз. Сіз университеттегі диссертациялық кеңестің төрайымы ретінде бұған не айтасыз?

— Әрине, әр жұмысты жіті тексереміз, плагиаттың бар-жоғын бақылаймыз. Бірақ көп адам жоба жазарда тақырыпты дұрыс таңдай алмайды. Халыққа пайдалы болсын деген ойды ысырып қойып, шетелдік дүниелерге еліктейді, соған әуес келеді. Сөйтіп, оны Қазақстанға әкелгенімен, біздің халық түсінбейді. Сондықтан әр жобаны таңдап алмас бұрын оның өзектілігін, ел үшін маңыздылығын терең зерттеп, ойлану керек. Оңай нәрсе жоқ. Ең бастысы, ғылым жолына келген адам адал, таза болуы тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Әйтпегенде, арамдықпен алған атақ та, жеңіл жолмен жеткен жетістік те абырой әкелмесі анық. Ғылымға келетін қыз-жігіттер осыны ұғынуы тиіс.

— Бүгінде Ж.Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің инновациялық техно-логияларының ғылыми-практикалық орталығын басқарып отырсыз. Орталық жұмысы жайлы айта кетсеңіз…

— Бұл орталық Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығын насихаттаумен айналысады. Көп кітап шығардық, басқа да ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Негізі, орталықтың аты айтып тұрғандай инновациялық-технологиялармен жұмыс істейміз. Бұл – үлкен сала. Айталық, оның ішінде ақпараттық, интерактивтік, модульдік жобалар мен көпшілікке таныс емес өзге де дүниелер бар. Соның бәрін зерттеп, талдап, кітап қылып шығарудамыз. Қуантарлығы, оны қаржыландыруға университет қолдау көрсететінін атап өткен жөн.

— Ғылыммен   қатар, кезінде өңірді қазақыландыру үшін де үлес қосқан екенсіз. Бұл бағыттағы еңбегіңіздің нәтижесі қалай болды?

— Сонау 1980-інші жылдары аймақтағы біраз мектепті қазақыландыру жұмысы басталды. Облыстық білім беру бөлімінің тапсырмасы бойынша мен осы жолда көп еңбектендім. Ата-аналармен сөйлесіп, жүйелі жұмыс жүргізудің арқасында облыс орталығындағы бірнеше білім ордасы таза қазақ мектебіне айналды. Кейін жоғары оқу орындарындағы студенттерді қазақ тілінде оқуға қызықтыру үшін еңбек еттім. Айта берсем, мұндай мысалдар көп. Бастысы, сол жұмысымыздың жемісін көрдік.

— Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңіз елене берсін!

 

Н.ШОДЫР.