Егер сіз ыңғайлылықпен саяхаттауды армандап, көлікпен еліміздің көрікті жерлерін аралағыңыз келсе, тіркемелі тұрғын үй — таптырмас шешім. Шетелдерде жылжымалы үйде тұру таңқалатын дүние емес. Біздің аймағымызда да тіркемелі тұрғын үйге қызығушылық танытатындар қатары аз болмаса кем емес. Мәселен, Май ауданы Көктөбе ауылының тұрғыны Ерлік Тайшыбаев көлікке тіркелетін үй жасаған. Шебердің жасаған бұл туындысы бүгінде көпшіліктің қызығушылығын туғызып отыр.
Ерлік Тайшыбаевқа бұған дейін иелігінде өндірістік база, арнайы алаң және металмен жұмыс істеуге арналған құрал-жабдықтары жеткі-лікті болған соң ауылдастарына техникалық тұрғыдан көмектесіп келеді. Яғни, осы құралдардан тіркеме, шағын тракторлар құрастырады.
Кейін біздің өңірде саяхаттауға арналған дөңгелектегі үйлер саусақпен санарлық болғандықтан оны өз қолымен құрастыруға бел буыпты. Идеясын жүзеге асыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кәсіпкерлікті қолдауға бағытында 2,5 пайызбен берілетін 6 млн теңге несиесін алған. «Жарты жылға жуық уақытта жасалған бұл көліктің өзге автоүйлерден сырттай айырмашылығы болмаға-нымен, сапасы мен техникалық мүмкіндігі жоғары», — дейді шебер.
— Өткен жылдың тамыз айында несие алған соң, бұл істі бірден бастап кеттім. Қажетті материалдарды, құрал-саймандарды сатып алдым. Іші де, сырты да кәсіби металлдан құрастырылды. Жұмысты желтоқсан айында аяқтадым. Ал көліктің қабыр-ғасы қыстыгүні аяз өткізбейтін арнайы материалмен қапталған. Сол себепті, қыс мезгілінде де тұруға болады. Бастысы, кез келген көлікке тіркеледі. Салмағы 700 келі. Тіркемелі тұрғын үйге жаңа технологияны ендіріп, заманауи үлгіде жасауға тырыстым. Оның сәулеті мен ішіндегі тазалығы барлығы да алдын ала ескерілген. Қазір бұл үйге қызығушылар көбейіп отыр. Мәселен, Атырау, Ақтөбе өңірлерінен қызығушылық танытқандар бар. Ал қазір қыс мезгілі болғандықтан сұраныс аз. Негізі жалға беруге дайынбыз, — дейді Е.Тайшыбаев.
Шебер дөңгелектегі үйді құрастыру барысында алдымен үйдің эскизін қағазға түсіреді. Кейін қажетті материалдың өлшемін алып, оны компьютерлік сандық басқару арқылы кесіп алады. Барлық бөлік дайын болғаннан кейін бөлшектерді жинай бастайды. Бір қызығы, барлық бұрыш зауыттағыдай теп-тегіс.
Ұзындығы 3, биіктігі 1,9 метр болатын отбасылық демалысқа арналған автоүйде өмір сүруге қажеттінің бәрі бар. Мәселен, 3-5 адамға арналған жиналмалы төсек, тамақ ішетін орын, су, газ, жарық, тоқ, жылумен қамтамасыз етілген. Жылу газ арқылы жүреді.
— Бұл тіркеме үй кез келген көлікке тіркеле береді. Сонысымен көпшілігіне ыңғайлы. Жасау барысында әртүрлі идеяларды жүзеге асырдық. Үйді еденінен бастап құрастырдық. Электр сымдарын тартып, салқындатқыш пен жылу құбырларын жүргіздік, — дейді ол.
Дөңгелектегі үйдің артықшылықтары баршылық. Біріншіден, онымен кез келген жерге саяхаттау болады. Екіншіден, оның құрылысында қайта өңделген материалдар қолданылады. Осылайша, ол қоршаған ортаға кері әсер етпейді. Сондай-ақ, оны құны қарапайым жалдамалы үйлерден немесе пәтерлерден қарағанда анағұрлым арзан.
Шебердің сөзінше, бұл үй көбінесе балықшыларға, аңшыларға, шаруа қожалықтарына арналған. Әсіресе, төрт түлік малды асырап отырған ауыл тұрғындарына қажет деп санайды.
— Көп жағдайда тұрғындар малын ауыл ішінде емес, сыртта бағады. Сол себепті, жазда күннің астында, ал қыста боранда жүруге мәжбүр. Ал мына үй сол ыстық пен суықтан сақтайды. Демалуға және саяхаттауға да ыңғайлы, — дейді ол.
Ерлік Тайшыбаев, бұл кәсіптен бөлек, жоғарыда айтып кеткендей, шаруашылыққа қажетті шағын трактор құрастырумен айналысады. Бүгінде кішігірім ауылшаруашылығы техникасына жергілікті шаруа қожа-лықтары қызығушылық танытқан. Еліміздің басқа өңірлерінен де тапсырыс берушілер табылып жатыр. Әмбебап техниканың бағасы арзан болғанымен атқаратын қызметі орасан зор көрінеді.
Ол «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы ұтып алған 5 млн теңге грантты пайдаланып, екі жыл бұрын шағын тракторлар өндірісін жолға қойған. Әмбебап техника 15 түрлі жұмысты атқара алады. Шөпті шауып, жинау, картоп отырғызу, қыста қар күреу сияқты ауылдың бітпейтін шаруаларын лезде дөңгелетіп тастауға болады. Оның үстіне ол техникалық бөлшектерді ыңғайлы етіп шебер құрастырған. Ауылдасының ғажайып, әрі қолже-тімді тракторларын көргендер
арнайы келіп тапсырыс береді. Және олардың саны артуда.
– Трактор өте шағын, кез келген ғимараттың есігінен еніп кетеді. Жақтауы да мықты, ауыр жүктерді көтере береді. Үй маңындағы жұмыстарды оның көмегімен тез атқарып шығамын. Малдың астынан шыққан тезекті аулаққа апарып төгу, қар тазалау, шөп тасу шаруаларының барлығы – соның мойнында. Бір жақсысы, қытайлық тракторлардағы секілді күрделі гидромотор, түрлі қымбат резеңкелер мен техникалық шлангілер мұнда жоқ, қарапайым жүйе орнатылған. Бөлшектері істен шықса, жаңасы базарда арзан тұрады. Гидравликалық жүйесіне құйылған техникалық май да қарапайым әрі арзан екен, – дейді ол.
Ауыл – қазақ елінің жүрегі. Өрке-ниетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны бөлек екені бәріне аян. Ал ауылды өркендету – ұлттық экономикамыз бен мәдениетімізді жаңғыртудың тірегіне айналмақ. Ауылға көңiл бөлу, оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс. Бұл жолда атқарылған, алдағы уақытта атқарылар жұмыс аз емес.