Бүгінде кей екібастұздықтар қысқы уақыттағы сүйікті ісі — балық аулауға шыға алмай отыр. Себебі табиғатты пайдаланушылардың оларға тиісті жолдама беруге мүмкіндігі жоқ. Бұл мәселе қала әкімдігінде жеке қаралды.
Шаһар басшысы Аян Бейсекиннің айтуынша, соңғы күндері әуесқой балықшылардан биыл олардың балық аулаумен айналысудан қағылып қалуына қатысты шағымдар жиі түсуде. Олардың барлығы да негізді. Шынымен, бүгінгі таңда қала аумағында қармақты серік еткендерге арналған орын қарастырылмаған.
Белгілі болғандай, былтыр заңнама талаптарына сәйкес Қ.Сәтбаев атындағы су арнасының 8 су торабы мен ГРЭС-1, ГРЭС-2 қарасты су айдындары табиғатты пайдаланушыларға бекітілген. Алайда нормативтік рәсімдерге байланысты жануарлар әлемін пайдалануға қатысты рұқсатқағаздар әлі күнге дейін берілмеген. Сол себепті балықшыларға жолдама беретін мүмкіндік болмай отыр.
Қала әкімдігінде өткен жиын барысында бұл мәселе талқыланып, табиғат пайдаланушыларына рұқсаттамалық құжаттар берілгенге дейін тұрғындардың балық аулауына жағдай жасау бойынша ұсыныс берілді. Өз кезегінде екібастұздықтар тек рұқсат етілген көлемде балық аулауға міндеттеледі. Браконьерлік әрекеттер, қоршаған ортаны ластау жағдайлары қатаң қадағаланатын болады.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.