Ғасырға жуық тарихты еңсеріп, оқырман қолында парақ-талып келе жатқан облыстық «Saryarqa samaly» газеті осы уақыт ішінде талай белестерден өткені мәлім. Соның ішіндегі ең елеулісі — кеңестік жүйенің жүгенінен біржолата құтылып, жаңа тәуелсіз атауға ие болған сәті. Яғни, биыл қыркүйек айында қолыңыздағы газеттің «Сарыарқа самалы» деп өзгергеніне 35 жыл толып отыр.
2026 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ елінің ең құнды әрі киелі ұғымына айналған Тәуелсіздігімізге — 35 жыл. Тарихқа қайта көз жүгіртер болсақ, облыстық газет өз тәуелсіздігін мемлекеттен де бұрын алып қойған екен, бұл 1991 жылдың 26 қыркүйегі еді. Бір сөзбен айтқанда, елдегі демократиялық сілкініс, азаттыққа деген ұмтылыс жергілікті журналистер қауымына алдымен әсер етіп, оны іс жүзінде дәлелдеген. Осыдан тура екі ай он күннен кейін мемлекетіміз өз Тәуелсіздігін жариялаған еді.
Иә, облыстағы жалғыз қазақ газетінің тарихы тым тереңде жатыр. Газеттің алғашқы саны 1929 жылдың 15 ақпанында шығып, бірнеше мәрте өзгеріске ұшыраған. Атап өтер болсақ, жаңа тәуелсіз атауға дейін «Кеңес туы», «Колхоз», «Қызыл ту» деген атаулармен жарық көріп, мемлекеттің ең негізгі идеологиялық құралы болды. Ал елдегі егемендікке деген серпілістен кейін онсыз да қиып түсер қылыштай өткір тілді журналистер бірден аттарына қонып, алдымен ұлттың үнжариясын құлдық санадан құтқаруға кіріскен. Бәлкім, «Басылымы тәуелсіз елдің баласы да тәуелсіз» деген қағидаға жүгінген болар.
Облыстық газеттің сол кездегі бас редакторы Әлқожа Мұхамеджановтың естелігіне сүйенер болсақ, «Қызыл тудың» атауын өзгерту мәселесі 1990 жылдың басында көтерілген. Бірақ бұл бастамаға басында басылым құрылтайшылары, облыстық партия комитеті қарсы болған. Кейін ұжым ақылдаса келе, бұл мәселені облыстық халық депутаттары кеңесіне қарауға ұсынады. Бұл кеңесте өзге ұлт өкілдері басым болғанымен, журналистердің темірдей талабы оларды ойландырып жіберді. Ал газетке жаңа атау табу бойынша арнайы конкурс жарияланған. Жер-жерден түскен ұсыныстар саны сексенге жетеді. Олардың қатарында «Шамшырақ», «Азаттық үні», «Жаңғыру», «Ертіс толқыны», «Халық жаршысы» және басқа да атаулар болған. Ұжым солардың арасынан ең ұнамды, көңілге қонымды әрі географиялық аймақтың ерекшелігін ескере отырып, «Сарыарқа самалы» деген атауға тоқталған. Яғни, Павлодар облысы Сарыарқа атырабына жатпаса да, сол даланың салқын самалы бізге жетеді деген ұғым екені айдан анық. Сонымен, жаңа таңдалған атау 1991 жылдың 13 қыркүйегінде халық депутаттары Павлодар облыстық Советінің кезектен тыс VIII сессиясының күн тәртібінде қаралып, арнайы Қаулымен бекітілді. Ал Ертіс-Баян жұртының оқырмандары халықтың рухани сұранысына сай «Сарыарқа самалы» болып жаңарған газеттің алғашқы санын 1991 жылдың 26 қыркүйегі, бейсенбі күні алған.
