2 ақпан – Ұлттық басылым күні. Бұл қатардағы атаулы күн емес. Тәуелсіз Қазақ елінің келешегін ойлаған елде ұлттық құндылықтар жоғары тұруы керек. Әсіресе, жас ұрпаққа ұлттық құндылық  дегендерді айрықша насихаттау аса қажет. Сол себепті қазақ күнтізбесінде Ұлттық басылым күнінің пайда болуы — елдік көңілге үлкен қуаныш ұялататын, жүректі жылытатын атаулы күн.

Ұлттық басылым ол — әлбетте елдіктің сөзін сөйлейтін, мәселесін ышқынып айтатын, мәселенің ағы мен қарасын қатар жаза-жариялай алатын газет-журналдар. Бұл атаулы күн ХХ ғасыр басында дәл осы күні «Қазақ» газетінің алғаш жарыққа шыққан күнінен тамыр тартып отыр. Бұл символдық мәнге ие. Ұлт көшбасшылары қазақ халқының көзі ашық, көкірегі ояу болсын деп талпынып ашқан газеті, соны шығару жолында қаншама тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген.  Сол бастама өз бағасын алып, өз мақсатына жетті. Арада жүз жыл өтсе де қазақ жерінде тұңғыш ұлттық баспасөз — «Қазақ» газетінің ашылуы үлкен тарихи маңызды оқиға болып саналады. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов секілді ұлт көшбасшылары қазақтың көшке ілесуін қалады. Ескіліктің шырма-уында қалып қоймай, жаңа заманға бейімделуін көздеді. Өзге түркі халықтары арасында жұлдызы жарық, ұрпағының сауатты, ілгері болуын тіледі. Жалынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Анау қырда татар тұр. Басқалармен қатар тұр» деп ашына жырлауы – біздің намысымызды осқылауы еді. Қазақтың қараңғылықта қалып қоймауы үшін осындай Күндей жарқырап шықты «Қазақ» газеті!

Бұл жерде атаулы күн символдық мәнге ие дедік. Біздің түсінігімізше, жалпы Ұлттық басылым күнінің белгіленуі – тұтас Тәуелсіз Қазақ-станның өткенге бас иіп, келешекке тік қарауына аса қажет дүние. Ұлттық деген ұғымға сай келетін дүние көп емес. Соның бірі – басылым. Ұлттық басылым күні дегеніміз – «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шыққан күн деп қана түсінуіміз дұрыс емес. Бұл аясы тар түсінік болар еді. Бүгінде қазақ елінде ұлттың мүддесін көздеп шығатын газет-журналдар баршылық. Барлық қазақ тіліндегі газет-журналдар дерлік қазақ халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, жаны ашитын басылымдар екеніне дау жоқ.  Бірақ соның барлығының алғашқысы – «Қазақ» газеті болса керек. Демек, Ұлттық басылым күні —
барлық бүгінгі шығатын қазақ тілді, ұлттық басылымдардың арғы туған күні! Бұл мерекені барлық ұлттық басылымдар өз тамырындай танып, айрықша атап өтуге тиіс.

Айтқанымыздай,  ХХ ғасыр басында Қазақ жерінде ұлттық баспасөздің қарлығаштары пайда болды. Ұлттық, республикалық газеттермен қатар қазақтың облыстық, округтік газеттері жарыққа шықты. Солардың бірі — 95 жыл бұрын (1929 жылдың 15 ақпанында) Павлодар округтік «Кеңес туы» (қазіргі «Saryarqa samaly») газеті оқырманға жол тартты. Оны ұйымдастырушылардың басында әйгілі түркітанушы, ғалым, публицист, сұлтанмахмұттанушы Бейсенбай Кенжебаев тұрды. Бұл басылымдарда үкіметтің бастамаларын қазақ жұртына түсіндіру, насихаттаудан басқа, ұлттық мақсатты көздеген ірі тұлғалар қалыптасты.  Бұл газет-журналдарда қазақтың ұлт зиялылары жетіліп, өсіп шықты. Қазақтың қайбір жазушысын, ақынын алып қарасаңыз, газеттерде еңбек еткен болып шығады. Сондықтан ұлттық басылым әр облыста шығып тұрды деп түсінуіміз керек.

Олар үкіметтік бастамалардан бөлек халыққа керекті дүниелерді жазып жариялады. Әуелде «Кеңес туы» болып араб, кейін латын жазуы- мен шыққан газет 1940 жылдары кирилл қарпімен басылды. Елдегі ахуалға сәйкес 1930 жылы «Колхоз», 1938 жылы Павлодар жеке облыс болып құрылғанда қанатын жайып

«Қызыл Ту» атанды. Өкініштісі, 1938 жылы «Қызыл ту» газетінің алғашқы редакторы болған Әубәкір Аяпбергенов «Алашордашылармен байланысы болған» деген саяси айыппен сотталып, қайта оралмады. Жалпы, қазақ газеттері барлық нәубет-қасіретті елмен бірге тартты. Олар ұлтпен бірге жасады. Бүгінде ұлттық басылым күні күнтізбеге енгізілген кезде мерекенің осындай маңызы мен тұжырымдамасын айқын анықтап алуымыз қажет.

Тәуелсіздік уақытында да Ұлттық басылым ұғымы аса керек. Төрт тараптан ақпараттар ағылған заманда жас ұрпақты, жалпы елді дұрыс идеологиялық бағытта алып жүру аса қажет. Ұлттық басылымдардың рөлін ешқашан да әлеуметтік желілер мен сайттар, пабликтер баса алмасы хақ. Түпкі идеясы әбден пісірілген, адастыратын мақсатты көздемейтін ойлы мақалалар мен талдау-сұхбаттар ұлттық газет-журналдарда жарыққа шығуда. Енді соған жас ұрпақтың мойнын бұрып, оқытып, санасын оздыру керек. Ұлттық басылыммен тәрбиеленген ұрпақ қана келешекте азбайды. Тек рейтингтік, қылмыстық тақырыптағы, арандатушылық бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдары елді аздыруға бастайды. Сол себепті ақпараттық қауіпсіздікті ойласақ, Ұлттық басылым күнінің маңызы арта түседі. Былтыр ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Дархан Қыдырәлінің бастамасымен 2 ақпан — Ұлттық басылым күні болып жариялануында осындай терең мақсат жатыр деп білеміз.

Осы ретте, Ұлттық басылым күнін қоғамда насихаттау өзіміздің қолымызда екенін ескеруіміз керек. «Қазақ» газетіндей баспасөзіміздің тарихы жүз жылдық екенін айта келе, алдағы мың жылдық бостандығымызды жалпақ елге насихаттауға тиіспіз!

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы.