Бұдан былай Павлодар қаласының іргесіндегі Ленин кенті ресми түрде Атамекен деп аталмақ. Ағымдағы жылдың 21 қаңтары күні аталмыш елді мекеннің атауына қатысты қаулы күшіне енді.

Кенттің атауын ауыстыру мәселесі тұрғындар тарапынан көптен бері көтеріліп келген еді. Зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері бұл жөнінде қала және облыс басшыларының атына өтініш жазып, жұмыла іске кіріскен болатын. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде осыдан бірнеше ай бұрын қоғамдық тыңдау өткізіліп, жұртшылық тарапынан елді мекен атауын өзгертуге қатысты 20-ға жуық ұсыныс түсті. Соның ішінен көпшіліктің келісімі мен дауыс беру қорытындысы бойынша «Атамекен» атауы іріктеліп алынды.

– Жергілікті қоғамдастықтың ашық дауыс беруінің нәтижесінде көпшілік Ленин кентінің атауын Атамекен деп өзгертуді қолдады. Шешімнің хаттамасы өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Павлодар қаласының әкімдігі мен Павлодар қалалық мәслихатының бірлескен шешімімен қаулы қабылданды. Жергілікті қоғамдастық мүшелерінің пікірлері ескеріле отырып, облыстық ономастикалық комиссияның осы материалдарды қарауы нәтижесінде елді мекен атауын Атамекен деп өзгерту туралы шешім қабылданды, – дейді Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің бас маманы Оразбек Саяхат.

Осылайша, тұрғындар мен жергілікті қоғамдастық мүшелерінің ортақ шешімімен елді мекенге жаңа атау берілді.

Айта кетерлігі, бұл ауылға Ленин атауы 1965 жылы берілген екен. Енді ғана Атамекен атауын алған кент жыл сайын өсіп-өркендеуде. Халық саны да артып, бүгінде 10 мыңнан асқан. Олардың арасында 20-дан астам ұлт өкілі бар және барлығы тату-тәтті өмір сүруде.

 

Нұржайна ШОДЫР