Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін отандық ғылымның өркен жаюының маңызы зор. Осы мақсатта көп ізденіп, қазақстандық ғылымды дамытуға өзіндік үлесін қосып жүрген жігерлі жастар аз емес. Солардың бірі – Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық универ-ситетінің қауымдастырылған профессоры, дефектология мамандығы бойынша PhD докторы Дана Сұңқарбекқызы Хамитова. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ғалымды аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Дана Сұңқарбекқызы, қазіргі заманның сұранысына сай жаңа жобамен айналысып жатқаныңызды естідік. Сол жөнінде айтып өтсеңіз…

– «Ғылым таппай мақтанба!», – деп Абай атамыз айтқандай, әр оқытушы отандық ғылымға тамшыдай болса да өз үлесін қосуы тиіс деп ойлаймын. Мен де жоғары оқу орнында еңбек еткен соң ғылым жолына бет бұрғанды жөн көрдім. Сөйтіп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен мемлекеттік қаржыландыру аясында университетімізде қанат қаққан «Инклюзивті білім беру жағдайында мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу үшін арнайы педагогтарды даярлау» тақырыбындағы ғылыми жобаның қатысушысымын. Бұл жоба былтырдан бері жүзеге асып келеді. Қазіргі таңда екінші кезеңі іске қосылуда. Жалпы, жобаның басты мақсаты – жоғары оқу орындары базасында осы саланың мамандарына сапалы инклюзивті білім берудің негізгі бағыттарын, мазмұнын, технологиясын, тәсілдерін үйретіп, оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету болып табылады. Алға қойған айқын мақсатқа жету үшін еңбектеніп жатырмыз.

– Бұл жобаның өзектілігі неде?

– Соңғы уақытта күллі әлемде ерекше білім беруді қажет ететін бала саны артуда. Біздің елдегі жағдай да мәз емес десек, қателеспеспіз. Алайда Қазақстанда осы бағытта қызмет істейтін, яғни инклюзивті ортада балаларға психологиялық-педагогикалық тұрғыда қолдау көрсететін маман тапшылығы байқалады. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру түрлі даму кемістігі бар балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді іске асыру үшін кәсіби құзыреттерді қалыптастырмайды. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға психологиялық-педагогикалық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін инклюзивті білім берудің талаптарына сәйкес арнайы педагогтарды даярлауды трансформациялау қажет. Осындай мақсатты көздеген жобаның берері мол екені сөзсіз. Оған университетіміздің оқытушы-зерттеушісі, PhD докторы Айтолқын Дүзелбаеваның жетекшілік еткенін атап өткен жөн. Бұл өзекті ғылыми жобаға өз өңірімізден басқа, Алматы, Шымкент, Петропавл қалаларындағы арнайы білім беру саласындағы тәжірибелі ғалымдар да қызығушылық танытып, қатысуда. Олардың қатарында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры Зүлфия Мовкебаева, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, PhD докторы Бибігүл Дүйсенбаева және басқа да білікті мамандар бар.

– Бүгінгі таңда елімізде инклюзивті білім алатын бала саны артуда дедіңіз. Осы саланың басы-қасында жүрген маман ретінде мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Өкінішке қарай, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жеткіншектер саны жылдан-жылға көбейіп барады. Мұның себебі сан түрлі. Сондықтан біржақты жауап беру қиын. Десе де, осы санаттағы балаларда кездесетін ерекшеліктерге медициналық, әлеуметтік, психологиялық және басқа да факторлардың әсер ететіні анықталғанын атап өткен жөн. Әр баланың денсаулық жағдайын жеке қарау арқылы ғана қорытынды жасауға болады.

– Дефектолог мамандарды даярлаумен айналысып жатырсыздар. Яғни, бұл өзгелерден өзгеше әрі елімізге кейін келген мамандық екенін білеміз. Қандай қиындықтар бар? 

– Бүгінде бізде де, өзге мемлекетте де «дефектология» мамандығының атауы өзгеріп, жалпылама түрде «арнайы педагогика» деген ұғымға ие болды. Осы саланы дамыту үшін жұмыла жұмыс істеудеміз. Ал қиындықтар мен мәселелерге келетін болсақ, біріншіден, қазіргі қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты «тең» көзқарас әлі толығымен қалыптасқан жоқ. Екіншіден, бұл салаға, яғни инклюзивті мекемелерге арнайы педагогтарды даярлау бойынша көп қиындық кездесуде. Осы саладағы мәселелерді шешу үшін біздің ғалымдарымыз еңбектенуде.

– Жалпы, оқытушы ретінде қазақстандық ғылымға деген мемлекет қолдауына көңіліңіз тола ма?

– Әрине, көңілім толады. Елімізде отандық ғылымды дамытуға мемлекет тарапынан айрықша назар аударылып жатқаны қуантады. Мәселен, биыл ғылым саласын қаржыландыру еселеп артқанын білеміз. Сондай-ақ, жас ғалымдарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асуда. Ғылыммен айналысқысы келетін жастарға шәкіртақы төленіп, ғылыми жобаларын қаржыландырып, тіпті, шетелде тағылымдамадан өтуіне де мүмкіндіктер жасалуда. Қысқасы, ғылымға деген ниет, қабілет пен қызығушылық болса, мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда.

– Жас ғалым ретінде бүгінгі күнге дейін туған елге қандай үлес қостыңыз?

– Мен мемекет қолдауымен қаржыландырылатын 4 ғылыми жобаның қатысушысымын. Бұл жобалар арқылы инклюзивті білім беру теориясы мен тәжірибесіне барынша өз үлесімді қосудамын. Сондай-ақ, PhD докторы дәрежесін алуға арналған диссертациялық жұмыс аясында ғылыми кеңесшімнің жетекшілігімен мүмкіндігі шектеулі студенттерді жоғары оқу орындарында қашықтықтан оқыту моделі құрастырылып, тәжірибеге енгізілген болатын. Бұл жоба осыдан екі жыл бұрын елдегі көптеген жоғары оқу орнына енгізіліп, кәдеге жарап жатқан жайы бар. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта 150-ден астам ғылыми еңбегім бар. Оның ішінде отандық және шетелдік ғылыми баспаларға жарияланған мақалалар, оқулықтар, монографиялар, интеллектуалдық бұзылыстары бар бастауыш мектеп оқушыларына арналған әдістемелік құралдарым жарық көрді. Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен жазылған «Айналадағы әлем» және «Сауат ашу» пәндері бойынша оқулықтар, жұмыс дәптерлері мен әдістемелік нұсқаулықтарға алынған авторлық куәліктерім бар. Осы еңбектерімді отандық білім-ғылым саласына қосқан үлесімнің бір бөлшегі деп білемін. Қалғаны болашақтың еншісінде.

– Алдағы жоба-жоспарларыңыз қандай?

– Алға қойған жоспарларым көп. Атап айтар болсам, оқытушылық қызметіммен қатар, ғылым жолын әрі қарай жалғастырып, инклюзивті білім беру саласына жаңадан тиімді әдіс-тәсілдер енгізгім келеді. Көп ізденіп, ғылыми жобаларға, сайыстарға қатысу, студенттерімді де ғылымға баулу ойым бар. Мақалалар мен оқу-әдістемелік құралдар да жазғым келеді. Ең бастысы, осы бағыттағы еңбегімнің бәрі ел игілігіне жараса екен деймін.

– Еңбегіңіз жемісті болсын! Әңгімеңізге рақмет!

 

Нұржайна ШОДЫР.