Нағыз ұстаз ұрпаққа білім берумен қатар, шәкірттің бойындағы қабілетті танып, оны дамытып, ғылымға деген қызығушылығын ояту үшін еңбектенуі тиіс.
Міне, сондай педагогтардың бірі – Павлодар қаласындағы дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының биология пәні мұғалімі Олжас Бекенұлы Әмзеев. Ол жас болса да, білікті маман екенін көрсете білді. Таяуда Мемлекет басшысының қолынан «Шапағат» медалін алды.
Олжас Бекенұлы 2002 жылғы 2 тамызда Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 2023 жылы Жезқазған қаласындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатында биология пәнінің мұғалімі болып бастайды. Ал 2025 жылы Павлодар қаласына қоныс аударып, осындағы ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатында педагогикалық қызметін абыроймен жалғастырады.
Жас ұстаз әрдайым өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, әр оқушының жеке қабілетін ашуға және ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Сабақ барысында теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, шәкірттерін көп ізденуге, алған білімдерін ғылыми тұрғыдан талдауға баулиды. Соның нәтижесінде, жас ұстаздың оқушыларды түрлі интеллектуалдық сайыстарға дайындау, олимпиадалық қозғалысқа қызығушылығын арт-
тыру бағытындағы еңбегі өз нәтижесін беріп келеді. Бүгінде оның тәрбиеленушілері республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі бәсі биік білім додаларынан олжалы оралуда. Тек 2026 жылы Олжас Бекенұлының оқушысы Ерсұлтан Қайыркен халықаралық биология олимпиадасында (IBO) күміс медаль, ал OIBO олимпиадасында алтын медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, Нұрәли Билялов есімді шәкірті OIBO халықаралық олимпиадасында күміс медаль иеленді. Бұл нәтижелер – оқушылардың табандылығы мен білімге деген ұмтылысының ғана емес, оларды дайындаған ұстаздың кәсіби еңбегінің де жемісі екені сөзсіз.
Атап өтерлігі, республикалық деңгейдегі білім додаларында да шәкірттердің жетістігі аз емес. 2025–2026 оқу жылдарындағы «Қазақстан Білім Олимпиадасы» республикалық олимпиадасында Әлимұхаммед Саматұлы, Ерсұлтан Қайыркен, Аңсар Ғабдулжағыпар және Нұрәли Билялов есімді балалар алтын медальдарға ие болды. Ал Ағанияз Жұмасіл мен Аңсар Сәкенов қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар, 2026 жылы нейробиологиядан өткен «Brain Bee» олимпиадасына қатысқан оқушылары да алтын, күміс медальдармен оралғанын атап өткен жөн.
Иә, ұстаздың кәсіби шеберлігі шәкіртінің жетістігінен көрінсе, нағыз педагогтың ең үлкен жеңісі –
оқушысының ғылымға деген қызығушылығын оятып, оның болашаққа сеніммен қадам басуына ықпал ете білуінде. Бұл ретте, Олжас Бекенұлының өз білімін үздіксіз жетілдіріп, түрлі заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануға ұмтылатын еңбекқор ұстаз екенін байқауға болады. Оның осындай ізденімпаздығы, шәкірттеріне талап қоюмен қатар, қолдау көрсете білуі жас буынның интеллектуалдық және ғылыми әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Жас педагогтың әрбір жетістігі – оның кәсіби ізденісінің айғағы болса, шәкірттерінің халықаралық және республикалық олимпиадалардағы жеңістері – ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы. Білім бәсекесінде ел намысын абыроймен қорғай алатын дарынды ұрпақ тәрбиелеу – кез келген ұстаз үшін зор мәртебе. Осы жолда тынбай еңбектеніп жүрген Олжас Бекенұлына әлі де шәкірттерінің биік белестері көбейе берсін деп тілейміз.
Нұржайна ШОДЫР.
