Веселая роща ауылының мектебінің негізі 1975 жылы қаланған. Содан бері толық күрделі жөндеу көрмеген. Яғни, әр жылдары бірде спорт залына, бірде төбесіне, енді бірде терезе жақтауларына жөндеу жүргізілгенімен, ескірген мектеп заманға сай өзгерісті қажет етті.
Себебі, сыртқы қасбетінен бастап тозған еді. Ғимараттың сырты силикат кірпішімен қапталған болатын. Мектеп директоры Жанна Бектасованың айтуынша, сол кірпіштердің арасы айтарлықтай алшақтап кеткен. Өрт орын алғанда шығатын есіктің үстіндегі күнқағарының плитасы да зақымдалып, біртіндеп бұзыла бастаған екен. Ғимаратты айнала төселуі тиіс бетон бекіткіш мүлдем болмаған. Ал шағын орталыққа кіретін есік тіпті талапқа сай келмеген. Төбенің цементтік қабатының да тозығы жетіпті. Ғимаратты желдету желісі де сыртқа толық шықпаған. Ал суағарлар тіпті болмаған.
Мектептің ішіндегі қабырғалар мен төбелерінде де ақау, кедір-бұдыр тұстар көп болған. Сырланған жерлердің қабыршақтанып түскені де көзге оғаш көрінетін. Асханада, санитарлық тораптарда да кемшілік көп еді. Есіктерінің 80 пайызы тозған, еденнің адам көп жүретін тұстары төмен түсіп, қанша сырласа да алыстан ойығы көрініп тұрған екен. Мектептің алдында ертеде төселген асфальттың тоқсан пайызы тозып, тіпті жоқтың қасы болған. Мектепке су орталықтандырылған тораптан келеді. Бірақ, оны ары қарай асханаға тарататын жүйе, кәріз жүйесі де қарастырылмаған. Оған қоса мектепте жылу жүйесі құбырларының 80 пайызы ескіріпті. Электр желісі сымдары да қауіп төндіретіндей жағдайға жеткен. Міне, осындай жайсыздықтармен оқып келген оқушылар былтыр Білім күнін жаңарған мектепте қарсы алды.
— Күрделі жөндеуден кейін мектебіміз жақсарып қалды. Шатыры ауыстырылды. Желдету жүйесі сыртқа шығарылып, ғимараттың іргетасының айналасына бетондық бекіткіш тартылды. Жылу, су желілері мен кәріз жүйесі ауыстырылды. Электр сымдары мен жабдығы жаңартылды. Автоматты өрт дабыл беру жүйесі құрылды, — дейді Жанна Серікқызы.
Мектептің күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылы маусымда басталып, қыркүйекке дейін аяқталған. Білім
ордасының жөндеу жұмыстарын «ЛОГОТЕК КZ» ЖШС жүргізіпті. Мектепті толық жаңартуға 163 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Мектептің іші де өзгерді.
Осылайша, шалғайдағы тағы бір мектеп өзгеріп шыға келді. Бұл білім ордасында екі ауысыммен 113 оқушы оқиды. Мектепке дейінгі дайындық тобында бес бала, шағын орталықта 22 тәрбиеленуші бар. 65 қызметкер жұмыс істейді. Олар заманға сай түрленіп, жаңарған мектепте жаңаша құлшыныспен білім алуға, шәкірт тәрбиелеуге кірісіп кетті. Ата-аналар да балаларының жайлы мектепте оқып жатқанына риза.
— Жөндеу көріп, мектебіміз өзгерді. Бұрын қыста суық болып, кейде балаларымыз киіммен отырып оқитын кездер болатын. Былтыр шойын батареялар ауыстырып, заманауи түрі орнатылды. Шыны керек, көбіміз бұл батареялар үлкен ғимаратқа жылу бере алмайды деп күдікпен қарадық. Бірақ, қазір жылы, балаларымыз тіпті жеңіл аяқ киімдерін киіп жүр. Жаңа парталар әкелінді. Еденге линолеум төселіп, жақсы болып қалды, — дейді ата-аналардың бірі Гүлмира.
Жалпы, Железин ауданында 29 білім беру мекемесі бар. Соның ішінде екеуі — мектепке дейінгі балабақша, біреуі — қосымша білім беру ұйымы. Жыл сайын білім ордаларына ағымдық күрделі жөндеу жүргізіліп келеді. Аудандық білім беру бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы 5 мектепке жөндеу жүргізіліпті. 2021 жылы тағы төрт ғимарат жаңартылған. 2022 жылы 5 білім ордасы жаңа кейіпке еніпті. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жоғарыда аталған Веселая роща елді мекенінің мектебі жаңарды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,