Шегірткенің басып кіруінің алдын алу үшін үстіміздегі жылы үкімет қосымша 4 млрд теңге бағыттайды. Тиісті қаулыға Үкімет басшылығы қол қойды.

– «Үкіметтің резервінен олардың жаппай дамуы мен таралуын, жайылымдардың зақымдануын, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктерінің жойылуын, сондай-ақ, олардың көрші мемлекеттердің іргелес аумақтарына қоныс аударуын болдырмау үшін барлық болжамды алаңда табын шегірткелеріне қарсы химиялық өңдеулерді толық көлемде жүргізуді қамтамасыз ету бойынша шұғыл шығындарға 3,9 млрд теңге бөлінді», – деп хабарлады үкіметте.

Елімізде табын шегірткелерінің таралу алқаптарының артуы байқалады. Мәселен, 2020 жылы – 514 мың гектар, 2021 жылы – 626 мың гектар, 2022 жылы – 975 мың гектар. Ал 2023 жылы 1585 мың гектарға таралу болжанып, іс жүзінде 1616 мың гектар өңделді. Шегірткелердің таралуының 11 жылдық циклінің шыңы 2023-2024 жылдарға келді.

– «Бұған дейін ағымдағы жылы 1270,6 мың гектар аумақты өңдеу үшін республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлінген болатын. Алайда, 2024 жылы табын шегірткелерінің таралуының нақтыланған болжамы ұлғайып, 2,5 млн гектарды құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1 млн гектарға артық. Бөлінген қосымша қаражат 1,3 млн гектар алаңда табын шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеулер жүргізуге бағытталатын болады», – деп нақтылады үкіметте.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан аумағында табындық (азиялық шегіртке, итальяндық қызыл шегіртке және марокколық шегіртке) және табындық емес шегіртке түрлері таралады. Табын шегірткелеріне қарсы қорғау іс-шараларын ұйымдастыру республикалық бюджет қаражаты есебінен пестицидтерді және оларды сақтау, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерді сатып алу жолымен жүргізіледі.

А.МҰҚЫШЕВ.