Бір топ Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен Екібастұз қаласында болып, шаһардың қысқы маусымға дайындығын тексерді. Күн жылынғаннан бері әр көшенің бойында құбырлар жаңартылып жатқаны белгілі. Халық қалаулылары жұмыстардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын назарға алды.
Депутаттар құр өздері ғана келмей, өздерімен бірге жылу энергетикасының қыр-сырын білетін мамандарды да ала келген. Ол түсінікті де. Екібастұздағы жағдай – Мемлекет басшысының назарында. Бұрынғы олқылықтарды жіберуге жол жоқ. Әр учаскедегі әр құбырдың сапалы салынуы маңызды. Жұмыс сапары Екібастұз жылу-электр орталығынан басталды. Депутаттар жауапты басшыларға мұндағы менеджменттің сапасыз әрі технологиялардың ескі екеніне ескерту жасады. Кейін халық қалаулылары Мәшһүр Жүсіп және Абай көшелерінің бойындағы жылу магист-ралін жаңарту жұмыстарымен танысты. Түстен кейін қала әкімдігі ғимаратында шаһардың жылыту маусымына қатысты жиын өтті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарының Екібастұз қаласына жұмыс сапары барысында «Жылу энергетикасының өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде осы саланы одан әрі дамыту, ел өңірлеріндегі ЖЭО-да жөндеу жұмыстарын жүргізу және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды. Екібастұз қаласындағы жылу беру маусымына дайындық туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Хасар Хабылбеков баяндады. Ол мұнда жұмыстар бірнеше бағытта жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтсақ, Екібастұз ЖЭО дайындығы; жылу, су және электрмен жабдықтау желілерін реттеу; тұрғын үйлерді дайындау; қаланы жылумен жабдықтау жүйесін теңестіру. Биыл Екібастұз ЖЭО-да 10 қазандықты жөндеу жоспарланған, оның 8-де күрделі жөндеу жүргізіледі. Қазіргі уақытта барлық қазандықтарда қазандықты тазарту және дайындық шаралары атқарылған. Үш су жылыту қазандығында (№ 11, 14, 15) бөлшектеу жұмыстары аяқталып қалды, содан кейін жаңа жабдықты (экрандық панельдер, үрлеу желдеткіштері, түтін сорғыштар) монтаждау басталады. №7 және №9 бу қазандықтарында 10 маусымға қарай құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр, газ құбырларында жұмыстар жүріп жатыр. Қалған үш қазандық бойынша (№5, 6 және 8) тиісті жұмыстар маусым айында басталады. Станция жабдықтарының әрбір бірлігін жөндеу, яғни, тиісті шарттар жасалған сәттен бастап, өндіру, жеткізу, құрылыс-монтаждау жұмыстарына дейін облыс басшылығының тұрақты бақылауында. Кеншілер қаласының 4 жылу магистралін қайта жаңарту бойынша үлкен жұмыс жоспарлануда. Атап айтсақ, 5,4 км желі жаңартылады. Осы мақсаттарға Үкімет резервінен 9,0 млрд теңге бөлінді. Осы нысандардағы жұмыстар тамыз айында аяқталады. Екібастұзда жылу желілерін гидравликалық сынау кезінде 269 зақым анықталғанын атап өткен жөн. Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша олқылықтарды жою бойынша жедел тәртіпте жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 178 олқылық (66%) жойылды, 690 көпқабатты тұрғын үйдің 483-і немесе 70% ыстық суға қосылған. 10 маусымға дейін жылу магистральдары қайта жаңартылатын 98 көпқабатты тұрғын үйді қоспағанда, барлық үйлерге ыстық су беріледі. Бұл үйлер барлық жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 25 тамызға дейін ыстық суға қол жеткізеді. Өңір басшысының тапсырмасы бойынша көпқабатты тұрғын үйлерді алдағы жылу беру маусымына дайындау белсенді жүргізілуде. Жылу тораптарын толтыру, су жылытқыштарын сынау және тазалау, ішкі жүйені жуу 235 көп қабатты үйлерде жүргізілді (35%). Кондоминиум объектісінің басқару органы жоқ 182 көп қабатты тұрғын үйді дайындауға қала құраушы кәсіпорындар бекітілген.
Қаланы жылыту маусымына дайындау бойынша барлық қажетті іс-шаралар мерзімінде жүргізіліп жатыр және облыс басшылығының қатаң бақылауында тұр.
О.АХМАДИЯ,
Екібастұз қаласы.