Осы нөмірдің бірінші бетіне бас редактор Әлқожа Мұхамеджановтың «Ізгілік — үніміз, әділет — туымыз» атты мақаласы басылды. Онда: «Құрметті дос, Сіз бүгін «Сарыарқа самалының» алғашқы санын алып отырсыз. Бұл –
62 жыл бойы өзіңіздің сенімді серігіңіз, сырлас досыңызға айналған облыстық қоғамдық-саяси газет «Қызыл тудың» заңды жалғасы. Сонымен бірге оның тыныс-тіршілігімізді, ой-талғамымызды бүтіндей өзгертуге әсер еткен қоғам өміріндегі соңғы уақиғаларға байланысты алға қойған мақсаты, айқын бағыт-бағдарламасы бар. Үстіміздегі жылғы қыркүйек айының 13-жұлдызында болып өткен облыстық Советтің кезектен тыс VIII сессиясы «Сарыарқа самалы» газетінің құрылтайшылары етіп халық депутаттары облыстық Советі мен осы газеттің журналистер коллективін бекітті. Газеттің атқарар қызметі мен арқалар жүгі де осыған тікелей байланысты болмақ. Олардың бастылары: Павлодар облысының саяси, әлеуметтік және рухани өмірін кеңінен қамтып жазу, сондай-ақ, өз оқырмандарын республикада, елімізде және дүниежүзінде болып жатқан маңызды уақиғалардан хабардар етіп отыру», — деп жүрекжарды сөзін арнайды.
Уақыт бір орнында тұрмайтын керуен іспетті. Содан бері жылыстап өткен 35 жыл ішінде бұл редакцияда талай игі жақсылар еңбек етті, қаламы қарымды журналистер ұлт мүддесі үшін күресті. Олардың әрқайсысы бір-бір тарихи тұлғаға айналып, сарғайған архивтерде тарих қойнауына еніп барады. Солардың бірі –
Қазақстанның Құрметті журналисі Тұрсынбай Ибадуллин. Ол — 1991 жылғы қайта түлеу кезінің ең басты куәгері. Тәуелсіздікпен қатар келген ұлы өзгеріс тұсында осы редакцияда еңбек етіп жүріп, барлығын өз көзімен көріп, жан-жүрегінен өткізген жан. Ардагер журналистің сөзінше, бұл атауды сол кездегі бас редактор Әлқожа Мұхамеджанов өзі ұсынып, оны ұжым бірауыздан қолдап әкеткен.
– Облыстық газеттің редакциясы ерлік іске барды деп айтуға болады. Қазақстан Тәуелсіздігін жарияламай тұрып, біздің газет атауын «Сарыарқа самалы» деп өзгертті. Бұл сол кезде ұлы мұрат жолында қызмет етіп жүрген азаматтардың, бұқара халықтың бойына сенім ұялатты. Баршамызды ел тәуелсіздігін сүйіншілегендей әсерге бөледі. Жалпы, «Сарыарқа самалы» деген атаудың өзі еркіндік пен бостандықты паш етіп тұр, — дейді бір естелігінде Тұрсынбай Ибадуллин.
Осы 35 жыл ішінде облыстық «Saryarqa samaly» газеті ұжымында оқырманға сүйіншілеп жеткізер жетістіктері көп болды. Қайта бір еске салар болсақ, 2000 жылы газет ұжымына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаты берілді. Ол кезде газеттің бас радакторы Мұхит Омаров еді. 2014 жылы
85 жылдық мерейтойының құрметіне «Үздік аймақтық газет» аталымы бойынша «АЛТЫН ЖҰЛДЫЗ» (Бас редакторы – Асыл Әбішев) сыйлығымен марапатталды. Мерзімді баспасөз саласындағы ең мәртебелі жалпыұлттық сыйлықты Қазақстан Журналистика Академиясының Президенті Сағымбай Қозыбаев табыстаған. Ал 2022 жылы «URKER» ұлттық журналистика сыйлығын «Үздік өңірлік БАҚ» (Бас редакторы –
Нұрбол Жайықбаев) номинациясы бойынша жеңіп алды.
Әрине, мемлекет берген марапат пен билік ұйымдары ұсынған атақ-дәреже газеттің шынайы бағасының өлшемі емес. Газеттің әрбір саны өздеріңіз секілді көзіқарақты оқырманға арналып әзірленетіндіктен, шынайы бағасын беретін – қарапайым халық. Осы тұрғыдан алғанда, «Saryarqa samaly» газеті жылдың төрт мезгілінде оқырманмен бірге болып, мұңы мен мұқтажын тыңдайтын сенімді серігі бола алды деп санаймыз.
Тілеуберді САХАБА.
