Өткен аптада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының облыстық филиал басшысы Болат Аманжоловтың төрағалығымен көктемгі егістік жұмыстарына дайындық шаралары пысықталып, аграрлық сала бойынша кеңейтілген жиын өтті. Отырысқа қатысушылар тұқым және өсімдік шаруашылығы бойынша бірқатар өзекті мәселені көтеріп, мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттарымен танысты.

Ауыл шаруашылығының ауқымды мәселелері күн тәртібіне көтерілген алқалы жиынға «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» Павлодар облыстық филиалының төрағасы Ерлан Тоқтышақов, Шығыс Қазақстан облысының «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің құрылтайшысы Фарид Әбітаев және жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. Отырыс барысында ауыл шаруашылығы дақылдарына тұқым мен тыңайтқыш сатып алу және импорттық өндірушілерден тұқым алудың оң және теріс жақтары талқыланды. Сондай-ақ, жиында азық-түлік өнімдерін көбейтіп, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету, бұл тұрғыда диқандар мен шаруалардың мәселелерін шешіп, оларға көмек көрсету басты міндет екені баса айтылды.

«Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің басшысы Фарид Әбітаев Қазақстандағы майлы дақылдар селекциясының перспективалары туралы айтып, тиімді ауыл шаруашылығы бизнесін жүргізу тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, ол жеке селекционер тұрғысынан ҚР-дағы тұқым нарығының жағдайы мен даму перспективалары, селекция проблемалары туралы айтып берді.

— Негізінен тұқым сатумен айналысамыз. Басым бағытымыз тұқым сату десек те болады. Тұқым сатудан кейін жергілікті өндірушілермен (ұн тарту комбинаттары, құс фабрикалары және басқа да салалық компаниялар) жұмыс істейміз. Олар — біздің негізгі тұтынушыларымыз. Біздің өнімдеріміздің басым бөлігі Қазақстанда сатылғанымен, аздаған көлемді экспортқа да жөнелтеміз. Тұқым шаруашылығымен айналысатындықтан, қуаты жоғары кептіргіш қондырғымыз бар. Тұқым кептіру кезінде тұқымның өнгіштігі жоғалмайтындай, сәйкесінше өнімділік төмендемейтіндей, 40-45 градустан аспайтын температура беріледі. Ал тауарлық өнімді 120 градус кезінде кептіреміз, бұл кезде өнімділік 10 есе артық. Сондықтан да барлық шаруаларға дымқыл, проблемалы дақылдарды кептіруге арналған жеке кептіру қондырғыларына ие болуға кеңес беремін. Себебі өсімдік шаруашылығында сапалы тұқымның атқаратын рөлі өте маңызды. Біз өзімізді аса сапалы шикізатпен қамтамасыз еткен жағдайда ғана шаруалардың табысы, олардың сатып алушылық қабілеті одан әрі мультипликативтік нәтижені арттырмақшы.  «Тұқымына қарай өнімін бағала» демекші, бәрі тұқымға байланысты. Сапалы тұқым пайдалансақ, онда шамамен 4-5 еседен артық сапалы өнімге қол жеткіземіз, — деді Ф.Әбітаев.

Сонымен қатар, жиында «Қазақ-стан фермерлері қауымдастығы» Павлодар облыстық филиалының төрағасы Ерлан Тоқтышақов сөз сөйлеп, еліміздің агросекторы жыл сайын қаржы тапшылығынан зардап шегетінін алға тартты. Оның айтуынша, шаруалардың шығындары жеткілікті көлемде өтелмейді, беріліп отырған қаражат та мардымсыз. Сол себепті көктемгі егістікке дайындықты дұрыстап жүргізу үшін қысқа мерзімде бірқатар мәселені шешіп үлгеру қажет. Мәселен, тұқым алуға ақша бөлу, соның ішінде форвардтық сатып алу арқылы диқандар ол тұқымдарды өздері таңдап алуы керек.

— Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2024 жылы астық өндірушілерге ауылшаруашылық дақылдарының негізгі 11 түрін егу үшін шамамен 864 млрд теңге қажет екен. Ал жыл сайын шығындар кем дегенде 25 пайызға өсіп отыратынын ескерсек, биыл бұл сома шамамен 1 трлн-нан асады деуге болады. Ендеше мемлекеттің көктемгі егіс жұмыстарына бөліп отырған 180 млрд теңгесі жалпы қажеттіліктің тек 17 пайызын ғана жаба алады, —
деді ол.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабар-лағандай,  биыл жергілікті бюджеттерден тұқым шаруашылығына – 12,8 млрд, минералды тыңайтқыштарға – 32,5 млрд, ал пестицидтерге 33,7 млрд теңге субсидия қарастырылған. 2024 жылғы егін егуге 2,4 млн тонна тұқым қажет. Оның 92 пайызы дайын, яғни фермерлер 2,2 млн тонна жаздық дақыл қорын жинап қойған. Сараптамаға соның 1,4 млн тоннасы түссе, тексерілген көлемінің 79,1 пайызы кондицияланған, демек, тұқымға жарамды деп танылды. Олар егу стандартының 1-ші және 2-ші класына сәйкес келеді. Ал минералды тыңайтқыштар бойынша биылға қажет 718,8 мың тоннаның 56 пайызы елімізде өндіріледі. Олар – 400 мың тонна аммиак селитрасы мен аммофос сынды отандық өнімдер.

А.МҰҚЫШЕВ.